18.06.2023, 14:26
Оқылды: 57

«ТорІQ- цифрлық оқулықтары» - білім сапасын көтереді

Бүгінде біздер ақпараттандыру дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Адам баласы жыл санап емес, ай санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-соңды адамзат бастан кешпеген жаңа әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі таңда бұл технологиялар жасақталу үстінде. Соның ішінде елімізде мектептік білім беруді цифрландыру да басты назарда.

WhatsApp Image 2023-06-18 at 11.24.14

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналды. Білім саласында да енгізіліп жатырған жаңалықтар мен жаңашылдықтар аз емес. Соның бірі, әрі бірегейі «Алматы кітап баспасы» ұсынып отырған заманауи кітапхана «ТорІQ-цифрлық оқулықтар» платформасы. Бұл – тұңғыш отандық цифрлық оқулықтар платформасы.

WhatsApp Image 2023-06-18 at 11.24.15

Мектеп оқушыларының білім сапасын көтеруде цифрлық технологиялардың маңызы зор.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдету» жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жасалған веб-платформаның мұғалім мен оқушы, ата-ана үшінде  пайдалы өнім деп айтуға болады. Бұл өнімнің артықшылықтары неде?

Электрондық оқулықтар баспа оқулықтың баламасы ғана емес, мұнда түрлі интерактивті тапсырмалар, бейне, аудио материалдар қоры көп. Қолданушылар үшін 1-11 сыныптардың барлық оқулықтары қолжетімді. Аталған оқулықтар күнделікті қолданыстағы жай оқулықтарға өте тиімді қосымша мүмкіндіктер береді. Электрондық материалдарды пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен практикалық тапсырмалар орындай отырып, тақырыпты түсінеді.Түсіну қиын тақырыптарды электронды оқулықтың әртүрлі замануи әдістерінің көмегімен түсіндірсе жаңа тақырыпқа деген баланың қызығушылығы артады.Екіншіден, электронды оқулықтар оқушыларға ауыр сөмке көтеріп жүруден құтқарып, денсаулығын сақтайды. Тағы бір артықшылығы, өткен материалдарды бірнеше рет қайталауға, тыңдауға таптырмас мүмкіндік.

WhatsApp Image 2023-06-18 at 11.24.15 (1)

Платформаны қолданудың оқушы мен мұғалім үшін тиімділігін, жеңіл екенін түсінген ұстаздар ТорІQ- цифрлық оқулықтарын ашық сабақтарында пайдалана алады. Өйткені оның ішінде тапсырмалар ойын арқылы жеңілдетілген қызықты тапсырмалар түрінде берілген.Әсіресе интерактивті тапсырмалар мен анимациялық материалдар, бастауыш сыныптарға арналған цифрлық контенттер мұғалімдерге өте тиімді. Математика пәнінің мұғалімі ретінде аталған платформа арқылы бағалау өте ыңғайлы болғанын байқадым. Сондай-ақ белсенді емес оқушылардың үй тапсырмасын орындай бастағанына көзім жетті. Мұндағы аудио, бейне, әдістемелік материалдар мұғалімдердің энергиясын үнемдеп, оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға оң әсер ететіні сөзсіз.

Тіпті электрондық кітаптардың сабақтан тыс кезде де пайдасы ұшан-теңіз. Өйткені әр адам білдей бір кітапхананы өзімен бірге алып жүре алады. Электрондық оқулықтар өте ыңғайлы, қолжетімді, жеңіл, жаңашыл, сапалы және үнемі қолыңда жүреді. Яғни, барлық қажетті кітап, кітапхана сенің смартфоның мен ноутбугіңде тұрады. Дүиедегі ең қымбат сыйлық –кітап ғой. Таным көкжиегіңді кеңейтіп, рухани қазынаны сыйға алу үлкен мәртебе. Осы ретте платформадағы көркем әдеби кітаптарды басқа отбасы мүшесіне сыйға тартуға болады. Яғни сізғни сіз бір кітап емес, «Алматы кітап» баспасының барлық кітаптарын қарауға мүмкіндік беріп, кітапхананың өзін сыйға тартуға мүмкіндігіңіз бар.

Гугл мен интернет дәуірінде дүниеге келген балалардың білімді қабылдауы мен қорытуы өзгеше. Жас мамандарда да жан жақтылық, цифрлық білімге құштарлық басым. Заман талабы да сондай тұлға болуды талап етеді. Еліміздің дамуы білімді жастардың қолында. Сондықтан да олардың бәсекеге қабілетті білім алуы да міндетті. Ал электронды оқулықтар білім процесін оңтайлы ететін замануи өнім.

 

Үміт Жангірова, 

Орал қаласы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале