31.10.2025, 12:30
Оқылды: 64

Тіл татулығы - ел бірлігі

Бүгін Орал қалалық Тілдерді оқыту мен дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ халқының даңқты қыздары» саябағында «Тіл татулығы - ел бірлігі» тақырыбында қазақ және ағылшын тілдерінде ашық сабақ өтті.

image-30-10-25-11-00-1

Ашық аспан астындағы қос тілді бұл сабақ – жерлестердің, жас ұрпақтың бойына өзге халықтардың тілі мен мәдениетіне құрмет, өз тіліне сүйіспеншілік ұялатқан тағылымды шара болды.

image-30-10-25-11-00

Қазақ және ағылшын тілдері курсының мұғалімдерінің бірлескен интеграциялық сабағында Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің орыс тобының студенттері тіл татулығы мен ел бірлігі ұғымдарының маңызын терең ұғынды. Сабақ барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, студенттердің жүректерін Отанға деген мақтаныш сезімі кернеді.

image-30-10-25-11-00-5

Атап айтсақ, алаңға жиналған жұртшылыққа қазақтың қайсар қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова хақында, өңіріміздің тарихы мен мәдениеті, тілі секілді түрлі тақырыптағы ойын-сұрақтар да қойылды. Қала тұрғындары аталған шараға қызығушылық танытып, тіптен студент жастар өз еркімен Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлетті.

image-30-10-25-11-00-2

Шара барысында орталығымыздың қазақ тілі және ағылшын тілі курстарының тыңдаушылары, студенттер  «тіл – жүректерді жалғайтын көпір» екенін сезінді. Бірнеше тілді білу – тек білім ғана емес, бейбітшілік пен достыққа бастайтын жол екенін ұғынды.

image-30-10-25-11-00-7

Осындай сабақтар арқылы жас ұрпақ бойында толеранттылық пен бірлік рухы, елге деген сүйіспеншілік қалыптасады.

Шараның әдемі нүктесі «Атамекен» әнімен түйінделді.

Айжан Бауыржанқызы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале