9.11.2021, 18:02
Оқылды: 39

Төрт жылда 260 мың көлікті жалған техникалық байқаудан өткізген топ ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 260 мың көлікті техникалық байқаудан заңсыз өткізді деген күдікпен 30 адамның үстінен тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3e7be182dd07430e (1)

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі Шыңғыс Алекешев айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көліктік бақылау саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Қылмыстық топ мүшелері көп жыл бойы еліміздің 5 өңірінде автокөліктерді жалған техникалық байқаудан өткізумен айналысқан. Елорданың көліктік бақылау инспекциясының бұрынғы бастығы бастаған жалпы қатысы бар 30 адам анықталды.

Инспекцияның бұрынғы бастығы сот шешімімен қамауға алынды. Жасанды техникалық байқаулар жалған тұлғалар арқылы жүргізілген. Олардың атына 28 фирма рәсімделген. Бұл ретте аталған фирмаларда не тиісті ғимарат, не техникалық жабдықтар, не мамандар да болмаған», - дейді агенттік өкілі.

Оның мәліметі бойынша, күдікті топ мүшелері 2017 жылдан бері көліктерді нақты тексермей, 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасаған.

«Заңсыз пайда сомасы жарты миллиард теңгеден асып отыр. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Барша кәсіпкерлерге, автокөлік иелеріне және жүргізушілерге айтарымыз, осындай алаяқтардың қызметіне жүгіну арқылы, яғни, автокөліктерді техникалық байқаудан өткізбеу арқылы сіздер өзіңіздің ғана емес, басқалардың да өміріне қауіп төндіресіздер. Сонымен қатар, жалған құжатты пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін ескертеміз», - дейді Шыңғыс Алекешев.

Сурет: bing.com

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале