25.03.2021, 21:01
Оқылды: 144

Тіл үйреткен Орынгүл

«Әрбір бала – жарқыраған шамшырақ, оны жаға білген ұстаз ғана ұтады» деген нақыл сөз ұтымды айтылған. Алдыңда пәк көздерімен жәудіреп отырған шәкірттерге зер салсаңыз, олардың алдында үлкен жауапкершілік жүгі мойныңызға артылғанына сезінесіз. Сондықтан алға қойылған мақсатың да жоғары болуы тиіс. Өйткені сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, дер кезінде жаға білу – ұстаздың басты парызы. Осындай ұстаздардың бірі – Орал қаласындағы мектептен тыс жұмыс орталығының қосымша білім беру педагогі Орынгүл Сабыр. Ол ширек ғасырдан астам уақыт бала тәрбиелеу ісімен айналысып келеді.

Тіл үйреткен Орынгүл1

Жаңашыл ұстаз ретінде заман ағымына сай шәкірттерге мемлекеттік тілді меңгерту үшін жаңа технологияларды ұдайы қолданады.

Қазіргі таңда сапалы және терең білім беруде «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясының қызметі орасан зор. Бұл әрбір педагогке тынымсыз ізденісті, оқытудың жаңа формасы мен әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалануды қажет етеді.

«Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек» дегендей, орталығымыздың педагогі Орынгүл Мұратқызының бойынан сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық,  ұстамдылық секілді қасиеттерді байқауға болады. Ол орыс сыныптарындағы балаларға мемлекеттік тілді қосымша үйретуде аянбай еңбек етуде. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында оқушылардың зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттырып, оларды елін, жерін сүйетін азамат ретінде тәрбиелеп  келеді.

Қазақстанда мемлекеттік тілдің дамуына зор көңіл бөлінуде. Осы орайда қазақ тілін оқытудың сапасын арттыруда Орынгүл Мұратқызы дәріс берудің жаңа инновациялық нысандары мен әдістерін қолданып, өзінің кәсіби құзыреттілігін көтеруге мән береді. «Мемлекеттік тілдің бәсін биіктету, басқа ұлт балаларына қазақ тілін үйрету – басты мәселе. Қазақ халқының сұлу, әдемі тілін басқа ұлт өкілдері оқып, үйреніп, таза сөйлеуі – қазақ тіліне деген құрмет. Өзіміздің ұлқыздарымыздың ана тілінде шешен сөйлеуі де отбасындағы тәрбие мен білім беру саласындағы білімнің сапалы болуына да байланысты», - деді Орынгүл Мұратқызы.

Дәмилә ӨТЕБАЕВА,

Орал қалалық мектептен тыс жұмыс орталығы бөлімінің меңгерушісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале