8.10.2021, 10:20
Оқылды: 155

Тоғызқұмалақшы-ұстаз

«Әсетім үш дүркін Азия чемпионы болды!» - деді бір-де қуаныштан жанары нұрланған Орал қалалық білім беру бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс орталығының тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі Қанапия Қаяпбергенов. Асылы, халқымыз «Ұстаздан шәкірт озар» деп бекерге айтпаған. Бүгінде мұғалім көп, нағыз ұстаз санаулы. Өйткені ұстаздыққа жеткен адам балаға бар білгенін үйретіп қана қоймайды, оның болашағының жарқын болуы үшін тер төгеді, өз баласынан кем көрмейді, тілеулестік танытады. Ендеше, шәкіртінің жеңісі мен жетістігіне Қанапия Қарекешұлы қалайша қуанбасын?! Қалайша шаттанбасын?! Шәкіртінің озғаны дегеннің өзі – еңбегінің  ақталғаны, үмітінің жанғаны. 

WhatsApp Image 2021-10-08 at 10.18.22

Қ.Қаяпбергенов – күрделі ойын саналатын тоғызқұмалақты Ақ Жайық өңіріне алғаш таратушылардың бірі. Ол өзі туралы айтуға келгенде сөзге сараң. Бірақ ұстаз ретінде балаларының жетістіктерін таңды-таңға соғып әңгімелеуге бар. Мақтанышы Әсет Қайыржанов Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курсында оқиды, Қазақстан құрамасының  мүшесі. «Үйірмеме 4-сыныпта оқып жүргенінде келді. Бірер айда баланың алғырлығы, еске сақтау  қабілеті білінді. Оралда өтетін түрлі жарыстарға апарып жүрдім. Бір күні Әсеттің анасы қоңырау шалды. Ұлының жарыстан келгеннен кейінгкөңіл күйінің пәс екендігін, бөлмесіне кіріп жатып алатынын айтты.  Өзім де балада намыс барын байқадым», – деп еске алды үйірме жетекшісі Қанапия Қарекешұлы.  Әсеттей алтын ұлдың ұстазы ретінде Қанапия Қарекешұлы оның ізденгіштігін, басқа өңірлерде өткен ойындардағы  мықты ойыншылардың партияларының бейнежазбаларын ала келіп, ерінбей талдайтынын айтады. «Менің одан үйренетінім көп», – деп қояды ағынан жарылып.

Ұшқан  ұя

Қанапия аға Сырым ауданындағы Абай атындағы орта мектепті бітіріп,  бір жылдай өз мектебінің интернатында тәрбиеші болып еңбек етті. Одан кейін  Оралдағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінде оқыды. «Әке-шешем қарапайым, білімі 7-сыныптық болғанымен, өте сауатты еді. Әкем марқұм өмірден ерте өтті. Өмірбақи есеп-қисап саласында еңбек етті, осы салаға көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қанымызда бар нәрсе шығар, математикаға құштар болдық. Анам кеңшар жанындағы балабақшада еңбек етті. Екеуі де ел-жұртқа сыйлы болды. Апамның дүниеден өткеніне бір жылдан асты», – деді дауысы құмыға шыққан Қанапия аға перзенттік сағынышын жасыра алмай.

Институтты қызыл дипломмен бітірген жас маманға  оқу орнының басшылығы тарапынан қазақ бөлімдеріне дәріс беруге ұсыныс түседі. Ұсынысты қабылдамаған жас маман әке ақылымен туған ауылына келіп, 2010 жылға дейін қызмет етеді. Мұғалімдіктен бастады. 1985-1988 жылдары оқу ісінің меңгерушісі, 1988-2000 жылдары қиын кезеңде мектеп директоры болды. Мектепте қызметте жүргенінде балаларды жинап алып, шахмат ойнатуды хоббиіне айналдырды. Оларды Оралда мектептердің арасында өтетін спартакиадаларға апаратын.  Жақсы жетістіктер аз болмады.

«Ешқайсысы жаман болмады»

«Ақгүл Нұрғали тоғызқұмалақ үйірмесіне 7-8 жасында ауылда жүргенімде келді.  2013 жылы 17-18 жасқа  жеткенде ел чемпионатында орын алып, бағына қарай Азия чемпионатына қатысып, жүлдегер атанды.  БҚМУа география факультетінде  оқыды. Ұстаз ретінде қызымды көп сүйредім.  Бірақ тұрмыс тауқыметімен оқуын аяқтамай кеткені өкініш ұялатады», – деді  Қанапия аға.

– «Спорт» деген төрт беттік республикалық газетте тоғызқұмалақтың ережесі жарияланып жүрді. Бұл бетті журналист-ардагер Несіп Жүнісбай ағамыз жүргізді. Диаграмма жасайтын, әрбір жүрісті жазатын, осылайша тоғызқұмалақ ойынын өз бетімше үйреніп жүрдім. 1992 жылы Оралда  тоғызқұмалақ ойынын үйрететін үш күндік семинарға қатыстым. Содан бастап   ұл-қыздарға тоғызқұмалақ үйретудемін.  Өз балаларым да ойнайды. Қызым  Жайнар 2002 жылы Ақтөбе қаласында өткен чемпионатта жасөспірімдер арасынан алғаш алтын медаль әкелді. Содан кейін «қарадомалақтардың» ойынға құштарлығы артты. Ұстаз ретінде тәрбиеленушілерімнің кең байтақ еліміздің көрікті жерлерін көргенін қалайтынмын. Солай болды да.  Тоғызқұмалаққа қатысқандардың ешқайсысы жаман болмады. Баршасы өздері қалаған мамандықтарына оқыды, әсіресе, математикалық бағыттағы.  Тоғызқұмалақ болмаса, олар қайда шыққандай еді? - дейді  қосымша білім беру педагогі Қ. Қаяпбергенов.

Теңдесі жоқ ойын

Тоғызқұмалақшы қазақ халқының мықтылығын осы ойыннан көруге болады деген пікірді ұстанады. Өйткені ойын  құрылымының өзі тұнған пәлсапа, ұлтымыздың   әдет-ғұрпының бәрі ескерілгенін, киелі сандардың да бұл ойыннан көрініс табатынын алға таратады. «Ойында 10, 19, 28, 37 түйін сандар саналады.  Астрономиялық ұғымдармен байланысты 19-ды - ай дөңгелегі, 28-ді күн дөңгелегі деп атайды.  37 - тақ сан, жүрген отауына екі айналып келеді. Осындай түйін сандардың мәнін түсінген бала ойынды оңай іліп әкетеді. Отаулардың әрқайсының атаулары бар: қақ ортасындағы отауды бел дейді, одан басқа белбасар, арт, тектұрмас, атөтпес, атсыратар, қандықақпан, көкмойын, маңдай болып кетеді», – деді спорт шеберлігіне үміткер, тоғызқұмалақтан ұлттық дәрежедегі төреші Қ. Қаяпбергенов.

Құмалақтарды шебер басқару арқылы қарсыласты бірнеше жақтан қыспаққа алуға, тұзақ құрып шабуылға дайындалуға болады.  Бұл ойын негізі есепке құрылады.  Тоғызқұмалақшы тақтадағы әр отауда неше құмалақ барын және оларды бір-біріне қосқанда жұп не тақ сан шығатынын ойша есептеп отырады. Есептен жаңылысса, онда  жеңіліп  қалады.

– 2008 жылы  тоғызқұмалақтан халықаралық дода облысымызда өтті. Әлемнің  түкпір-түкпірінен ойыншылар келді. Тарихта алғаш рет Қазақстан халықаралық  тоғызқұмалақшылар қауымдастығы   құрылды.  Қауымдастық президенті болып сайланған Әлихан Бәйменовтың   қауымдастықты дамытуда еңбегі зор.  Сол кісінің қолдауының арқасында  тоғызқұмалақ ойыны өте жақсы даму үстінде. Былтыр Азия чемпионаты өтуі керек еді, алайда коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалды. Биыл әлем чемпионаты өтуі керек», – деді Қ. Қаяпбергенов.

Ізбасарлары  бар

Қанапия Қаракешұлының Оралда қызмет еткеніне 11 жыл болды. Шәкірттерінің алды  есейді, енді олар   жастар, ересектер арасында ойнайды.  Шәкірті,  №44 мектептің 10-сынып оқушысы Тайыр Салқай былтыр  облыста 17 жасқа дейінгілер арасында чемпион болды. Биыл да 1-орын алды. Ол жетекшілік ететін үйірмелерден бір жылда кемі   70-80 бала тоғызқұмалақтан жаттығып, түлейді. Айтып отырса, балаларының ішінде осалы жоқ. 2019 жылы шәкірті Ализа Ерниязова Түркияда өткен тоғызқұмалақшылардың V әлем чемпионатына қатысып, жүлдегер атанды. Одан басқа Бекарыс Жортабаев, Аружан Шамрукова, Дильназ Ерниязова, Архат Аманжол, Нұрым Жамбыл, Фариза Құбайдолла, Нұрбақыт Жоламан сынды жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тәрбиеледі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен   халықаралық, әлемдік деңгейдегі көрсеткіштерге ие спортшыларды   ынталандыру бағытында аймақтардағы спортшыларға  шәкіртақы тағайындалады. Мұндай қолдаудың өзі спортшыларды алға жетелейді. Бүгінде облыста үш тоғызқұмалақшы бала осындай қолдауға ие. Соның екеуі  – Қ. Қаяпбергеновтың Әсет пен Ализасы.

Асыл мұра ұмытылмайды

«Жақсы тоғызқұмалақшы болу үшін ұл-қыздың логикасы мықты болуы керек», – дейді жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Қ. Қаяпбергенов. Оның білім саласында тер төгіп жүргеніне 45 жылдан асты. Осы жылдар ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Орал қалалық білім бөлімінің «Үздік ұстаз» белгісімен, тоғызқұмалақ спорт федерерациясының құттықтау хатымен марапатталды және облыстың «Ең үздік бапкері» атанды, VII қысқы Азия ойындары алау эстафетасының алаугері құрметіне ие болды. Бәрінен бұрын тә-жірибелі педагог ата-аналар, әріптестер, оқушылар арасында өзінің білім-білігімен, қарапайымдылығымен зор беделге ие.

Қанапия ағамыз Ағира жеңгей екеуі тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Бүгінде қолдарында келін-баласы бар, немере-жиендерінің сүйікті ата-әжесі. Тұңғыштары Әсемгүл – банк саласында қызметте, Нұр-Сұлтанда тұрады. Жайнары –құрылыс  инженері,  Арайгүл –мұнай-газ саласында. Ұлы Асылан кеден саласында  еңбек  етуде.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлттық ойындарымызды дәріптеп, ұрпаққа жеткізу мәселесі көтерілді. Ендеше, көне замандардан жоғалмай жеткен тоғызқұмалақты жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап жүрген Қанапия ағамыздың өнегесі жастарға жұғысты болсын дейміз. Сонда асыл мұрамыз ұмытылмайды.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале