20.02.2024, 9:30
Оқылды: 80

Тоң тез жібіп, қар күрт ерісе...

Қоян жылы ақ ұлпаға сараңдық танытпады. Өңірдегі қардың орташа қалыңдығы 12 сантиметрді құрайды. Бұл, әрине, межеден едәуір (6 см) төмен. Бәйтерек, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Қаратөбе аудандарында қар қалың түскен. Облыста қардың орташа ылғал қоры өткен жылғыдан екі есе жоғары, 46 мм шамасында.

Су айдындарын 40 мм-ге дейін қалыңдықта мұз құрсаулаған. «Казгидромет» филиалының басшысы Тілеген Шапанов облыс әкімдігінде өткен жиында мұндай қалың мұздың көктемде еріген қар суының өзен-көлдерге құйылуын тездететінін баяндады. Облыс бойынша орташа тоң қалыңдығы 57 см шамасында, бірақ былтырғы көрсеткіштен екі есе төмен. Бәйтерек, Теректі, Сырым, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында тоң қалың. Алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Шаған, Өлеңті, Шідерті өзендеріне құйылатын су көлемі межеден артық болады. Биыл Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Өлеңті өзендерінде су деңгейі қауіпті шамадан асып, ауылдарды су басу қаупі бар.

Наурыз айының бірінші онкүндігінде ауа температурасы түнде -8, -13 градустан -3, +2 градусқа дейін ауысады, күндіз -4, +1 градустан +1, +6 градусқа дейін жылиды. Кейін ауа температурасы түнде солтүстік аудандарда -12, -17 градусқа дейін, оңтүстік аудандарда -2 градусқа дейін төмендейді. Наурыздың үшінші онкүндігінде ауа температурасы түнде +2, +10 градусқа дейін, күндіз +7, +17 градусқа дейін көтеріледі. Яғни күндізгі және түнгі ауа температуралары 0 градустан жоғары болады. Бұл айда жауын-шашын межеден артық болады деп күтілуде. Қар, қар аралас жаңбыр түріндегі жауын-шашын бірінші онкүндікте және екінші, үшінші онкүндіктің басында күтіледі. Айдың соңына қарай жаңбыр түрінде жауын-шашын болады деп болжануда, – деді Тілеген Қойшыбайұлы.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Рашид Біләловтың айтуынша, ақпанның 25-інен бастап Орал қаласы және аудан әкімдіктерінің сұранысы бойынша мұз жару жұмысы басталады.

- Тасқын суды қауіпсіз өткізуге бағытталған арық-каналдарды тазалау, қамыс шабу және басқа да жұмыс әрі қарай жалғасуда. Облыс бойынша төтенше жағдайды жоюға 1 мыңнан астам бірлік техника, 88 жүзу құралы, 12 аспалы мотор, 329 мотопомпа және 4 мыңнан астам жеке құрам, 23 мың тонна инертті материал, 192 мың дана қап, 557 тонна жанар-жағармай дайындалды. Қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес су тасқынына бейім 147 елді мекенге 47 мың адамға арналған 219 уақытша орналастыру пункті, 317 эвакуациялық техника бекітіліп, үй жануарларын көшіруге 168 қауіпсіз жер белгіленген. Аудандарға қосымша көмек ретінде жолданатын техника да дайын.

Ресейдегі әріптестердің болжамы бойынша биыл 1994 жылғы су тасқыны қайталануы ықтимал. Жайық өзені 6,5 метрге көтерілсе, саяжай алқаптарын су басады, ескі табиғи арнаға жайылатын суды тоқтату қиын. Саяжай тұрғындарына осы жағдай ескертілді, – деді Р. Біләлов.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайыновтың хабарламасына сүйенсек, қазіргі кезде Ирикла су қоймасының 84,2%-ы суға толған. Былтыр осы уақытта судың қашыртылуы секундына 15 текше метр, толтырылуы 68% болған.  Орынбор қаласындағы Нижне-Волжский бассейндік су басқармасының болжамы бойынша 2024 жылы көктем айларында төменге шамамен 500 млн текше метр су жіберіледі. Орал қаласы тұсындағы Жайық өзенінің деңгейі былтырғыдан 62 см жоғары. Көктемде су қоймаларына 117,27 млн текше метр көлемінде су қабылдауға мүмкіндік бар. Тасқын суды көлтабандарға, шабындықтарға және бассейнаралық су жіберу трактісімен Қараөзенге беріледі. Су тасқыны аса қарқынды болған жағдайда Жайық-Көшім жүйесінің бас имаратындағы су қашырту құрылысы іске қосылады.

Шаған су қоймасының деңгейі су тасқыны қарқынды жылдары Жайық өзенінің деңгейіне тікелей байланысты. Жайық өзенінің деңгейі 630 см-дан асқан кезде Шаған кері ағып, өзен бойындағы саяжай қоғамдарын су басу қаупі туындайды. Соңғы жылдары Шаған өзенінің жағалауында салынған ғимараттардан ине шаншар орын қалмады, су қорғау аумағы түгілі, су қорғау белдеуі де құрылыстар астында қалды. Ресейлік әріптестер ақпан айының бірінші және екінші онкүндігінде ауа температурасының жоғарылауы Александров Гай, Ново­узен, Ершов аудандары аумағындағы қар қорын азайтқанын айтып отыр.  Бірақ сай-сала суға толы және күзгі ылғалдылық нормадан анағұрлым жоғары, оған қоса Қараөзен арнасында орналасқан Ресейдің Алексан­дров Гай және Приузен су қоймалары 90, Сарыөзен арнасында орналасқан Варфоломеев су қоймасы 59%-ға толған. Ақпан айының 18-інде «Саратовмеливодхоз» мамандарымен бірге Қараөзен және Сарыөзен бассейндеріндегі қар қорын және Саратов облысы аумағындағы су қоймаларының жағдайымен танысуға барады. Оның қорытындысы тиісті басқармаларға, аудан әкімдіктеріне ұсынылады, – деді Рауан Құсайынов.

Жиынға онлайн қатысқан Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов тасқынның алдын алу шаралары туралы баян етті. «Шыңғырлау өзенінде мұз жару жұмысы жүргізіледі.

Қалыңдығы 45 сантиметр шамасындағы 3 мың шаршы метр мұзды жарады. Бұл аз аумақ, өйткені өзеннің ені 30 сантиметр десек, барлығы 210 метр жердің мұзы жарылады. Сондықтан былтырғы жағдайды ескеріп, тағы біраз жерді жаруға қосымша қаржы бөлдіртуіңіз сұралады», – деген Е. Ихсановтың сөзін облыс әкімі қолдады.

2011 жылы облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысан (Кардио орталық, Еуразия, Атамекен, Самал лагерьлері, қарттар үйі, қазіргі «Білім-Инновация» мектебі) су астында қалды. Былтыр медколледж, Мөңкеұлы көшесіндегі 105-үй, балалар ауруханасы, Тоқпай ауылындағы үш қабатты тұрғын үй секілді нысандардың жертөлелері суға толды. Осы себепті аталған мекемелердің басшыларынан бағынысты нысандарда тасқынның алдын алуға дайындықтары жайы сөз болды. Сондай-ақ  аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар барысы пысықталды. Нариман Төреғалиұлы қала, аудан әкімдеріне уақыттың аз қалғандығын ескеріп тасқынға қарсы жұмысты қарқынды жүргізуді тапсырды.

нариман

Биыл өңірдегі 147 елді мекенді, 47 жол бөлігін су басуы ықтимал. Өткен жылы 7 жол учаскесін су шайып кетті. Сондықтан ондай жағдай қайталанбауы үшін тиісті шаралар қолға алынған. «Қазір 27 техника 30 жол жұмысына бекітілген. 300 текше метр құм, 190 мың қиыршықтас, 3 мың қапшық дайындалды. Мердігер «Казсервис» компаниясы 20 мың қапшық сатып алды», – деді «Қазавтожол» ҰК» БҚО филиалының директоры Асылбек Мардан.

Су тасқыны кезеңінде әр елді мекен бақылауға алынып, су басу қаупі болса, жедел ақпарат берілу керек. Арнайы техниканың және гидроқұрылғылардың дайындығын тексеріп, жұмылуға дайын болыңыздар. Ауто және теміржолдағы су өткізу құбырларын, көпірлерді тексеріп, тазалығын қамтамасыз етіңіздер. Жанар-жағармай, инертті материалдар қорын ұлғайту керек. Эвакуациялау пункттерінің және техникалардың дайындығын тағы да тексеріңіздер, – деген облыс әкімі сала басшыларына, әкімдерге тиісті тапсырмалар берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Қарабалаев пен төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Нұралы Мүсиев көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмысын баяндады.

мади салык

Иә, желтоқсан-қаңтар айларында өңірімізде жауын-шашын мөлшері мол болғаны көпке мәлім. Жалпы көктемгі су тасқынына әсер ететін негізгі факторлар – топырақ пен қардың ылғал қоры, тоң мен мұздың қалыңдығы, көктемгі ауа райының температуралық режімі. Осы ретте әр аудан аумағына түсетін жауын-шашын мөлшерінің де түрліше болатындығын ескерген жөн. Енді «Қазгидромет» мамандарының есебінше қардың ең жоғары ылғалдылығы Тасқала, Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында тіркелсе, Шыңғырлау, Шежін - 2, Деркөл, Шаған, Өлеңті және Шідерті өзендері бассейндеріндегі ылғал мөлшері орташа көпжылдық көрсеткіштен төмен. Өзен-көлдерде сеңдер тұрып қалмас үшін кешікпей мұзды қолдан жару ниеті болса, әр апта сайын облыс орталығы мен жекелеген аудандарда сенбіліктер де өтіп жатқан көрінеді. Осы жайларды баяндаған сала басшылары одан әрі көктемгі су тасқынының облыс бойынша күтілім көлемін, былтырғыдан топырақтың қату тереңдігі төмендігін, мұз қабығының қалыңдығын нақты деректермен жеткізді.

замир

Спикерлердің мәлімдеуінше, биыл 147 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазір сақтық шаралары күшейтіліп, 100-ден астам техника мен жабдықтар сатып алынса, соның ішінде жүзу құралы – 88, аспалы мотор – 12, мотопомпа – 329. Бұдан бөлек 23 374 тонна инертті материал, 192 710 дана қапшық дайындалып, 557 тонна жанар-жағармай қоры жасақталған. Сосын кешенді жоспар шеңберінде 19 уақытша гидробекет орнатылса, 29 шақырымнан астам қорғаныс бөгеті нығайтылыпты. Мұның сыртында су басу қаупі бар 49 учаске (46-сы – аутокөлік  жолы, 3-еуі – теміржол) анықталып, 15 шақырымдай арық қазылған. Қысқасы, өңіріміздегі негізгі күштер мен құралдар төмендегі кестедегідей түзілген. Сондай-ақ брифинг мінбесінен төрт бағыт бойынша (біріншісі – Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, екіншісі – Сырым және Қаратөбе, үшіншісі – Тасқала, Казталов, Бәйтерек, Жәнібек, төртіншісі – Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандары) жедел топтар құрылғаны айтылды. Жылдағыға қарағанда қардың ерте еру ықтималдығы да басым. Бүгінгі таңда елді мекендерден 400 мың текше метр шамасында ақ ұлпа шығарылса, арықтар мен каналдарды, өзге де су өткізу құбырларын тазалау жұмысын да қолға алынған. Саяжай тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы жадынамалар таратылыпты. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Шаған өзені жағалауынан бой көтерген жаңа құрылыс нысандары түрлі қиындықтар туғызып отырғаны аңғарылды. Сол Шағанның тасуы Жайық өзенінің көтерілу деңгейіне тікелей байланысты екенін ескерсек, қауіп-қатер аяқ астында. Айтпақшы, космомониторинг қызметтерін алуға, мұз жару жұмыстарын жүргізуге һәм тікұшақ көмегіне жүгінуге де арнайы келісімшарт жасалып қойыпты.

 

Бөлімше атауы Саны
ж/қ (адам) техника (бір) жүзу құралы/ аспалы мотор (бір) мотопомпа
1 ЖҚЖ 47 10 31/0 7
2 «ӨСжАҚЖҚ» 258 53 5/0 63
3 ЦМК 17 4 0 0
4 ПД 260 27 0 0
5 5517 ӘБ 60 2 0 0
6 ЖАО 3289 843 40/12 259
7 Жол және көпір қызметі 112 111 0 0
Барлығы 4043 1050 76/12 329

 

Гүлбаршын Әжігереева,

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Фотоға түсірген: Мәди Салық, Замир Габдрахманов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале