ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі».
Иә, толғауы тоқсан тіршіліктің түйткілдері таусылған ба?! Тәуелсіздігіміздің өткен отыз жылында жеткен жетістік те, кеткен кемістік те аз болмағаны және айқын. Соның кейбірінің тіні енді ғана тарқатылып жатқандай... «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалған осынау өзекті мәселелердің қатарында қанаты қайырылған қазақ тілі де бар. Оны жыл айналып жаза беретін, ай айналып айта беретін тұрақты тақырыпқа айналды десек те болады. Қайтпек керек? Өз Отанында өз тілін тілімдеп, мүсәпір күйге түсіріп жүрген де біздер, қазақтар! Басқа ұлт пен ұлыста шаруам жоқ, ана тілі сіз бен бізге қажет қой, қаракөз ағайындар-ау! Ноқтаға басы сыймаған тектілеріміз: «Қазақ тілін біліп тұрып, бөтенше сөйлесең – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең – күйініш» дегенін ұмытпау керек (Халел Досмұхамедұлы). Ұлтының бір туар ұлы Бәукеңнің – Бауыржан Момышұлының мына бір сөзі де есті жанның есінен шығар ма?! «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі».
Журналистік қызмет барысында талай алқалы жиындардың ортасында болып, Жаратқанның жарлығымен жамбастары жұмсақ «креслоға» тиген басшыны да, қосшыны да көріп жүрміз. Сонда байқағанымыз – мемлекеттік тілде ойын емін-еркін жеткізетіндер қатарының тым аздығы. Өкінішті ме?! Өкінішіңіз не, қорқынышты. Бәрінен бұрын өзгеге үлгі көрсетер мемқызметтегі кейбір басшылар тілін «тістеп» тұрғанда, кімге барып мұңыңды шағарыңды білмейсің?! Тілсіз қазақтың тілі қазақша шығу үшін өтірік-расы аралас тағы отыз жыл керек пе? Мемлекетіміздің межесі – 2020 жылы қазақ тілін меңгергендердің үлес салмағын 90%-ға жеткізу еді ғой. Сонау бір кезде «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010, одан кейін 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» өмірге келіп, оған қаралған қыруар қаражаттың нәтижесі көңіл көншітпегенін де жазғанбыз. Енді әлгіндегі «өтірік-расы» аралас деген ойды әрі қарай өрбітсек, біздің облысымызда мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 97,5%-ды құрайды. Бұл – ресми құрылымдардың нақты мәліметі. Жалпы егемендік алғаннан бері өңірімізде идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 ауданның, 104 елді мекеннің және 1839 көшенің атауы өзгертілген көрінеді. Құптарлық қадам, айтарға уәж жоқ. Тек әңгіме 97,5%-дың төңірегінде болып тұр. Әріге бармай-ақ, өзіміздің редакцияға күн құрғатпай келетін пошта ішінде өзге тілдегі ресми «сәлем хаттар» толып жатыр. Сосын деймін-ау, өңірімізде құжат айналымы шынымен осынша пайызға жетсе, ат үстіндегі жүргендердің көбі қазақша жаза біледі де, сөйлей алмайтын болғаны ғой. Ақиқат айнасының бетіне тура қарасақ, біздің бұған күмәніміз бар. Әрине, бұл ретте тілдерді дамыту басқармасына өкпе артудан аулақпыз, беріліп отырған ақпар солай болса қайтсін?!
Әңгімеміздің басында Мемлекет басшысының сөзін тегін келтірген жоқпыз. Басқабасқа, ұлттық қауіпсіздік ті-лімізді қадірлеуден басталатындығын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашық айтып отыр. Көрнекті жазушы Дулат Исабековтің «Ендігі көтеріліс қазақ тілі үшін болады» деген қаупін де ақпараттан көзіміз шалғаны бар. Мұның бәрі «Әрі қарайғы сөзімді көпке ұғынықты болу үшін ресми тілде жалғайын...» дейтін түрі қазақ, тілі басқаларды ойландырғаны жөн. Ондаған жыл іштей тұншыққан халық қазір қазақы болмысты азаматтарын көбірек көргісі келеді. Сонымен бірге түрлі ресми жиындар мен мерекелік іс-шаралардың дені мемлекеттік тілде өткенін қалайды. «Арты қалай болар екен?» деп қорқасоқтаудың еш реті жоқ. Мұны нық сеніммен айтуға болады. Өйткені «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін» принципін ұстанатынын жәй-
мен ұғындырып отырған көшбасшымыз бар. Осы жерде ойымызды тағы да Президент сөзімен нақтыласақ: «Болашағын біздің Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс».
Алла жар болсын дейік! Сең қозғалды, тіл төңірегіндегі құрсау мұз ери бастағандай. Бар кінә – жалтақтығымызда. Несін жасырайық, бұрын елдің үні Ақорданың төріне көп жете бермейтін. Айтылмады емес, айтқызбады... Қазіргі билік «Айт, шындықты айт» деп ерік беріп отыр. Бір жағынан тілдің артында мемлекеттің, қаймана қазақтың тағдыры тұр. Тіпті запыран жұтқызған тар заманның өзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта құрымайды, жоғалмайды. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тегін тебіренді дейсіз бе?! Біз де бүгін осы бір жылымық сәтті қалт жібермей, жұдырықтай жүрегімізді жұлмалап, жүйке жүдеткен жайларды көпке жеткізуді жөн көрдік. Бір жағынан мұнымыз тіл майданында басын бәйгеге тігіп, «алғы шепте» жүргендерге үн қосу. Мәжіліс депутаты, ақын, ұлтжанды азамат Қазбек Исаның өзі әбден «тотығып» қалған тіл те-
гершігін айналдыруға қанша тер төгіп жүр. Дұрысында бұл жалқы емес, жалпы жұрт ауызбіршілік танытып, баяғыда... осыдан отыз жыл бұрын өз тұғырына қонатын тіл еді-ау! Ешкімнің шен-шекпеніне қарамай, айыр тіл тек жыланда ғана болады деп шырылдаған Шер-ағаны да (Шерхан Мұртаза) сол кезде қолдап-қорғамағанымызды қайтерсіз?! Ол арысымызда өтті мынау жалғаннан, артында жалынды сөзі қалды: «Ұлттығыңды жойып, тіліңді кесіп, аузыңды буа берсе, қорқақ та боласың, бүгежек те, именшек те боласың. Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет! Біз, қазақтар, осы мәселені негізі өзіміз қолдан ушықтырып алдық». Бір кем дүние! Құрсыншы, қай-қайдағыны қоздатпай-ақ қоялық, ол кездің «саясаты» солқылдақтау һәм сайқалдау болғаны аян. Қазір бізге не кедергі? Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бекітіліп, қарапайым адамдарды толғандыратын талай көкейкесті мәселелер оң шешімін таба бастағанына ел-жұрт куә. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, әйтеуір тоң-теріс биліктің беті бері қарады, біртіндеп заңы да өзгерер. Тек дәл сол күні қазақ біткен бір тілде сөйлеп кетсе жақсы, әй, қайдам...
Міне, бар гәп осында болып тұр. Үкілі үміт те жоқ емес. Бұрын мемлекет тағдырын шешу ат төбеліндей азғантай топтың ғана құзырында болды. Несін жасырамыз, халық көп жыл бойы саяси жаңғырулардан сырт қалды, өз күнін өзі көрді. Шын мәніндегі жаңа дәуірге енді аяқ бастық, яғни Жаңа Қазақстан құрмақ ниетке бет бұрдық. Ата заңымызға да айшықты өзгерістер енгелі тұр. Жалпы референдум – халықтың пікірімен санасу, жұртшылықтың көкейіндегі толғаныстарды зерделеу. Мұның бәрі жан жадыратар игі істер, оның қайыр-жақсылығын халқымыз ұзағынан көрсін дейік! Мұны терең түсінгесін де шығар, республиканың әр аймағында тілдің жыртысын жыртып жатқандар қарасы қарақұрым. Оның үстіне өткен жылғы халық санағы қазақтардың өз жеріндегі үлес салмағы 70 пайыздан асқанын көрсетті. Олай болса, мемлекеттік басқарудың барлық саласында тіліміз еркін төрге шығатын мезгіл жетті. «Отызында орда бұзбаған» тіл «қырқында» қамал алмайды. Бұл – аксиома! Осы ретте біз де Жайық өңірі жұртына үн қатуды азаматтық парыз санадық. Әсіресе, үлкендер, 50-60-тың қырқасына шыққандар, одан асқандар алғашқы кезекте өзіміз өзгеге үлгі болсақ нетті? Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе немесе ұл-қыздарымен, немере-жиендерімен ана сүтімен қанына сіңген қасиетті тілінде дидарласса, қандай ғажап! Алдыңғы толқын кейінгіге Қадыр (Мырзалиев) ақынша толғағанда: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» десе, олар қазығынан қара үзіп кетпесі анық. Жас толқынға кінә арта бермей, бүгінде орысша сөйлеу «модадан» қалып бара жатқанын, Жаңа Қазақстанды көркейту алдымен тілден бастау алатындығын үйде де, түзде де саналарына сіңіріп отырсақ... Біріншіден, өз мемлекетіңнің төрінде жүріп, өзге тілде шүлдірлеу қай сасқаның, екіншіден, бұл күллі әлемге күлкі болу емей немене?! Сырттан келгендер мұны айтып та жүр. Ендеше, ана тілін ұмытқаның – өз ұлтыңды құртқаның. Кейде мекеме маңдайшаларынан «сақау» атауларды көрсеңіз, көшеден «жарымжан» жарнамаларды оқысаңыз, қате жазылған көше аттарын байқасаңыз, дереу суретке түсіріп, редакцияға жіберсеңіз... бұл да ортақ іске қосқан үлесіңіз болар еді. Қоғамдық көліктерде тек қана ресми тілде қызмет көрсететін және жаңарған көше атауларын ескіше атайтын кондукторларды да айналып өтпеген дұрыс. Сондай өзге ұлттың қызы Асылы Осман апамыз не деп еді: «Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!». Нәпақа тапқысы келеді екен, тіл сындыру курстарына жазылсын. Бұған, әрине, жұмыс берушілер кінәлі. Талап жоқ! Ал оған көбіміз ұсақ-түйек деп қараймыз. «Путинге арыз жазамыз» деп Нұр-Сұлтанның төрінен айды аспанға бір-ақ шығарып жатқандар бар. Құдай бетін ары қылсын, мұндай пиғылдағылар ортамызда жоғына кім кепіл?! Жалпы, тілі бұзылған қазақтың ділі бұзылуы да қиын емес. Ділі бүлінгеннен ұлтқа қайыр жоқ. Егер тазалық сақтамасаң, ышқырға түскен сірке ертең-ақ битке айналады. Ол өзіңді шағады, қаныңды шығарады. Бұл да солай! Осыдан 112 жыл бұрын «Оян, қазақ!» деп Міржақып бабамыз неге шырылдады дейсіз?! Оянайықшы, ойланайықшы, егемен ел емеспіз бе?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, тамыры қуарған ағаштай онсыз да жапырақ жая алмай тұрған тіл-терегімізді құлатпайықшы! Сөз – қамшы, ой – тамшы. Бір-бірімізді қамшылайық, тіл тамырына нәр берейік, тамшы да тас теседі дейді емес пе?! Ойлы оқырман бұл мақаламыздың өн бойын ұлылардың мәңгі өлмес өсиеттермен өргенімізді де аңғарып отыр-ау! Тек сол өз тілінен жерігендердің көзіне ілігер ме екен десейші?! Ондайлар үшін дәні бар тағы бір дәйекті сөз мінекей: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» (Мұстафа Шоқай). Ойды ой түртетіні және бар. Бір молданың әзіл-шыны аралас айтқан мына бір әңгімесінің астарында да үлкен сыр жатқандай. Ана дүниедегі сұрақ-жауап та тек ана тілінде алынады-мыс. Ал тірлігінде тілін қорлағандардың жазасы тым ауыр көрінеді: бірден тозақ отына салып, тілі кәлимаға келгенше шыжғырады екен. Иман сөзіне сонша иланбасақ та, қазақ боп туған соң тіл мен дінді қадірлеп өту – әр пенденің парызы һәм қарызы болса керек. Бәріміз де мына дүниенің тұрақты тұрғыны емес, уақытша жолаушысы ғанамыз ғой.
Бауыржан Бисенов,
zhaikpress.kz