15.10.2021, 11:45
Оқылды: 45

Төрт тұтқа саланың сақталып қалуына септігін тигізді

Батыс Қазақстан облысының экономикасында ауыл шаруашылығы өндірісінің үлесі мол. Кеше де солай болған, бүгін де солай. Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында аталған салада күрделі жағдайлар қалыптасты. Әсіресе, мал өсіру мен егіс салу ісінде бұрын-соңды кездеспеген түйіндер мен түйткілдер пайда болып, ауыл еңбеккерлерінің адымын аштырмай қойды. Бұл қиындықтар неден туындағанына тоқталсақ, сәл шегініс жасауға тура келеді.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 11.38.46 (1)

Гәп мынада, 80-жылдардың аяғында елімізде қой саны 36 миллион құраса, соған сәйкес Орал өңірінде де аталған түліктің мөлшері бұрын-соңды болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. Әйтсе де, көп кешікпей осы жоғары сан күрт құлады. Осы кезеңде жаппай басталып кеткен реформалар мен жекешелендіру науқаны асығыс жүргізіліп,  шаруашылықтар таратылып оның орнын ұсақ қожалықтар басты.

Өзгесін айтпағанда, қолда-рында ұстап отырған 15-20 шақты қой-ешкісінің жүні мен терісін еш жерге өткізе алмаған қарапайым ауыл тұрғындары оны далаға лақтыруға мәжбүр болды. Осындай жағдайда Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында төрт тармақтан тұратын арнайы бағдарлама жасақталды. Соның бірі қой жүні мен терісін кәдеге асыру мақсатын көздеді.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 11.38.46

Сөйтіп, аталған бағдарлама ауқымында киіз-пима өнімдерін шығарумен айналысатын «Аяз» ЖШС-мен келісімшарт жасалып,  тығыз қарым-қатынас орнатылды. Соған сәйкес аталған кәсіп-орын ешкімге қажет болмай қалған жүн мен терінің бағасын көтерді. Екі жақта да қолма-қол ақша жоқ кезде аталған мал өнімдері мен заттай есеп айырысу тәсілі қолданылды. Мұндай тікелей байланыс ұсақ шаруа қожалықтары иелері мен ауыл тұрғындарының қой өсіруге деген құлшынысын көтере білді. Бұл жөнінде бізге сала майталманы, еңбек ардагері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған Қуаныш Құсайынов айтып берді. Ол кісі егіс салу мен мал өсіруге және сүт өндірісіне қатысты басқармада қабылданған бұдан бөлек үш бағдарламаның ел-жұртқа тигізген шапағаты жөнінде де әңгіме қозғады. Бұған сәл кейін тағы да оралатынымызды оқырман назарына бере кеткенді жөн көреміз.

Бүгінгі көтеріп отырған мәселеге екінші бір қырынан келсек, тәуелсіздіктің екінші және үшінші онжылдықтары кезінде азайған мал санының орнын сапамен толтыру талабы қойылғанын айтуға тиіспіз. Осы орайда облыс аумағында өсірілетін асыл тұқымды еділбай қойы мен қазақтың ақбас тұқымды сиырының орны бөлек екені хақ. Бұлардың еті дәмді, сүті де мол. Аса көп бап таңдай бермейді. Екеуі де қолға үйретілген мал тұқымды. Бұған жайылым жетерлік. Бұл істі атқару үшін өңір аумағында бұзылған қора-қопсыларды  қалпына келтіру, тарап кеткен малшы-шопандарды бұрынғы кәсібіне қайта оралту жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні қанша қойың немесе сиырың бар деудің орнына қандай малың бар деп сұрақ қоюдың жөні бар. Өйткені асыл тұқымды түліктің біреуі бұрынғы жәй малдың үш-төртеуінің орнына жүреді. Саннан гөрі сапаға басымдық берудің қажеттілігі осында. Өңірде о бастан ірі қара малы етінің экспорттық ауқымын көтеруге баса мән берілген. Атап айтқанда, сонау екі мыңыншы жылдардың өзінде өңірдегі алты шаруашылықта жалпы қуаттылығы 3300 ірі қараға есептелген мал бордақылау алаңдары салынған екен. Осы жылдарда облыста «Сыбаға» бағдарламасының пайдасы мен игілігін көргендер де көп болғанына нақты деректер жеткілікті. Егер журналистік қызмет бабында үй архивінде  сақталған деректерге сүйенсек, 2011-2014 жылдар аралығында бұл жөніндегі іс-қимыл жоспары 133,8 пайызға асыра орындалғанына көз жеткізе аламыз.

«Мұның бастауы неде?» деген сауалға жауап іздесек, оның алғашқы сатысы облысымызда ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен бағдарламадан тамыр тартқанын аңғару қиын емес. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының көпшілік бөлігі сол тұста нарық экономикасының талаптарын орындауға әзір емес еді. Соған қарамастан елдегі жекешелендіру науқаны эволюциялық емес, революциялық жолмен асығыс жүргізілді. Дәл осы тұста өңірдегі етті және сүтті мал тұқымдарының сақталып қалғаны қиын табысқа қол жеткізудегі істің басы еді деп бағамдасақ, шындықтан ауытқи қоймаспыз.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 11.38.47

– «Сиыр-бұзау» деп аталған бағдарлама шеңберінде бұзау сегіз айлығында енесінен айырылып, елу мың теңгеге сатылды. Осы есепке шаққанда бір бұзаудан 30 мың теңге таза пайда түсіп отырды. Оны өсіру үшін қанша қаражат керек екенін есептеуге көп ақылдың қажеті шамалы. Сондықтан тиімділік әкеле алмайтын іске жол берілмеді, – деген еді сала ардагері Қуаныш Мақайұлы.

Сондай-ақ өңірде сүт өнімдерінің жеткілікті болуы үшін елу шақырымдық сүт белдеуі құрылғанын атап өтті. Мұның өзі де арнайы бағдарламаға арқау болған. Бұл мәселені өңірдегі «Береке» АҚ арқылы шешу белгіленіп, соған сәйкес сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын іргелі кәсіпорын жеке кәсіп иелерінің қолына сауын сиырлар бөліп, оның сүтін өздері қабылдап отырған. Мұндай жағдайда өзара есеп айырысу ақшалай және заттай төлем түрінде жүргізілген.

Батыс Қазақстан аумағында кеңестік кезеңде мал шаруашылығына қоса егін шаруашылығы да, онымен тең деңгейде қатар дамыды. Аға буын сарапшы мамандардың мәлімдеуіне қарағанда, социализм дәуірінде мұнда екі миллион гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар егістігі салынған екен. Асыра сілтеудің асқынғаны соншалық, тіпті то-
пырақ құнары өте төмен, сортаң, шөлейтті және жартылай шөлейтті аумақтарға да дән себілген. Республиканың барлық астықты облысында орын алғандай топырақ құнарлығының төмендеу көріністері Орал өңірінде де ауыл шаруашылығы өндірісі командалық-әкімшілік әдіспен басқарылған кезеңмен тұспа-тұс келеді.

Әйтсе де, кейін мұндағы егістік жерлерге мониторинг жүргізіліп, топырақ құнарындағы пайдалы элементтер мен азот қорының мөлшерін көбейту үшін тиісті шаралар белгіленді. Сонымен бірге егістіктің құрылымдық тәртібін дұрыс сақтау, өнімділігі төмен алқаптарды егіс салу үшін пайдаланудан бас тартып,  оны тыңайтуға қою жөнінде шешім қабылданды. Сөйтіп,  бүгінгі күні мұндағы егістік алқабының көлемі 1-1,5 есеге дейін қысқарды. Бұған қоса органикалық және минералдық тыңайтқыштарды ұдайы пайдалану жөніндегі өңірдегі астық өсірушілермен кең ауқымды түсінік жұмыстары жүргізілді.

Ақ Жайық аймағында бидайдың ең көп тараған түрі – қатты бидай. Оның дәніндегі қамырлылық (клейковина) мөлшері 25 пайызды құрайды екен. Өңірде негізінен астықтың «Саратовская-29» деп аталатын сұрпы егіліп жүр. Астық жақсы шығатын топырағы құнарлы алқаптарда өсірілетін бидайдың бір кемшілігі – қолдан суаруға келмейтіндігі. Бір сөзбен айтқанда, Орал өңірінегі астық өсіру ісі  егіншіліктің  тәуекелді аймағының қатарына кіреді.

Яғни мұндағы егістіктің шығымдылығы негізінен жауын-шашын мен ауа райының құбылысына тәуелді. Осындай қуаңшылық көрінісі Орал өңірінде 1995-1998 жылдары төрт жыл қатарынан орын алды. Осы аралықта ми қайнатар ыстық ала жаз бойы бір төмендемей тұрып алды. Әрі жерге бір тамшы нәр тамбады. Мұндай қатаң табиғи фактор Үкіметтің алдағы жылдың егістігі үшін тұқым бөлуінен бас тартуына себепші болды.  Осы тұста ауыл шаруашылығы басқармасында тиісті мониторингтік талдаулар мен зерттеулерге сүйене отырып,  жасақталған бағдарламаның көмегі мен шапағаты тағы да тиіп еді.

Мұнда өңірдегі топырақтың құнары мен бонитеті жоғары әрі өнімділігі мол алқаптар жөнінде еліміздің бас атқарушы құрылымына тайға таңба басқандай нақты деректер берілді. Бұған қоса топырақтың құнарын одан әрі көтеру үшін оған ауыспалы егіс жүйесін қолданып,  дәнді дақылдар егістігінің белгілі бір бөлігін таза парға қалдыру жөнінде іс-қимыл жоспары жүргізілгені де қоса мәлімделді. Бұдан кейін республика Үкіметі орынды дәлелдер мен дәйектерге түсіністікпен қарап, өңірге қажетті тұқым қорын жеткілікті түрде бөлгені бөлек бір әңгіменің еншісі. Бағдарламаны жасақтаушылардың түйсігі алдамапты. Сол тұқым жеткізілген жылы облыстағы дәнді дақылдар алқаптарынан мол өнім жиналып, бұдан кейінгі жылдарда да оның шығымдылығы тұрақты сипатқа ие бола бастады.

Әрине, бұған дейін айтылып өткендей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жүргі-зілген реформалардың қателіктері мен үстірттіктері болмай қалған жоқ. Мұны ең алдымен сезінген өмірдің ауыртпалығын көп көрген шаруалар мен ауыл адамдары десек,  қателесе қоймаспыз. Шынтуайтына келгенде,  қалаға қарағанда ауыл әділетсіздікті көбірек көргеніне ешкім талас туғыза алмайды.   Соның басты бір көрінісі қазақстандық қоғам нарықтық қарым-қатынастар жүйесі мен алғаш рет бетпе-бет келген кезде өнеркәсіп өнімдері мен техникалардың құны бірнеше, жүз есе көтерілгенде ауылда өндірілетін өнімдер бағасы болмашы ғана мөлшерде өсті. Мұндай әділетсіздіктер мен үстірттіктердің орнын 2003-2005 жылдары өткізілген ауылды дамыту жылдары толтыра алды ма? Бұл сауалға да бір жақты жауап қайтару қиын-ақ.

Айталық жас тәуелсіз мемлекетіміз 2004-2005 жылдары ауыл экономикасына 150 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған екен. Оның үстіне бұл соманың мөлшері жыл сайын он миллиард  теңгеге ұлғайтылып отырған. Осы қаралған мол қаржымен жасалған жеңілдіктердің ауыл еңбеккерлеріне дер кезінде дұрыс әрі әділетті түрде жете алмағаны да кезінде біраз әңгіменің тиегіне арқау болғаны ұмытыла қойған жоқ. Осы тұрғыдан қарастырғанда Орал өңірін мекендейтін ауыл тұрғындары да ауыл жылдарының бар игілігін түгелдей көрді деп айтуға ауыз бара бермейді. Өйткені көп жерлерде нақты ақпарат жетіспей жатты. Халыққа түсіндіру жұмыстары жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан сылбыр жүргізілді.

Оның бергі жағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өн-діру мен өңдеу саласындағы Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылындағы 8761 басқа арналған мал бордақылау кешені Ақжайық ауданындағы «Батыс Марка Ламб» ЖШС қолға алған марқа қозының етін экспорттау құрылымы және Теректі ауданындағы күнбағыс майын өңдеу жөнінде зауыт секілді ірі жобалардың да орта жолда қалып, ойдағыдай нәтиже көрсетпегені де өкінішті жәйт. Мұның өзі миллиардтаған теңгені құрайтын қаражат зая кетті деген сөз. Мұндай әттегенайлар тәуелсіздік талаптарымен сыйыса бермейтінін де ескерген жөн.

Дегенмен тұтастай алғанда, Орал өңірінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрыннан өз дәстүрі  қалыптасқан ауыл шаруашылығы саласын сақтап қалудың тиімді тұтқалары белгіленіп, жүзеге асырылғаны көңілді шайдай ашады. Сірә, дағдарысы мен дамуы, қызығы мен қиындығы қатар жүретін тәуелсіздіктің өтпелі тұсының бұл да бір жазылмаған заңдылығы болса керек.

Темір Құсайын

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале