16.05.2017, 17:56
Оқылды: 83

Тимур Құлыбаев: Кәсіпкерлерге қойылатын талаптар азайтылады

18554973_10209139655340912_1159788760_n Жұмыс сапарымен облысымызға келген «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев «Орал трансформатор зауытында» өткен облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің кеңейтілген жиынына қатысты. Кәсіпкерліктің даму жайын, отандық тауар өндірушілерді қолдау және кәсіпкерлік саласының түйткілді мәселелерін талқылаған басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов, өңірлік кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастықтардың, банктер мен қаржылық институттардың өкілдері қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.


   Төралқа төрағасы өңірлік кеңестердің билік пен бизнестің арасындағы диалогтік алаңға айналғанын айта келе, басқосуда өткен жыл қорытындыланып, кәсіпкерлік саласындағы түйткілдерді ортаға салынатынын жеткізді. «Облыста кәсіпкерлік палатасы облыстық әкімдікпен өзара үйлесімді қызмет атқаруда. 2016 жылдан бастап барлық ауданда «Атамекеннің» өкілдігі жұмыс істеуде. Күллі Қазақстан бойынша кері байланыс орнаттық», - деді Тимур Құлыбаев.

  Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Қайыршин 2016 жылдың қорытындылары жайында баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы палатаға кәсіпкерлерден 163 жазбаша арыз-шағым түскен. Бүгінде Ақ Жайық өңірінде 36643 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды, бұл 2016 жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 8,9 пайызға кем. Түскен арыз-шағымдардың 56 пайызы, яғни 91-і бойынша оң нәтижелер бар, яғни 2015 жылғы көрсеткіштен 5 пайызға артық. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқығының жалпы шамасы 565 млн. теңгені құраған.

  Жиында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанына тоқталды. «Кәсіпкерлер палатасы институты жақсы жұмыс істеуде. Мұны кәсіпкерлердің өздері айтады. Соңғы үш жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда оң динамика басым. Өңірдің ішкі жалпы өнімі құрылымында шағын және орта кәсіпкерлік саласының үлесі 39,9 пайызды құрайды. Осының барлығы Елбасының бастамасымен қолға алынып, іске қосылған кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында дер едім. Мысалға, өткен жылы кәсіпкерлікті қолдауға 3,9 миллиард теңге бөлінді. Ал биыл кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңге артық, яғни 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Соның ішінде ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Өзіңіз айтқандай, «Атамекен» тарапынан 300 миллион  теңгенің бөлінуі - бұл да жақсы көмек, біз де өз тарапымыздан екінші жартыжылдықта 300 миллион теңге бөлеміз. Қазір бірінші траншты игеруді бастадық. Осының барлығы кәсіпкерлерге, әсіресе, өз ісін жаңадан бастағандарға көмек болмақ. Өндірістің облыс орталығы мен Ақсай қаласында шоғырланғанын, өзге 12 ауданда ауыл шаруашылығы дамығанын ескерсек, ауыл шаруашылығын дамытудың да әлеуеті зор. Қытай, Иран, Израиль және өзге де үлкен нарықтарға шығуымыз керек. Бұл бағытта «Атамекенмен» тығыз байланыста жұмыс істеп, жақында Қытайдан ет өңдеушілерге инспекция келіп кетті. Мұндай жұмыстар кәсіпкерлерге бағыт береді, алға ұмтылдырады. Ауыл-аймақтарда кәсіпкерлермен кездесеміз, «Атамекен» өнім өткізуге деген сенімділікті туғызады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласынан 52 миллиард теңге салық түсімдері түскен. Бұл дегеніңіз - облыс бюджетінің бір ширегі, яғни 25 пайызы. Мұны біз әлі де көтере түсеміз. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталғалы бері 82 миллиард теңгеге 673 жоба мақұлданды. Сондай-ақ қайтарымсыз 130 миллион теңгеге 60 грант берілді, 3 миллиард теңгеге жуық қаржыға 57 нысанға инфрақұрылым тартылды, «Орал трансформатор зауытына» да субсидиялау, инфрақұрылым тарту көмегі көрсетілді. «Атамекен» барлық ауданда жұмыс істеуде. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер палатаға келіп, тегін кеңес алады. Өкінішке орай, кәсіпкерлік жолында әкімшілік кедергілер кездесетінін жасырмаймыз. Елбасы кедергілерді азайтуды тапсырды. Сараптама жүргізудің нәтижесі соңғы бес жылда әкімшілік кедергілердің 3 есе азайғанын көрсетті»,- деген өңір басшысы «Атамекенмен» бірге осы бағыттағы жұмыстарды, аймақтық үйлестіру кеңесінің отырыстары мен ауыл шаруашлығы саласын субсидиялау, жобаларға мемлекеттік грант бөлу комиссияларының жұмыстарының он-лайн режимінде өтетіндігін баян етті.

  Сонымен қатар жиында облыс басшысының кәсіпкерлер палатасы базасында кәсіпкерлерді түйінді мәселелермен қабылдауды жолға қойғаны айтылды. Төрт мәрте өткен қабылдауға 300-ге тарта кәсіпкер келген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Бүгінде аудан әкімдері, Орал қаласының әкімі де кәсіпкерлерді қабылдайды.

  Басқосуда Тимур Құлыбаев Елбасы қолдауымен «Атамекен» шағын және орта бизнестің салық аударымдарының бір бөлігін өз өңірінде қалдыру жайындағы ұсыныстары барын, соған орай салық кодексіне өзгерту енгізу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Мұның жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытудағы қызығушылығын арттыратынын айтты.

   -ҚР Бас прокуратурасымен мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін азайтуға қатысты маңызды жұмысты жалғастырамыз. Кәсіпкерге қатысты жүргізілетін 28 мың бақылау-қадағалау қызметінің үштен екі бөлігі қысқартылады, қалғаны, бизнес мүддесіне әкімшіліктендіріледі. Бүгінде кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды 60 пайызға дейін азайта аламыз. Осылайша мемлекеттік аппарат жұмысы жеңілдеп, кәсіпкерлерге қолайлы жұмыс жағдайы жасалады,- деген Тимур Құлыбаев кәсіпкерлікті дамыту үшін кедергі жасамай, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеулері қажеттігін көрсетті.

  Жиын барысында кәсіпкерлер өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, отандық тауар өндірушілерді  қолдау, экспортқа бағытталған өндірісті құру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері  жайында ой бөлісті, ұсыныстарын ортаға салды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале