– Менің тапсырмам бойынша Конституцияға түзетулер енгізу жобасын дайындау жұмыстары шұғыл басталды. Негізгі заңға өзгерістер енгізбей алға қойылған ауқымды өзгерістерді іске асыру мүмкін емес екендігі түсінікті. Шын мәнінде, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр. Біз Жаңа Қазақстанды құру үшін батыл өзгерістер жасауымыз керек. Бұл өзгерісті әркім өзінен бастауы қажет, - деді Мемлекет басшысы партияның кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ Президент Ата Заңға өзгерістер енгізу кешенді жаңартулар үшін қажет деп отыр.
– Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мемелекетіміздің саяси архитектурасын кешенді қайта құруға, билік тармақтарының арасындағы тежеу мен қарама-қайшылықтың теңестірілген жүйесін жасауға бағытталған, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.