Әлем чемпионаты топтық кезеңінің екінші тур ойындарын «G» және «Н» тобының командалары түйіндеді.
Жасыл алаңға алдымен, «G» тобындағы Камерун мен Сербия командалары шықты. Нағыз спектакль ұсынған қос ұжым 3:3 есебімен тең түсіп, алғашқы ұпайларын иеленді. Ал осы топтағы Бразилия мен Швейцария матчы «Селесаоның» (Бразилия командасының лақап аты) пайдасына аяқталды. Ойындағы жалғыз голдың авторы Каземиро. Ол «Сағаттар елі» командасының қақпасын ойын сағатының 83-минутында дәл көздеді. Осылайша бразилиялықтар плей-офф мәселесін күні бұрын шешті.
Үшінші турда Камерун Бразилиямен, Сербия Швейцариямен күш сынасады. Әзірге үш ұпайы бар Швейцарияның келесі кезеңге өту мүмкіндігі жоғарылау. Оларға тең ойнаса да жеткілікті. Ал сербтер мен Камерун қалай да қарсыласын жеңуі керек.
«Н» тобындағы Португалия да келесі кезеңге өтті. Екінші турда Уругвай жігіттерімен кездескен Роналду мен оның командасы 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Оңтүстік Корея мен Гана матчында 5 гол соғылды. Осылайша бірінші турда португалдықтардың өзін састырған африкалық команда 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ұпайын түгендеді.
Соңғы турда Гана мен Уругвай, Оңтүстік Корея мен Португалия ойнайды. Әзірге екінші орынға жайғасқан Гананың топтан шығар мүмкіндігі жоғарырақ. Бірақ Уругвай да үйіне ерте қайтқысы келмейтіні анық. Оңтүстік Корея да португалдықтарға тегеурінді қарсылық танытуға дайын.
Сейсенбі күні «А» және «В» тобының командалары топтық кезеңді аяқтады. Алдымен, мундиаль қожайындары тегеуріні мықты Нидерланд құрамасымен шеберлік байқасты. Ойын көпшілік күткен нәтижемен аяқталды. Қызғалдақты ел жігіттері катарлықтар қақпасына жауапсыз екі гол соғып, плей-офф кезеңіне өтті. Ал екінші орын үшін болған матчта Эквадор мен Сенегал кездесіп, нағыз футбол мерекесін көрсетті. Өліспей беріспеуге бекінген командалардың ойыны сенегалдықтардың жеңісімен аяқталды. Есеп: 2:1. Ал «В» тобында көпшілік күткендей Англия жеңімпаз атанды. Үшінші кездесуінде Уэльс командасын 3:0 есебімен қапы қалдырған ағылшындар топ жеңімпазы атанса, Иран құрамасын 0:1 есебімен ұтқан АҚШ келесі кезеңге берілер жолдаманы қалтасына басты.
Екінші турдан соң Катар мен Канаданың құрамалары келесі кезеңге өту мүмкіндігінен толық айырылған еді. Енді олардың қатарына Иран мен Уэльс және өте тамаша өнер көрсеткен Эквадор қосылды.
Үшінші турдың алғашқы ойындарынан соң чемпионаттың үздік сұрмергендер тізімін үш гол авторы атанып үлгерген нидерландық Коди Гакпо, франциялық Килиан Мбаппе және ағылшын ойыншысы Маркус Рашфорд бастап тұр. Бұл тізімде эквадорлық Эннер Валенсия да бар. Бірақ оның командасы жарысты ерте аяқтағандықтан, Эннер үздіктер сапында ұзақ тұрмайтыны анық. Ал голдық пас берген футболшыларға келсек, үш нәтижелі пас берген Англия құрамасының серкесі Харри Кейн ешкімге дес берер емес. Ал гол да соғып, нәтижелі пасты да ұсына білген шебер футболшылардың тізімін 4 ұпайы бар португалдық Бруно Фернандеш пен дәл сондай ұпайы бар француз Килиан Мбаппе бастап тұр.
Қызық дерек
Чемпионаттың бірінші турында еліндегі жағдайға наразылық ретінде Отанының гимнін айтпаған Иран құрамасының ойыншыларын сол елдің құзырлы құрылымдарының қызметкерлері қудалауға кірісіпті. «Енді наразылық білдірсеңдер, елде қалған тума-туыс, жақын-жуығының жағдайы қиындайды», – деген сыңайда әңгіме айтылды деген ақпарат тарады.
Фуболшыларын жазаға қиған жалғыз Иран ғана емес. 2010 жылы Португалия, Бразилия, Кот-Д'Ивуар құрамаларымен бір топқа түсіп, үйлеріне ерте қайтуға мәжбүр болған Солтүстік Корея құрамасының футболшылары да қудалауға ұшырайды деген ақпарат желдей ескен. Тіпті кей ойыншылары Отанына қайтуға қорыққан еді. Бірақ ол деректер расталмады. Сол кезде ресейлік «Ростов» командасының сапында болған солтүстік корейлік Хонг Ён Чо командасының сапына кешігіп қосылды. Оның қайда болғанын, не себепті қосынға кешіккенін ешкім білмеді.
Кеше танысым: «Соңғы тур ойындары өте тартысты әрі қызық өтеді. Бірақ неге оларды бір уақытта көрсетеді? Қай ойынды қарарымызды білмей, дал боламыз», – деді. Футбол тарихы оған да өз жауабын береді. 1982 жылға дейін топтық кезеңнің соңғы ойындары бірінен соң бірі, кейде араға күн салып өткізілді. Сол жылы Испанияда өткен мундиальда Австрия, Германия, Чили мен Алжир бір топқа түсті. Алғашқы ойында Алжирден ұтылған немістер соңғы матчта Австрияны 1:0 есебімен жеңуі керек болды. Тек сондай жағдайда ғана еуропалық қос ұжым келесі кезеңге өтетін еді. Австрия мен Германия келісіп алып, қажетті есепті ұстап тұрды. Оның арты үлкен дауға ұласып, Германия мен Австрия ойынына «Хихон масқарасы» деген ат таңылды. Содан бері кез келген турнирдің соңғы тур матчтары бір уақытта өткізіледі.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz