3.04.2022, 10:20
Оқылды: 96

Тіс емдеудің жаңа әдісі

Облыстық көпбейінді аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде церебральды сал ауруына, аутизм, эпилепсия және Даун синдромына шалдыққан балалардың ауыз қуысы мен тістерін емдеуде және жұлуда жаңа әдіс қолданыла бастады. Олардың ауыз қуысындағы көктамыр ішіне наркоз егіледі. Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандардың тістерін емдеп, жұлғанда жалпы наркоз қолданылатын. Өйткені мұндай хирургиялық іс-шара кезінде олардың жүрек ақауы, эпилепсия, бронх демікпесі, гидроцефалия секілді  әр түрлі сырқаттары сыр беруі мүмкін еді. Сондай-ақ мүгедек бүлдіршіндерді наркоздан оятқанда бөлме температурасы мен ылғалдылық деңгейіне дейін қатаң бақылауға алынатын. Себебі бала жалпы наркоздан оянғаннан кейін бойын қорқыныш-үрей билеп, салдарынан барлық үйренгенін, әлеуметке бейімделгенін ұмытып қалатын.

3

Аталмыш аурухананың  жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Орынғалиевтің айтуынша, ауыз қуысындағы көктамырды санациялау әдісі – анестезияның ең қауіпсіз және дәрігерлер үшін қиын түрі. Наркоз тек көктамыр ішіне енгізіледі. Хирургиялық іс-шара кезінде ең заманауи және қауіпсіз дәрілер мен өкпені жасанды желдетуге арналған аппарат қолданылады. Ем-дом жасалғаннан кейін науқастар бірден үйге қайтпайды. Ауруханада бірнеше сағат дәрігердің бақылауында болады. Дәрігер-стоматологтар мен анестезиологтар мүмкіндігі шектеулі жандарға мұндай әдісті күн сайын қолданатын көрінеді.

– Бүлінген, құрт жеген тіспен ұзақ жүре беру мүмкіндігі шектеулі жандар түгілі, он екі мүшесі сау адам үшін де қауіпті. Өйткені ауру тістер – инфекцияның көзі. Адам ағзасына инфекция түсуі мүмкін. Тісті жұлудан басқа амал жоқ дейтін деңгейге жеткізбеңіз. Алты айда бір рет тіс дәрігерінің қабылдауына барған абзал, –  дейді Әлібек Шынбайұлы.

Тіс не себепті сарғаяды?

- Тіске кальций мен негізгі минерал жетіспеген жағдайда;

- Құрамында бояғышы бар сусындар мен көкөністерді ішіп-жегенде (кофе, шай және  т. б.);

- Темекі шеккеннен;

-  Тіс ауруларының әсерінен;

-  Қолайсыз экология әсерінен (йод, бром, қорғасын, сынап төгілген жерде жүру).

Тісті ағарту үрдісін бастамас бұрын сүт тағамдарын (сүзбе, ірімшік, айран және т. б.) пайдаланып, тістің беріктігін арттырыңыз.

Үй жағдайында тістің эмалін бүлдіріп алмай, тазалау әдісі:

– Кәдімгі ас содасын пастамен араластырып, тісіңізді ысқылап жіберсеңіз, ағарып шыға келеді. Бірақ күнделікті қолдануға кеңес бермейміз. Аптасына 2 рет пайдалансаңыз, соның өзі жеткілікті.

– Әуелі тіс пастасымен үйкегеннен кейін, сутек тотығымен жусаңыз, аппақ болуына септігі тиеді.

– Аптасына бір рет қызыл иектің айналасына лимон қабығын қойып, төңірегіне жағып шығыңыз. Шырын 3 минуттан кейін сіңген кезде, жылы сумен шайыңыз.

–  Құлпынай мен қойбүлдіргенді көбірек жеңіз. Тісіңіздің төңірегінде 5 минуттай ұстаңыз. Құрамында глюкоза мен қышқыл болғандықтан, тісіңіздің ағаруына ықпал етеді. Артынша фторы бар пастамен жуып жіберіңіз.

«Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді десеңші» деп бекер айтылмаса керек. Ауыз қуысының тазалығына ғана мән беріп қоймай, оның саулығына да назар аударайық!

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале