23.09.2020, 14:17
Оқылды: 13

Төрт өңірде құс тұмауы тіркелген

Қыркүйек айының басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында үй құстарының құс тұмауын жұқтыру ошақтары тіркелді. Аталған індет Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар секілді төрт өңірде расталған. Анықталған оқиғаларға Қарағанды облысында зертханалық зерттеулер жүргізілуде.

 DSC_0012

Бұл туралы жақында өткен баспасөз мәслихатында БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев мәлімдеді. Құс тұмауының алдын алу тақырыбында өткен брифингке сондай-ақ облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазыбек Ташимов, өңірлік тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев қатысты.

DSC_0009

- Құс тұмауы – бұл өткір вирустық ауру, ауыр ағыммен және өлімнің жоғары пайызымен сипатталады. Құс тұмауының қоздырғышы мұздануға (қатуға) шыдамды және су мен құс саңғырығында ұзақ уақыт сақталады. Ал құстың қаңқасында вирус бір жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Вирус тек жоғары градуста қайнаған кезде ғана өледі. Адамға құс тұмауының қоздырғышы инфекциялы құстардан ауа тамшылары арқылы жұғады. Осыған байланысты облыс кәсіпорындарында алдын алу іс-шаралары жүргізілуде. Қоздырғыш қазіргі уақытта маусымдық қоныс аударатын жабайы жыл құстары арқылы таралуы мүмкін. Құс тұмауының көрші аудандарға таралуы тек қоныс аударатын құстар арқылы ғана емес, сонымен қатар бұрын шығарылған өнімдер арқылы да қауіпті. Аталған індет таралмауы үшін иммундық жүйені нығайту, таза ауада серуендеу, үйдегі тазалық, алдын алу үшін дәрумендер мен вирусқа қарсы препараттарды қабылдаған жөн. Сондай-ақ қарапайым маусымдық тұмауға қарсы вакцинациядан өту түрлі асқынулардың дамуын бәсеңдетуге көмектеседі. Сондықтан жұмыртқа, құс еті секілді тағамдарды пайдаланбас бұрын суға әбден қайнату керек. Ал егер аурған немесе өлген құспен байланыстан кейін тұмаудың алғашқы белгілері пайда болса, сіз дереу дәрігерге жүгінуіңіз қажет, - деді Жасұлан Жұмашев.

DSC_0008

Ал Қазыбек Ташимовтың мәлімдеуінше, құс тұмауы адамның тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің, орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен және жоғары өліммен сипатталады екен. Ауруға үй құстарының барлық түрі, синантропты және жабайы құстар бейім. Ол құстарға, соның ішінде кейбір үй құстарына жұғып, оларды күту, етін бөлшектеу кезінде адамға да жұғуы мүмкін. Жабайы құстар, әсіресе суда жүзетін үйрек, қаздар індеттің таралу көзі болып табылады. Үй құстарының ішінде бұл індетке тез шалдығып, жұқтыру көзі болатын – тауықтар мен күрке тауықтар. Оларды тұмауды тез жұқтырып, жаппай қырылып қалады. Құстар арасында ауру қоздырғышы ауа тамшылары арқылы, сонымен қатар ауру құстармен ортақ тамақтану ыдыстары арқылы, нәжісі арқылы таралады. Көбінесе эпидемия күзгі-қысқы кезеңде байқалады.

Инфекция жұқтырған тауықтарда аурудың алғашқы белгілері бір күннен соң пайда болады. Аурудың жіті түрінде құстардың жұмыртқалауының төмендеуі, тамақтанудан бас тартуы, тыныс алу мүшелері мен жұтқыншақтың бітелуіне әкелетін кілегейлі сұйықтықтың бөлінуі, дене қызуының көтерілуі, қатты шөлдеу, нәжісінің түсінің өзгеруі, мойындары мен қанаттарының қисаюы, қимыл-қозғалысының бұзылуы сияқты белгілері байқалады.

Ағымдағы жылдың 9-21 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының 14 315 басының өлімі орын алса, оның 11 мыңнан астамы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

- Облыста құс тұмауына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Аталған індет біздің өңірде тіркелген жоқ. Құс тұмауы сондай-ақ шошқа, ит, мысық секілді үй жануарларынада жұғады. Солар арқылы адамға жұғу қаупі артады. Ал адамман адамға жұғу дерегі әзірге тіркелген жоқ. Дейтұрғанмен, өңір тұрғындары аталған індеттен барынша қорғанулары керек, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

 

 Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале