1.08.2022, 9:45
Оқылды: 43

Тілге жүйрік жауынгерлер

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде қызмет атқаратын өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» байқауы өтті.  

DSC_0119

Орал қаласындағы 5517-әс­кери бөлімінде оздырылған аталмыш жарыстың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау, тілді үйренуге деген ынтаны арттыру. Байқауда бақ сынаған бес қатысушы – Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Орал қалаларындағы әскери бөлімдердің жауынгерлері. Іс-шараның басында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы, полковник Ерден Балғымбаев қатысушыларға  сәттілік  тіледі.

– Бүгінгі сайыстың бәріміз үшін маңызы зор. Себебі қатысушы өзге ұлт өкілдері қазақ тіліне деген ынта-ықыласын көрсете отырып, өнерлерін ортаға салатын болады. Осы кезеңнен өткен жауынгер Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сайыста Қазақстанның батыс өңіріндегі облыстардың абыройын асқақтатады деген сенімдемін, – деді Ерден  Еркінұлы.

Жарысқа төрелік еткен ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының мемлекеттік тіл жөніндегі қызметкері Мұратбек Құдайбергеновтың айтуынша, қай уақытта да тілдің қасиетті, мақал-мәтелдердің сарқылмас қазына екенін ұғындыратын бұл байқау 2007 жылдан бастап өтіп келеді. Сонымен қатар облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі Айжамал Әбдірахманова, Орал қалалық полиция басқармасы ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы Гүлжиян Қарағойшиева және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қаржы қызметінің аға маманы, әйелдер кеңесінің мүшесі Ақжарқын Қабенова додаға түскен дарабоздардың әділ бағасын берді.

Алғашқы кезеңде жауынгерлердің өздерін өлеңмен таныстыруын тыңдадық. Екінші айналымда әуелі сахналық қойылым арқылы сөз шеберлігі сыналса, кейін жауынгерлер мақал-мәтел айтудан кімнің ойы ұшқыр екенін аңғартты. Сайыстың келесі кезеңінде берілген тақырып бойынша баяндама жасаған қатысушылар мәтіннің мәнін ашып, сөйлеу мәнерін көрсетті. Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында дүниеге келген Кирилл Конев қазір Ақтау қаласындағы 3502-әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Оның қазақ тіліне құрметі, үйренуге деген талпынысы қуантты.

– Қазақтың жерінде туып өскендіктен, қазақ тілінде сөйлеу маған аса бір қиындық тудырмайды. Тілді толық меңгеріп кетуге орта да әсер етеді. Тіліміздің қадірін түсінуіміз керек деп ойлаймын. Қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін, – деді қатардағы жас жауынгер К.Конев.

Жарыс нәтижесі бойынша Ақтөбе қаласындағы 6655-әскери бөлімінің ефрейторы Анатолий Галкин жан-жақты дайындығымен І орынды жеңіп алды. Орал қаласындағы 5517-әскери бөлімнің қызметкері, ефрейтор Игорь Шейко ІІ орынды иеленсе, жоғарыда аталған Кирилл Конев ІІІ орынға жайғасты. Белсенділік танытқан бес қатысушыға да арнайы сыйлықтар табысталды.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале