4.07.2023, 12:15
Оқылды: 45

Тіл мәселесінің көлеңкелі тұстары қашан күн бетін көрмек?

Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін... Дәл қазір осылай күн кешіп жатқан жайымыз бар. Өйткені, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің мәселесі күрмеуі шешілмеген нағыз проблемаға айналды. Бұрынғы қазақ әдебиеті, қазақ тіліміздің саяси дамуы,  халқымыздың тілдік құқығын қорғау бастамасы Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтардың  сара жолынан бастау алған болатын. Сол кездері, тілімізде ешқандай мәселе жоқ еді. Себебі, тіл мәселесін зиялы қауым өкілдері ұлықтап, айрықша көңіл бөлді. Ал қазір ше? Бүгінде өз алдына тәуелсіз, егемен елдің  қатарындағы іргесі биік елдің біріміз. Алайда, мемлекет жағдайындағы тіл мәселесінің ахуалы мәз емес. 

калам

Әр ұлттың тілі - сол ұлттың жаны. Біздің тіліміз - мемлекеттік қазақ тілі. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі» статусын 1989 жылы 22 қыркүйегінде иеленді. Одан бері қаншама уақыт өтсе де, жылтыраған сандар мен мемлекеттік тілдің әлауқатын жақсартамыз деген шүбәсіз сөздер бүгінгі күнге дейін қағаз күйінде орындалып келетіні жасырын емес. Ауызекі тілде қазақ тілімізді шындығында ұмыттық. Іс-қағаздарды ара-арасында қазақ тілінде жазғанымызбен көп дәйектемелер орыс тілінде көрсетіледі. Бұл кемшілік мемлекет тарапынан кетіп отыр дейін десек, өзімізден де бар. Алдымызға он орыс келіп сөйлесе, соның тілінше сөйлеп кету қанымызға сіңген қасиет сыңайлы. Сөйлер сөз бен айтар ауызға, дәл осы тілдік мәселе жөнінде көтеріп айтар нәрсе көп. Оның бәрін жіпке тізіп айтпай-ақ, көріп, біліп жүргендер қаншама? Бүгінгі қоғамда, бұрынғы ата-бабадан таңбаланып қалған  қазақшылығымыз бен мәдениетіміздің көлеңкесі жоғалды. Бұрын қазақ деген, ел сүйсініп, батыр-баба, би-шешендердің қайратып сөйлеген тілі мен шешендігіне бас иіп, қызығып, салт-дәстүрімізге риза болып, қазақилықтың иісі аңқыған таза тілімізге тамсана қарайтын елдердің алды едік. Өзге ұлт өкілдері, тіліміздің тазалығы мен бояусыз әдемілігіне қызыға қарайтын. Өйткені ол кездері ата-дәстүрден аттамаған, қаймағы бұзылмаған,  сонау көшпелі қазақ қоғамында киіз үйде туып, көшіп-қонып, жез самаурыннан қаймақ қатқан шай ішіп, бітіміміз бен болмысымызды, дініміз бен ділімізді сақтаған едік.  Осылайша, атымыз жер жаһанға танылған еді. Ал, қазір бұрынғымен салыстырғанда жағдай тым бөлек. Санамызда әттеген-ай деп жаңғырып тұрған бармақ тістер тұстарымыз жетерлік. Мәселен, ана сүтімен бойымызға дарыған тіліміздің шұбалаңқы боп кетуі. Шетелдіктерге еліктеп, қазақ тілімізді тасада қалдыруымыз. Қазақ тілінде кездесетін кемшіліктер. Атадан қалған шешендік өнер мен сөздік қорымыз. Бірін айтсаң, бірі шыға беретін тіл мәселесіндегі мәселелер төңірегі осында. Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың деген қазағым мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, мәселесін айтудан жауыр болды. Себебі тіл саясатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ден қойғанымен, орындалмай тұрған олқылықтар жетерлік.

Біріншіден, ол мемлекеттік қызметте. Халықпен тығыз байланыс жасайтын мемлекеттік мекемелерде қазақ тіліне шорқақ қызметкерлер жетерлік. Шала-пұла сөздің басын қоса алмай орыс-қазақ тілінде шәудірімдеп отыратын қызметкерлерді көріп жүрміз. Тіпті, жоғары билік өкілдері, министрлер мен депутаттардың да мемлекеттік тілге шорқақ, орыс тіліне басымдылық бергенін білеміз. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің емес, адамдардың деңгейінің төмен екендігінің нәтижесі. "Ел болам десең, бесігіңді түзе" деген қазақта дана сөз бар. Бесік ол - біз. Егемен елдің ертеңі жарық болсын, болашағы айқын болсын десек, алдымен өзімізді түзеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруіміз керек. Төменнен емес, жоғарыдан бастап түзетулер енгізу керек. Мемлекеттік қызметке кәсіби біліктілігімен қоса қазақ тілінде еркін, таза сөйлейтін адамға басымдылық беру керек.  Онымен қоса,  қазақтан жақсы қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік қызметке, үкіметке тарту керек. Тиісінше, қазақ тілінің басын қоса алмай отырған шала қазақтарға қарағанда осы дұрысырақ. Сол кезде мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп, халыққа қызмет ету сапасы жоғары бағаланады. Тұрғындар да шала-пұла сөйлеген түсініксіз сөздердің куәсі болмай, мемлекеттік тілде сапалы қызмет ала алатын болады.

Екіншіден, ана тілімізді  аударма тілмен байланыстыруымыз.  Яғни, қоғамдық орындарда, дүкен сөрелерінде, қарапайым  жарнама плакаттарында кездесетін орфографиялық қателіктерді меңзеп отырмын. Қарапайым ғана мысал, ғаламтордан көбінесе қазақ тілінде іздеген ақпараттардан гөрі орыс, ағылшын тілдерінде іздеген оңайырақ. Себебі, қазақ тілінде берілетін ақпараттар кеңдігі жеткіліксіз. Адамдар да мемлекеттік тіл туралы айта бастағанда осы мәселені де айтып шағынады. Рас, бұл да дұрыс. Бірақ, өзге тілде алған ақпаратты қазақ тілінде аудармалап (бұрмалап), тұтынайын десең түсініксіз тілде береді. Орыс тіліндегі нұсқасымен қарағанда миға қонымсыз. Бұл  үлкен қателік. Қазақстанда тұрып,  орыс тіліне басымдылық беріп, өз тіліміздің деңгейін түсіріп отырғанымыз. Біз мұндай олқылықтарды  супермаркеттерде, қоғамдық көліктерде жиі кездестіріп жүрміз. Неге осындай орфографиялық қателіктерге жол бермеске? Неліктен, тілдік қателіктерді діттіп, бетке басып, шұқшитып көрсеткенде ғана қателіктердің орнын толтырады. Біз өз елімізде өз тілімізді дұрыс меңгере алмайтын, орынды қолдана алмайтын дәрежеде емес болармыз. Қазақ тілі - шексіз мұхит теңізіндей, бояуы өңбеген ұлы тіл деп жатамыз. Сол мұхит теңізіндей күллі әлемді қамтитындай дәрежедегі тілімізді өзіміз құрдымға әкетіп барамыз. Тілімізді ең бай тіл деп көкіректі керіп, мақтанышпен айтқанда,  осындай проблемаларға қарап тіл байлығына күмән келтіреміз.

Үшіншіден, балалардың орыс мектепке баруы. Қазір қазақ сыныбына баратын оқушылардан гөрі орыс мектептерінде оқитындар саны көп. Мұның себебі, ата-анада. Балаларын орыс мектебіне беріп, орысша оқытады. Бұл қазақ тіліне деген немқұрайлылық. Көбіне, осы орыс мектептің табалдырығын аттағандар арасында небір келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Қазақ тілінде әріптің басын қосалмау осындай орыс мектептерінде оқығандарда жиі кездеседі. Әркімнің өз еркі. Онысы дұрыс. Бірақ бала орыс мектебінде оқиды екен деп үйге келгенде орысша сөйлеп, баланы орысша тәрбиелеу дұрыс емес. Бала онсызда мектепте 6-7 сағат бойы орысша сөйлеп келеді. Үйге келгенде ата-анасы да орыс тілінде сөйлесіп отырса, қазақ бала қалай қазақ тілін ұмытпайды? Әсте, ұмытып кетері хақ қой. Әрбір өмірге келген қазақ баласы  – қазақша білуге тиіс. Баланың бойына сонау тарихтан тағылым алып, қазақ әдебиеті мен көркем әдебиетті айтып, мемлекеттік тілдің қадірін ұғындырып, ішкен судың, татқан дәмнің, бейбіт күнге жеткен жолдың қасиетін саралап, туған жердің топырағында аунап өскен балаға мемлекеттік тілдің мәртебесін ұғындырып отыру керек. Бүгінгі мемлекеттік тіл жағдайындағы мәселелер легі осылар.

Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі атамыздың «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген нақалындай, тілсіз халықты елестету мүмкін емес. Өмір сүрудің негізгі кілті қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланыстың тұтқасы тілде. Сол үшін, ұлттық тілімізді сақтап, ана тіліміздің айбынын асқақтата білейік! Қасиетті қазақ жерінде мемлекеттік тіліміздің құрдымға кетуіне жол бермей, төл тілімізді төрге сүйрейік! Өйткені, қасиетті тіл мәртебесін жоғалтпау керек!

Қазақ тілі биіктесін, өрлесін,

Қазақ тілі ешқашанда сөнбесін.

Нағыз қазақ жүрген жерде шарықтап,

Бүкіл  қазақ, ана тілде сөйлесін!

А.Жұмабергенова

 «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсы үшін

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале