Осындай атаумен бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара өтті.
Ең әуелі экраннан қазақ халқының «ұрын бару» салты жөнінде бейне-слайд көрсетілді. Осы бір салтты насихаттау мақсатында орталық қызметкерлері көрініс сахналады. Шағын қойылымда қалыңдығымен танысуға келген күйеу жігіттің достары арнайы жайылған дастархан басында ән салып, жырдан шашу шашты. Көрімдік беріліп, қазақтың түрлі жөн-жоралғысы жасалды.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла сөз алып, шара қатысушыларын мерекемен құттықтады. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, еңбек ардагері Есберген Әжібаев, кәсіпкер, өнер жанашыры Құсайын Бақтияр және «Шұғыла-Принт» баспаханасының директоры Асқар Бекчуринді Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Батыс Қазақстан аймағы бойынша бөлімшесінің ұсынысымен дайындалған дала реформаторы, даңқты батыр Сырым Датұлы атындағы төсбелгімен марапаттады.
Мерекелік шара барысында өңірімізге белгілі әншілер Ернар Өмірәлі, Жаңылсын Хасанова, Альберт Ғазизжанов және «Інжу», «BatysStar» топтары «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Тамаша», «Кең дала», «Наурыз - думан» әндерін шырқады. Жас ақын Әнуар Аманжолов «Көктем» атты өлеңін оқыды. Республикалық конкурстардың лауреаты Берік Шаймарданов Құрманғазының «Сарыарқа» атты күйін тартты.
Мерекелі-берекелі Наурыз мейрамы Қадыр сарайында осылайша аталып өтті.
Марлен Ғилымхан