Аңыз бойынша ертеде құстың тілін түсінетін Ділмаран деген кісі өтіпті.
Фото: pixabay.com
Бірде ол торғайдың жанұшыра шықылықтаған даусын естиді. Жетіп барса, екі жүгірмек торғайдың жұмыртқасын жарып жатыр екен. Төбесінде ұшып жүрген торғай: «Торғай деген атым бар, Бір жапырақ етім бар. Жұмыртқамды шаққандар, Әкең жауға кетсін де, Шешең өліп, жетім қал!» - деп қарғайды екен.
Ділмаран балаларды жетектеп, әке-шешелеріне апарады да, торғайдың қарғысы жайлы айтып береді.
- Құстың да қарғысы болады. Торғайдың наласы жетсе, үйлеріңе қаза жетеді. Ұлдарың балалық қылыпты, жеті шелпек пісіріп, садақа тартыңдар. Нала да, қарғыс та сонымен кетсін, - дейді.
Балалардың ата-анасы Ділмаранның айтқанын істеп, жеті шелпек таратады. Осылайша бір отбасы қауіптен аман қалып, ешкімді қырсық шалмапты. Ал Ділмаран болса, ел арасында «Құстарға тиіспеңдер» деген насихатын жалғастыра беріпті.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz
(«Салт-дәстүр сөйлейді». Хрестоматиялық анықтамалық. А. 2017 жыл)