11.05.2017, 18:28
Оқылды: 69

Төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы 336 арыз-шағым түскен

ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында БҚО ІІД бөлініс басшылары қатысқан брифинг өтті.

Жиында БҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ертас Бисенов және БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншин өздері басшылық ететін мекемелердегі мемлекеттік қызмет көрсету мәселелеріне тоқталса, БҚО ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерген Төлемісов ішкі істер органдары жеке құрамы арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы әңгімеледі.

Ерген Төлегенұлының айтуынша, 2017 жылдың алғашқы төрт айы бойынша облыстың ішкі істер, қылмыстық атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы 336 арыз-шағым түскен. Тексеру нәтижесінде 7 қылмыстық іс қозғалса, оның 3-еуі жемқорлық сипатта болған.

Бүгінгі таңда барлық бөлімшелер бойынша 98 полиция қызметкерінің заң бұзу ықтималдығы жоғары деп танылған. Полиция қызметкері алты айдың ішінде қызметтік тәртібіне қайшы екі немесе одан да көп әрекет жасаса, мысалы жұмыстан кешіксе, қызметке жеңіл мастықпен келсе, жол қозғалысы ережелерін бұзса немесе оның үстінен тұрғындар тарапынан арыз-шағым түссе, мұндай қызметкерлер заң бұзу ықтималдығы жоғарылардың тізіміне алынады. Олар ескертулерден алты айдың ішінде оң қорытынды шығармаса, жұмыстан босатылу мәселесі қарастырылады. Мұндай қызметкерлердің тәртібін өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы бақылауға алады.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале