28.04.2022, 10:45
Оқылды: 43

Тілшілердің біліктілігін арттыратын семинар

Кеше Қостанай қаласында Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбында семинар-тренинг басталды. Іс-шараға Қазақстанның барлық облыс, аудан, аймағынан арнайы сауалнама арқылы алдын ала іріктеуден өткен 30 журналист қатысып жатыр. Журналистердің жол, тамақ, қонақүй шығындарын Түркітілдес журналистер қоры өтейді.

IMG-20220428-WA0007

Екі күнге жоспарланған семинар барысында журналистер жалған ақпараттың салдары мен маңызы, fake ақпаратқа тойтарыс берудің әдіс-тәсілдері, ақпарат майданында кәсіби біліктілікті кәдеге жарата алудың қыр-сырымен танысады.

IMG-20220428-WA0006

Семинардың алғашқы күнінде-ақ бірнеше ақпарат пен фотосуреттің жалған екенін анықтап, тәжірибе жасадық. Мысалы, Covid-19-ға қарсы вакцина ойлап шығарған дәрігер Угур Шахинның "фотосына" қатысты фактчек. Дәрігер Угур Шахин - неміс биотехнология компаниясының бас директоры. Ол Түркияда туған, төрт жасында әкесінің жұмысына байланысты отбасы Германияға қоныс аударған.

Бірнеше сайтта төрт баласымен түскен ерлі-зайыптылардың фотосы тарап кеткен еді. Сондағы сары футболка киген баланы Угур деп көрсетеді. Алайда бұл жалған. Себебі бұл 1965 жылы Германияға көшіп келген түрік отбасының суреті болып шықты.

Суреттің рас-өтірігін анықтау үшін бірнеше дереккөзге жүгіну керек. Сол елдегі түрік диаспорасы мен елдегі түрік елшілігінің ақпараты, Шахиннің пікірі және т.б. Фактчек үшін бірнеше дереккөз, ресми мәлімет қажет.

IMG-20220428-WA0008

–Семинардың басты мақсаты – жалған ақпаратпен күресу. Оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын жалған ақпараттардың алдын алу. Бүгінгі күні халықтың медиасауатын ашу маңызды болып тұр. Жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік көзделетінін халыққа ұғындыру міндеті тұр. Бұл үшін халықты ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған журналистердің өзі жаңалықтардың жалған-өтірігін ажыратып, сараптай алуы керек. Елдегі карантин шектеулері, Қасіретті қаңтар оқиғасы, Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін жалған ақпарат, ақпараттық манипулация, шынайы ақпаратты жасырып қалу бұрынғыдан да өрши түсті. Ал кәсіби тұрғыда ақпарат тарататын журналистер кейде ақпараттардың рас-өтірігін ажыратудан қалды. Пандемиядан кейін "инфодемия" деген термин пайда болды. Бұл семинардың түпкі мақсаты – шынайы ақпаратты бұрмалап, жалған ақпараттың таралуына соққы беруді кәсіби тұрғыда меңгерту, - дейді Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Ясипа Рабаева

Instagram: @uscgalmaty @usinkz

Facebook: U.S. Consulate Almaty / U.S. Embassy Kazakhstan / Посольство США в Казахстане

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале