3.04.2026, 12:00
Оқылды: 9

Торқалы тоқсанның төрінде

Асқар  Атаев  десе,  есімізге  бірден  М.  Ықсанов  атындағы  қоғамдық  қор  еске  түседі.  Ақсақал  мемлекет  қайраткерінің  ерен  еңбек  жолын  насихаттаудан жалыққан  емес.  Қапсағай  денелі,  қимылы  шалт  Асқар  Қабдолұлының  абырой-беделі  зор,  ат  үстіндегі  азаматтарға  сөзі  өтімді  екенін  білеміз.  Соның  арқасында  Мұстақым  Біләлұлындай  көрнекті  тұлға  тағылымын  кейінгі  буынға  үлгі  етіп,  санасына  сіңіру  үшін  қорға  да  біраз  қаражат  тартты,  жыл  сайын  игі  іс-шаралар  ұйымдастырып,    тыным  таппастан  әр  істің  басы-қасында  жүрді.   

 WhatsApp Image 2026-04-03 at 12.05.42

Ардақты ақсақал, қоғам қайраткері Асқар Атаев осы  айда торқалы тоқсанға табан тіреді. Әлі күнге тың, жүріс-тұрысы ширақ. Өмір жолындағы жарқын белестер жадында сайрап тұр. Кеңестік кезеңде партия қызметінде ысылған Асқар аға ескі көзқарастар мен тұжырымдардан ада. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде Тәуелсіздік уығын нықтауға тәжірибе-тәмсілін аямағаны анық.

А. Атаев 1936 жылдың 1 сәуірінде Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық кеңесіне қарасты Көлтабан ауылында өмірге келген. Балалық шағы соғыс кезеңіндегі қиын-қыстау жылдарға тап болды. Бірақ «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» деген мәйегі бөлек мақал бар. Алма-кезек өмірдің ыстық-суығын қатар көріп, шарға ұстаған шымболаттай шамырқанып, шынығып өсті.

«Бозбала дәурені соғыстан кейінгі қиын уақыттарға тап болған ағамыз колхоздың қиын жұмыстарын атқарып, тапқанын тең бөліп, ағайын-тума, жақын-жуықтарға жәрдем берген, жастайынан шыңдалған», – дейді ауылдас інісі Салауат Ғаббасұлы.

Әкесі Қабдол – қанқұйлы майдан даласында қолына қару ұстаған адам, екінші топ мүгедегі. Ел-жұртқа сыйлы болған Қабдол әкей Ворошилов (Көлтабан) колхозын басқарған. Еңбек майданындағы әке тәлімі еш кетпеді. Асқар Атаев Жәнібек қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, 1955 жылдан бастап Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқыды. Содан кейін, яки 1957-1960 жылдары кеңестік әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеді.

Кеңестік жүйеде әдетте жас маманды мансап жолында біртіндеп өсіреді. Зерек жас маманның бірі Асқар Атаев аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып еңбек жолын бастады. Екі жылдан кейін Жәнібек аудандық атқару комитетіне қарасты дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  болып тағайындалды. Осыдан-ақ Асқар ағаның спортқа да бейім болғанын аңғаруға болады. «Бала күннен жеңіл атлетикаға үйір едім» деп еске алады бүгіндері кейіпкеріміз. Жүгіруден алдына қара салмапты. Ерте жастан еңбекке араласқан, қолды-аяққа тұрмайтын қағілез баланың қозы-лақ бағып, бұзау қайырып жүріп, желаяқ болуы, содан тарамыстай таралып өскені өмір соқпағында өзге де белестердің бағындыруына сеп болса керек.

...Жас азамат ізденуден жалыққан емес. 1964 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша тәмамдайды. Содан соң бір жыл бойы Жәнібек аудандық өсімдіктерді қорғау станциясында аға агроном болып қызмет істейді. 1965-1969 жылдары Жәнібек аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы  қызметін  атқарды.

Кеңестік кезеңде идеология жұмысын жүргізу – сол кездегі саясаттың өзегі болды десек, артық айтқанымыз емес. Жалпы Асқар Қабдолұлы – саяси таным-түйсігін, қарым-қабілетін тәжірибе жүзінде байытқан іскер маман. 1971 жылы Қазақстан  коммунистік  партиясы орталық комитетінің жанындағы жоғары партия мектебінде оқып, білім-білігін жетілдірген.

Өмірбаяндық дерегіне үңілсек, Асқар Қабдолұлының қай іске де бейім болғанын байқаймыз. Аттай он жыл бойы аудан орталығының іргесіндегі ауылды гүлдендіруге бар күш-қайратын жұмсапты. Атап айтсақ, 1969 жылдың қазан айынан 1978 жылдың тамыз айына дейін «Ұзынкөл» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып абыройлы қызмет атқарды.

«Мен ес білгелі ауданда «Ұзынкөл» совхозы жаңылмасам, 1965 жылы құрылғанда ағамыз осы шаруашылықта партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. Марқұм әкеміз еске алып айтып отырушы еді: Асқар Атаев маман таңдау, жұртты ортақ жұмысқа жұмылдыру, тағылымды іс-шаралар ұйымдастыру, шаруашылық көрсеткіштерін жақсарту бағытында іскерлік қабілетін танытты. Сол жылдары «Ұзынкөл» совхозы республикада мал шаруашылығы өркендеген шаруашылықтың бірі болды. Іскер маман әрқашан сұранысқа ие, көп ұзамай Асқар ағамызды аудандық партия комитетіне қызметке алды», – деп еске алады Салауат  Ғаббасұлы.

Осылайша Асқар Қабдолұлының мансап жолында өрлеу жылдары басталды. 1980-1985 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Сосын Жәнібек аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына  тағайындалды.

Атаевтың ауданда кадр резервін қалыптастыруға үлес қосқан қайраткерлігі өз алдына бөлек әңгіме. «Атаевтың шекпенінен шықтық» деп айтып жүретіндер аз емес. Жол нұсқап, жөнін айтып, жоба көрсетіп жүретініне замандастары куә. 1970-1980 жылдары «Ұзынкөл – кадрлар ұстаханасы» деп айтылуы тегін емес. Асқар аға бір естелігінде партия ұстанымына сай кеңшарда агроном болған Жұмакерей Қажыповты «Қайрат» кеңшарының директоры қызметіне тағайындауына ықпал еткенін айтады. Мұндай мысалдар аз емес. Ұзынкөл ауылында кадр жөнінде инспектор қызметін атқарған Сара Ихсанова ауылдық кеңес төрайымы болып сайланады. Бұдан кейін Жәнібек аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып 20 жылдан астам еңбек етті. Ардагер-ұстаз, зейнеткер, Жәнібек аудандық колледжін ұзақ жыл басқарған Қабаш Жүнісов Асқар ақсақалдың кейінгі буынға жасаған жақсылығын, ерекше ықылас-пейілін тебірене баяндайды.

«Асқар Қабдолұлы қызметке кіріскеннен бастап партия жұмысының шынайы жанашыры, зиялы жан, үлкен мәдениеттің иесі екенін байқадым. Оның келісті келбеті, артқа қайырған қою қара шашы, әр сөзді салмақпен, байыппен жеткізетін ұстамды мәнерін ілтипатпен еске аламын. Ол кездерде Кеңес одағы Коммунистік партиясы жас кадрларды даярлау жұмысына  үнемі  көңіл  бөліп  отырды.

Мектептерде октябрят, пионер және комсомол ұйымдарының бастамасымен жастардың тәрбиесіне мән беріліп, басшы кадрларды комсомол ұйымының жолдамасымен іріктейтін еді. Аудандық партия комитеті аппаратында 5-6 жыл қызмет істетіп, тәжірибе жинақтағаннан кейін, аудандық партия комитетінің ұсынысымен кеңшар директоры, партком, өндіріс, мекеме басшысы етіп тағайындап, қызмет бабында  отырды.

– Мені де аудандық партия комитетінің хатшысы А. Атаевтың ұсынысымен 1980 жылы аудан орталығындағы іргелі Т. Жароков атындағы қазақ орта мектебіне директор етіп жіберді. Соңынан Асқар Қабдолұлы бұл мектепті «Өзім оқыған мектебім», ал мені «Өзім ұсынған директорым» деп, мектеп жұмысын сырттай қадағалап, үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ол өзім мектепте істеп жүрген жылдары мектептегі басшылық жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде тәлімгер-ұстазым болды. Ұстазымның басқару ісіне баулуының арқасында 28 жыл үздіксіз мектеп пен колледжде директор болып, осы мерзім ішінде 1000-нан астам мектеп түлегіне орта білім туралы аттестат, колледжді тәмамдаған 400-ге жуық жас маманға жұмысшы дипломын табыстап, үлкен өмірге жолдама ұсындым», – дейді Қабаш Жүнісов.

Асқар Атаев 1987-1996 жылдары облыстық агроөнеркәсіптік комитетінің әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі, 1996 жылдың ақпанынан қараша айына дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы қызметін атқарып, құрметті демалысқа шықты. Ақсақалдың қоғамдық қызметте де қайраткерлігі ерен. Бірнеше мәрте ауылдық кеңес пен аудандық атқару комитетінің депутаты болып сайланды. 1975-1978 жылдары облыстық партия ұйымының тексеру комиссиясының мүшесі ретінде де абырой-беделі зор болды.

атаев — копия

Туған өлкеге сіңірген еңбегі үшін 2015 жылы Жәнібек ауданының құрметті азаматы атанды. 2005 жылдан бастап М.  Ықсанов атындағы қоғамдық қорға жетекшілік етеді. 2019 жылдың шілде айынан бастап Батыс Қазақстан облысы Билер одағы кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Жуырда Асқар Қабдолұлының «Тоқсан жылдың түйіні» атты кітабы жарық көрді.

Асқар аға – елге танымал талай тұлғамен дәмдес болған, аудан-ауылдарды аралап келген талай тарланды төріне шығарып, ғибратты әңгімесін тыңдаған азамат.  Мәселен, Роза Бағланова, Әсет Бейсеуов, Жұбан Молдағалиев, Ісмет Кеңесбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісовпен болған сұхбат-мәжілістері әрқайсысы өз алдына  бір төбе әңгіме. «Тоқсан жылдың түйіні» атты деректі кітапта ардагердің өмір жолына қатысты тосын сыр көп. Әсіресе, Күйгенкөлдегі Әуен ата мен Ұзынкөлдегі Әтеш атаның әулиелік қасиеті туралы толғаныстары оқыған адамды тебірентпей қоймайды.

Бүгінде торқалы тоқсанның төріне шыққан Асқар ақсақалдың Қорқыт ата, Анар Рзаев, Мөңке би, Қадыр Мырза Әли, Ескендір Зұлқарнайын, Абай, Фирдоуси, Франк-Вольтер, Штаймайер, Әл-Фараби, Мәшһүр Жүсіп, Шәміл имам, Шәкен Айманов, Александр Блок, Сократ сынды тарихи тұлғалардың айтқан тағылымды түйін сөздерін, өмірлік өнегелерін, дүниетанымдық ұстанымдарын кейінгіге ғибрат ретінде жүйелі ұсынуы үлкен-кішіні бірдей сүйсіндірер ерекше  қасиет  екендігі  сөзсіз.

Нұртай Текебаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале