5.04.2022, 11:45
Оқылды: 45

Төтенше жағдайға арналған резерв – 1,4 млрд теңге

Сәуірдің 4-і күні өткен облыс әкімі аппаратының кеңесінде төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, алты аудан бойынша төтенше жағдайға қарсы 770 адам және 99 техника жұмылдырылған. 

78d3274b-773f-41db-be96-55da452d9fb0

Ауа райы болжамына сенер болсақ, 2-6 сәуір аралығында жылымықтың күшейе түсетін түрі бар. Қардың тез еріп жатқанына байланысты кей жерде су тасқыны күрт басталуы мүмкін. Төтенше жағдай салдарынан бірқатар ауылдағы 751 адамды үйінен қауіпсіз ғимараттарға көшіруге тура келді. Облыс бойынша 168 бас мал шығын болғаны анықталды. Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында 108 мал өлім-жітімге ұшыраған. Қазіргі кезде Жақсыбайдағы бөгет бақылауға алынған. Тұрғындар қалыпты тұрмыс жағдайына көшу үшін төтенше жағдай, полиция, шекара қызметі және медицина мамандары жұмыс істеуде. Атырау және Маңғыстау облыстарынан келген қосымша топтар көмек қолын созуда. Ауылдағы айы-күні жетіп отырған екі әйел тікұшақпен қалаға жеткізілді. Сай-саланы толтырған су осы аудандағы Талов ауылының тұрғындарын да әбігерге салды. Елді мекендегі екі үйге су кіріп, 8 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Төтенше жағдай департаментінің бастығы Шыңғырлау, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі, Тасқала аудандарындағы жағдайға қысқаша тоқталды. Департамент бұған дейін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол учаскелерін су басқаны туралы хабарлаған болатын. Кешегі кеңесте 3 сәуір күні кешкісін Подстепный-Феодоров аутожолының 11-шақырымындағы су өткізетін құбыр бітеліп, қар суы жол жиегіне дейін көтерілгені туралы айтылды. «Қазақавтожол» ЖШС-ның техникасымен жеткізілген құм салынған 700 қапшық жолдың жиегіне үйілді. Ернұр Өтегеновтың мәліметі бойынша қазіргі уақытта Деркөл мен Шаған өзендерінің суы көтерілуде. Соған байланысты облыс орталығына жұмыс күші мен техникалар шоғырландырылған. Аталған өзендер Тасқала мен Бәйтерек аудандарының аумағын басып өтеді. Соған байланысты екі аудан бойынша өзен деңгейін бақылауға байланысты дайындық қамы күшейтілген.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков бірінші және екінші саяжай аумақтары және телеорталық учаскесін су басу қаупі бар екенін алға тартты. Әлгі  аумақтарда 6 мыңнан астам адам тұрады. Басқа да саяжай қауымдастықтары жіті назарда. Табиғат тосын мінез танытқан жағдайда тұрғындарды қауіпті аумақтан көшіруге техникалар әзірленген. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректі және Бәйтерек аудандары әкімдерінің есебін тыңдады. Су тасқынының салдарын жоюға бағытталған іс-шаралар жөнінде облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов баяндады. Оның сөзіне қарағанда, төтенше жағдай зардабын жоюға арналған облыстық резервте 1,4 млрд теңге қаражат бар. Одан бөлек Орал қаласы мен аудандарда резервтер жасақталған. Төтенше жағдай салдарын есепке алатын арнайы комиссиялардың қорытындысымен табиғи апат шығыны өтеледі.  ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысы бойынша су басқан аймақтарда зардап шеккен азаматтар 30 күн ішінде өтінім үлгісін толтырып, комиссияларға құжаттарын жолдай алады. Басты құжаттардың қатарына жеке куәлік, үйдің техникалық құжаты, ветеринарлық анықтама жатады. Арнайы комиссия тәуелсіз бағалаушылар арқылы шығынды есептетіп, 10 күн ішінде өтінімді мақұлдауы тиіс. Аудан резерві шығынды жаба алмаса, дүние-мүлікке қатысты залал облыстық бюджет есебінен өтеледі. Тілепберген Каюпов қолданыстағы заңнамаға сәйкес зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін түсіндіре келе, меншік иесі құқығын айқындайтын құжаттарды ұсына алмаған жағдайда қайырымдылық қор көмегіне жүгіне алатынын айтты.

– Төтенше жағдай департаментінің мәліметі бойынша. кейбір ауданда қауіп-қатер әлі сейілмей тұр. Әсіресе Орал қаласы мен Тасқала және Бәйтерек аудандарының әкімдеріне тәулік бойы төтенше жағдайдың алдын алу бойынша бақылау жұмысын күшейтуді тапсырамын. Бұған дейін су басуы мүмкін елді мекендерде профилактикалық іс-шаралар жүргізілгенімен, кейбір ауылда күтпеген жағдай орын алды. Төтенше жағдай салдарын жою мақсатында қарқынды жұмыс жүргізу керек. Атап кететін жайт, Шыңғырлау ауданындағы Алмаз ауылының кіреберіс жолын уақытша қалпына келтіру қажет. «Қазавтожол» компаниясына темір құбыр салып, оның үстіне қиыршықтас төсеу жөнінде тапсырма берілді. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттама жасақтап, ауылдың кіреберіс жеріне көпір салуға шешім қабылдадық. Қасиетті Рамазан айында төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге өз  еркімен қол ұшын созып жатқан жерлестерге алғыс айтамын. Елден жылу жинайтын азаматтар қайырымдылық қаражатын арнайы қор арқылы бір кезде жинаған дұрыс, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

WhatsApp Image 2022-04-04 at 10.46.46 (1)

Су тасқынына тосқауыл қоюға қатысты негізгі іс-шаралар туралы айтылған соң, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшин көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмакелді Батырниязов әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесі туралы баяндады.

277567754_3214280718850852_5322428427418204786_n (1)

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале