Күні кеше ғана ТикТок десе, бірер жасөспірімнің уақыт өткізетін ойынсауығы елестейтін. Ал бүгінде бұл қосымша – әлем бойынша ең көп жүктелетін платформалардың біріне айналып, тұтас буынды өзіне тәуелді етіп отыр. Қазақстанда TikTok қолданушыларының саны 5 миллионнан асып жығылады. Олардың басым бөлігі – мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер.

Сурет: pexels.com
Цифрлы дәуірдің бізге бергені көп. Бірақ TikTok тәрізді платформалардың кері әсері жайлы ашық айту – қоғам алдындағы жауапкершілік. Себебі бұл тек бос уақытты құр сарп етумен шектелмейді. TikTok бүгінде ойлау жүйесіне, психологияға, тіпті өмірге деген көзқарасқа әсер ететін құралға айналды.
TikTok-тың алгоритмі санаға тым тиімді бейімделген. Қызықты, қысқа, көз қарықтырар видеолар, қолданушыны ұзақ уақыт платформада ұстау үшін арнайы жасалады. Соның салдарынан жасөспірімдер 2-3 минутта бір ақпаратқа назар аудара алмайтын күйге түсіп жатыр. Мамандар мұны «қысқа назар синдромы» деп атайды.
Америкалық зерттеу институтының мәліметінше, TikTok-ты күн сайын 1 сағаттан артық қолданатын балалардың 68%-ы назар шоғырландыруда қиындыққа тап болған. Тағы бір зерттеуде платформада 90 минуттан артық отыратын жасөспірімдер арасында ұйқысыздық, күйзеліс пен мазасыздық белгілері екі есе жиі кездескені айтылған. Сонымен қатар британдық ата-аналар бұл әлеуметтік желіні сотқа берген. Себебі 2022 жылы Шотландия мен Англиядағы 12-14 жастағы балалар TikTokтағы қауіпті трендті* қайталаймыз деп көз жұмған.
Маман не дейді?
Бұл әлеужелінің бала денсаулығына келтіретін басқа да зияндары туралы білу үшін маман көмегіне жүгіндік.
– Бүгінгі таңда TikTok – жастар мен балалар арасында кеңінен таралған әлеуметтік желілердің бірі. Бұл платформаны жиі қолданатын мектеп жасындағы балаларда мазасыздық, өзін өзі төмен бағалау, шындық пен виртуалды әлемнің арасын ажырата алмау сияқты психологиялық қиындықтар жиі кездеседі.
Соңғы уақытта бізге келіп жатқан балалардың көбінде ашуланшақтық, ұйқының бұзылуы, бас ауруы, сөйлеу дағдысының кеш қалыптасуы, тіпті паникалық шабуыл сынды белгілер жиілеп отыр. Неврологиялық бөлімге ата-аналар «Баламыз ұйықтамайды», «Телефонын алып қойсақ жылайды», «Тілі шықпаған» деген шағыммен жиі келеді. Медициналық көмектен кейін жағдайы жақсарғанымен, үйге шыққан соң телефонды қайта қолдана бастағанда белгілер қайта оралады. Өкінішке қарай, ата-аналар бұл мәселенің маңызын жете түсінбейді. Мысалы, 13 жастағы қыз бала телефонын анасы уақытша алып қойған соң екі күн бойы тоқтамай жылады. Кейбір жағдайда талма ауруы бар балаларда телефонды алып қойған кезде ұстама (судорога) ұстауы тіркелген. Бұл – шынайы көрініс. Ал 3 жасқа дейінгі балаларда сөйлеу дағдылары қалыптаспаған, оларды ата-аналары тек телефонмен жұбатуға үйретіп қойған.
Тағы бір ауыр жайтты мысал ретінде келтіргім келеді. Соңғы уақытта TikTok-та жастар арасында кең таралған бір ойын пайда болған. Бұл ойын гипноздық әсерге ұқсайтын механизмге негізделген: бір бала көзін жұмып жатады, ал екіншісі оның шекесін уқалап, қайталанатын сөздер айту арқылы оны ессіз (транс) күйге түсіруге тырысады. Мұндай тәжірибелердің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда балалар кенеттен есін жоғалтып, эмоциялық тұрақсыздыққа тап болады. Мысалы, бақылаусыз жылау, үрей орын алуы мүмкін. Мұндай күйдегі баланы сабырға келтіру үшін медициналық көмек те қажет болуы ықтимал. Ауыр жағдайларда ойынды ұйымдастырған немесе қатысқан балалар өзін кінәлі сезініп, терең күйзеліске түсіп жатады. Бұл өз кезегінде бала психикасына орны толмас жара салуы мүмкін.
Осы және осыған ұқсас басқа да жағдайлардан кейін біз бір баланың толық диагнозын анықтауға кемінде 40 минут жұмсаймыз, ал толық психологиялық қалпына келтіру үшін 2 аптадан 3 айға дейін үздіксіз жұмыс істеу қажет болады.
Сондықтан ата-аналар баланың TikTok немесе смартфон пайдалануы жай көңіл көтеру емес, оның санасы мен жүйке жүйесіне тікелей әсер ететін фактор екенін түсінуі тиіс. Баламен ашық сөйлесу, уақытты бірге өткізу, телефонды шектеумен қатар, оны алмастыра алатын қызықты, пайдалы балама ұсыну – ата-ананың басты міндеті, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының психологі Арай Рысқалиева.
Қазақ қоғамындағы қауіп TikTok-тың өз ішкі ережелері мен шектеулері болғанымен, ол шын мәнінде балаларға арналып сүзгіден өтпейді. Қазақстанда ата-аналардың басым көпшілігі баласының не көріп, не тыңдап жүргенін білмейді. Ал TikTok-та кейбір балалар ересектерге арналған контентті емін-еркін тұтынып отыр.
– Мұғалім ретінде мені алаңдататыны – балалардың зейінінің тұрақсыздануы, сабақта ұзақ отыра алмауы, бір нәрсеге назарын шоғырландыруы қиындап кеткені. Бұл, әрине, TikTokтағы бейнелердің тым қысқа әрі жылдам ауысып отыруымен байланысты. Мұндай ақпарат ағынына үйренген бала шынайы өмірдегі сабырлы, бірізді оқу процесінен жалығып кетеді. Сабақта да байқаймын, бұрын зейінді, сабырлы оқушылар енді үнемі телефонға алаңдап отырады, бір сәт зейіні басқа нәрсеге бөлінсе, қайта оралуы қиын.
Сонымен қатар TikTok-тағы түрлі «челлендждер» балалар арасында трендке айналып, олардың қауіпсіздігіне де нұқсан келтіріп жатыр. Кейде тіпті бала не істеп отырғанын толық түсінбейді, тек танымал болу немесе «лайк жинау» үшін түрлі әрекеттерге барады. Тағы бір өзекті мәселе – кейбір балалар TikTok-тағы мазмұн арқылы өз жасына сай емес дүниелерге тап болып жатыр. Бұл – олардың психологиясына кері әсер ететін маңызды фактор. Кейде ата-аналар тарапынан «балам үйде тыныш отырса, болды» деген қате түсінік болады. Ал шын мәнінде, сол «тыныш отырған» баланың санасына қандай ақпарат еніп жатқанын, не көріп отырғанын көбі ескере бермейді. Сондықтан мен мұғалім ретінде ата-аналарға мынадай кеңес айтқым келеді: балалармен ашық сөйлесіп, TikTok-та не көріп жүргенін, не қызықтыратынын бірге қарап отырыңыздар. Уақытты шектеп, баламен бірге келісіп пайдалану өте маңызды. Баланың өміріндегі ең басты құндылық – отбасы, шынайы қарым-қатынас, білім екенін түсіндіру ата-ана мен ұстаздың бірлескен жұмысы болуы тиіс.
TikTok – толығымен жаман платформа емес. Бірақ оның тәрбиелік, психологиялық, мінез-құлықтық әсерін, содан бала мінезі өзгеретінін бақылаусыз қалдырсақ, болашақта орны толмас салдарларға әкелуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн – дейді Жаңақала аудандық №3 ЖОББМ мұғалімі Алтынай Қыденова.
Сондай-ақ TikTok жастар арасында «танымал болудың ең жылдам жолы» ретінде қабылданған. Алайда лайк пен қаралым қуған бала өз қадірін емес, кадрды бірінші орынға қояды.
– Қызым әлі кішкентай болса да, TikTok-та парақшасы бар. Басында тек би билеп, көңіл көтеріп жүр деп ойладым. Бірақ бір күні телефонын қарап отырып, оған ересек ер адамның түрлі мазмұндағы хабарламалар жазатынын, тіпті Каспи қосымшасына азынаулақ ақша салғанын байқап қалдым. Бұл жағдай мені шошытты. Қазір парақшасын бақылайтын болдық, тіпті қосымшаға шектеу қойдық. Мұндай жағдай басқа балалардың да басынан өтіп жатуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар балаларының желідегі белсенділігіне өте мұқият болуы тиіс деп есептеймін, – дейді Орал қаласының тұрғыны Нұргүл Қапезова.
Бір жағынан, TikTok-тың пайдасы да жоқ емес: білім беру бағытындағы контент, кәсіпкерлікке баулу, креатив ойды дамыту сияқты жақсы үлгілер жетерлік. Бірақ мәселе – оның не үшін және қалай қолданылатынында.
P.S. Жаһандану дәуірі тоқтап қалмайды. Алайда оған жұтылып кетпеудің жалғыз жолы – саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыру. TikTok – құрал, бірақ санаңды билеп алса, онда ол – тұзақ.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»