14.11.2023, 16:30
Оқылды: 44

Төл тарихыңды тану тектіліктің бір сипаты

М. Өтемісов атындағы БҚУ тарих факультетінің ғимаратында еңбек ардагері Нұрлыбек Бірмановтың «Большой путь славного народа» атты тарихи-танымдық зерттеу еңбегінің таныстырылымы өтті. Аталған іс-шараға әр саланың ардагерлері, оқытушы-профессорлар және студент-жастар қатысты.

ап

Автор осы алғашқы еңбегінде «Қазақ» және «Шеркеш» деген сөздердің түбіне үңіліп, шығу тарихын зерттеген.

Сондай-ақ түркі халықтарының мемлекет болып қалыптасу жолындағы тарихи кезеңдеріне көз жүгірте отырып, ұлттардың атауларының  түпкі мәніне өзінше жорамал жасайды. Айта кетейік, Нұрлыбек Шайдоллаұлы – 1947 жылы 11 маусымда Бөкей ордасы ауданындағы Торғай ауылында дүниеге келген. Кейін 1972 жылы К. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1989 жылы Алматы жоғары партия мектебін, ал 2000 жылы Қазақ ұлттық заң академиясының Батыс Қазақстан филиалын тәмамдаған.

Іс-шараның тізгінін ұстаған тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев кітаптың жас ұрпаққа берері мол екенін атап өтті.

– Қадірлі қонақтар, өздеріңізге белгілі, бұл кітаптың тұсаукесері былтыр өткен еді. Бүгін тарих факультетіндегі ІІІ курс студенттерінің ұйымдастырып отырған іс-шарасында кітаппен толық таныспақпыз. Нұрлыбек Шайдуллаұлының тарихи еңбегі туралы сұрақтарыңыз бен ой-пікірлеріңіз болса, тыңдауға дайынбыз, – деп бастады Жаңабек Жаңабайұлы.

Әрі қарай студенттер бірінен соң бірі кітаптың мазмұнына тоқталып, барынша кеңінен баяндады. Автор «Алшын», «Түрік», «Қазақ», «Шеркеш» этнонимдеріне ерекше мән беріп, соларға арналған тарихи зерттеулер мен ғылыми айналымдағы әдебиеттерді ақтарған және осыған сай ұғымдарға да сілтеме беріп отырған. Жалпы бұл тарихи-танымдық зерттеу еңбегі 15 тарау, 424 беттен тұрады.

– Осында жиналған замандастарыма түсінікті болуы үшін өзім де қысқаша айтайын. Негізінде аталған сөздердің этнонимін зер­де­лей жүріп көптеген қызықты ақпарат білдім. Соған сәйкес өзімше  ой түйіп, түрлі болжам жасап та үлгердім. Бұл кітап енді сондай бір кең көлемдегі жаңалық болмаса да, ішіндегі тарихи тұжырымдарымның жас буынға қажет болатынына сенемін. Біздегі «Алшын» деген сөздің түп негізі «ал – шын», бұл жердегі «шын» – билік деген мағына береді. Яғни билікті қолыңа ал, еңсеңді көтер мағынасында қолданылған болуы мүмкін. Сонымен қатар «Қазақ» дегеннің де шығу тарихында таңғаларлық деректер көп. Әр уақыттағы ғалымдар осы сөздің мәнін түрліше келтіреді. Менің ойымша, «қаз – табу», «ақ – нағыз», яғни «Нағыз табушы немесе іздеуші» деген болжам қисынға келеді. Бұл ретте «Шеркештің» де мағынасы «Қазақ» сөзінен қашықта жатқан жоқ. Өйткені шеркеш сөзі «Жер кез» дегенді білдіреді. Ел аузында «Жер кезіп, шұрайлы мекен іздеп, өзіңе пана тап» деген нұсқада жүргенін аталарымнан өзім де  талай естіген едім. Осы орайда «Қазақ» пен «Шеркеш» сөздерінің синоним екеніне сенбеске болмайтындай, – деп түсіндірді Нұрлыбек Бірманов.

Автор түгел кітапты орыс тілінде жазуына бала кезінен орысша білім алғаны себеп болғанын айтып, қазақ тілінде ойын еркін жеткізгенімен, жазуда мәтінді жұтаң қылып аламын деп қорыққанын жасырмады. Кітаптың таныстырылымына келген өңірге белгілі азаматтар автордың кейбір жорамалдарымен келіспейтіндерін ашық айтып, пікірлердің де алуан-алуан болатынын тағы бір дәлелдегендей. Олардың әрқайсысы көрген-білгендерін, көңілге тоқығандарын ортаға салып, нақты дәлел-дәйектермен өз ойларын жеткізді. Ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан гуманитарлық ғылымы академиясының академигі Тұяқбай Рысбеков те аз-кем ойын айтты.

– Тарихшылардың өзі «Мынау тарихшы» деп жалпы айтыла бергенімен, олардың да ішінде кәсіби тарихшылары бар. Егер біздің әрбіріміз тегімізден жаңылмасақ, түбімізді тани білсек, онда көрінгенге жем болмайтынымыз анық. Біздің тарихымызды бұрмалап келгендер аз емес. Сайып келгенде мықты, білімді азаматтардың зерттеулерінің нәтижесінде тарихта көп құпияның бары белгілі боп жатыр. Сондықтан да білімге һәм білімді азаматтардың айтқан-жазғандарына назар аударып, анықтап қарағанымыз абзал, – деді Тұяқбай Зейітұлы.

Іс-шара соңында тарихи-танымдық зерттеу еңбегінің авторы Нұрлыбек Шайдоллаұлы студент-жастарға ризашылығын білдіріп, кеңесін айтты. «Жастар, сіздер елдің ертеңіне жауап беріп, алдағы уақытта шырағын жағасыздар. Ол үшін білімді болу керектігін ұмытпағайсыздар. Тарихи ізденіске бет бұрып, ұлттың мұраларын танып немесе танытып жүргейсіздер. Ең нашар деген ойындарыңыз шахмат болсын. Әр саланың жүйрігі боп, үнемі көш басында жүріңіздер!», – деп автор тілегін ақтарды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале