Өңірімізде пандемия басталғалы коронавирус инфекциясының зертханалық расталған 31 375 жағдайы тіркелсе, тамыздың бірінен бері 200 жағдай анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 55 пайызға өскен. Ауру Орал қаласында, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Қазталов, Ақжайық, Тасқала аудандарында өршіп тұр. Бұл туралы сейсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында айтылды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлімдеуінше, өткен тәулікте коронавирус инфекциясының 115 жаңа жағдайы тіркелген. Өткен аптада 581 нысанды қамтыған 76 рейд жүргізіліп, 10 учаскеде карантиндік шараларды сақтамаудың құқық бұзушылықтары анықталған. Бүгінгі таңда облыста Ashyq қосымшасының көмегімен тек 2289 нысан жұмыс істейді. Соған сәйкес соңғы аптада 72 адам оқшаулануы тиіс еді, ал олардың ішінде 43 адам «қызыл», 29 адам «сары» мәртебелі болған.
Анықталған бұзушылықтар бойынша ӘҚБтК -нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеке тұлғаларға 1 589 765 теңгеге барлығы 37 әкімшілік хаттама толтырылған. Өңірде тұрғындарды коронавирус инфекциясына қарсы кезең-кезеңмен егу осы жылдың ақпанында басталғаны мәлім. Қазіргі таңда вакцинацияға арналған 62 егу пункті жасақталып, вакцинаның І-ші компонентімен 165 908 адам, ІІ-ші компонентпен 118 783 адам егілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушыТалғат Қалибековтың айтуынша, 20 инфекциялық тационарда төсек жүктемесі 48,4 пайызды құрайды. Қаладағы ауруханаларда төсек орындары 62,2 пайызға болса, аудандардағы ауруханаларда 25,3 пайызға толық.
– Алдыңғы аптамен салыстырғанда инфекциялық төсек орындардың 4,4 пайызға азаюы байқалады.Ақпанда күніне орта есеппен 110, наурызда – 260, сәуірде – 2500 адам, мамырда – 870, маусымда – 945, шілдеде – 2158 адам вакцинацияланды. Бір жарым жылға жуық уақыт бойы бүкіл әлем COVID-19 инфекциясының пандемиясында өмір сүруде. Біздің облыстың 31 375 тұрғыны коронавирус инфекциясынан зардап шекті. Вакцинация коронавирустық инфекциядан сенімді қорғауды қамтамасыз етеді. Біз қоғам ретінде вакцинация мәселесіне жауапкершілікпен қарауымыз керек. Вакцинация ағзаның табиғи қорғанысын қолдану арқылы инфекция қаупін едәуір төмендетеді. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін инфекцияның таралуын болдырмайтын спецификалық емес алдын алу шаралары маңызды рөл атқарады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – барлық карантиндік шараларды сақтау және белсенді вакцинациялау, – деді Арман Талғатұлы.
Жиында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мониторингтік топтардың жұмысы туралы баяндады. Қала басшысының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері нысандарға жүргізілген мониторинг барысында 226 бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 10 442 860 теңгеге 152 хаттама жасалған. Жолаушылар автобустарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына еріктілер мен әкімдік қызметкерлерінің күшімен мониторинг жүргізілуде. Автобекеттердің менеджерлері жүргізушілердің санитарлық нормаларды міндетті түрде сақтауы туралы күнделікті тізімі бар журналдар құрған. Маусымның 15-інен бастап қала әкімдігі ғимаратында әкімдік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған екпе кабинеті ашылды. Бақылау топтары санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын және келушілердің үй-жайларына кіруді Ashyq қосымшасының көмегімен жүргізеді. Сондай-ақ, 23 шілдеде «Ақтілек» мейрамханасында заң бұзушылық анықталып, хаттама жасалған. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтілуде. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ғали Есқалиев адам өмірін қорғауда дәрігерлер күні-түні күрескенімен, әр тұрғын денсаулығына немқұрайлы қараса індетті жеңу мүмкін емесін жеткізді.
– Соңғы жеті ай ішінде коронавирустан 375 адам қайтыс болды, ал жол-көлік оқиғасынан 61 адам көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы орын алғанда, адамдар кінәлі адамды іздеп, қоғамдық резонанс тудырады. Ал ковидтен қаза тапқандар саны көп болса да, тұрғындардың бұл жайтқа бейжай қарауы мені қатты алаңдатады. Бұл індетті тек тәртіп пен бірліктің, өзара сенім мен түсіністіктің арқасында жеңуге болады. Осыны кейбір адамдар туыстарынан айырылғанда ғана түсініп жатыр. Алайда, бәрі кеш. Енді сіздер сол қателікті қайталамаңыздар. Біздің басты міндетіміз – адамдардың саулығы мен өмірін сақтау. Осыны орындауда сіздердің көмектеріңіз қажет. Кафе, мейрамхана, базарлардың көбісі бас санитардың қаулысына сәйкес өз жұмыстарын жалғастырып жатқанымен, кәсіпкерлер тәртіпті сақтамай, әлі де ережені бұзуда. Егер осындай фактілер тіркеле беретін болса, бизнес нысандарды жабуға тура келеді. Бұл ең алдымен саналы, барлық талаптарды сақтап отырған кәсіпкерлерге зиян. Тұрғындар арасында «коронавируспен ауырып шықтық, енді бізге жұқпайды» деген қате түсінік қалыптасқан. Сол себепті көбі аурудан қорықпай, той, садақаларға барып жүр. Әр тойда ауырып жүрген кісі бар екенін ескеруіміз керек, – деген Ғали Нәжімеденұлы осы орайда қала басшысына мониторинг топтардың жұмысын одан әрі жандандыруды тапсырды.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz