5.07.2022, 10:00
Оқылды: 53

Трансформация қалай жасалады?

Мирлан  Ақнұров, Шыңғырлау  ауданындағы  «Айтмұханбет»  шаруа  қожалығының  жетекшісі:

–  Он  бес жылдай уақыт қалада мемлекеттік қызметте болдым. Ауылдың дамуына  үлесімді қосайын деп туған жеріме келіп, шаруа қожалығын аштым. Мал өсіруге ниеттендім. Содан бір шаруашылықтан өзара келісіммен қазақтың ақбас тұқымды 150  сиырын алдым. Алайда әр басқа 3 га жайылым жер болуы керек деген талапты  білмей қалдым. Мендегі бар жайылымдық жердің шамасы 60 гектардай. Сондықтан асыл  малдың  50-ін  өз  қаражатыма  алдым  да,  қалғанын  иесіне кері қайтардым. Несие де ала алмадым. Шаруашылығымда 1150 гектар егістік жер бар. Биыл 200 гектардай  жерге егін егтім. Қажетті техниканы да сатып алудамын. Мемлекеттік қолдау-көмектің  шапағатын көрудемін. Бір жыл бойы малға жайылымдық  жер  керек  деп онлайн конкурстарға қатысып келемін, еш нәтижесіз. Сұрағым мынадай:  жайылымдық жерге қолым жетпеді, енді егістік жерімді жайылымға айналдыруыма бола ма? Жалпы  трансформация  қалай  жасалады?

Мұрат  Өмірәлиев,

БҚО  жер   қатынастары  басқармасының  басшысы:

InShot_20220705_100609317

– ҚР Жер кодексінің 98-бабында ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру тәртiбi туралы жазылған. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан тиімділігіне негiзделедi. Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiнiң орналасқан орны бойынша  тиiстi жергiлiктi атқарушы құрылымға берген өтiнімi  бойынша, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы құрылымның бастамасымен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыруға негiз болады. Жергiлiктi атқарушы құрылымның шешiмi бойынша жүргiзiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстарын қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша олардың өз қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жер учаскесi, учаскелер тобы, суармалы алқап, жер пайдалану бойынша жүргiзiлуi мүмкiн. Топырақ-мелиорациялық жайкүйi оларды басқа алқап түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жоспарлау-картографиялық материалдарды, жерге орналастыру, мелиорациялық құрылыс жобаларын, топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iзденiстер материалдарын,  тұзданудың түсiрiлген суреттерiн, жер кадастрының, жердi түгендеудiң деректерiн зерделеу негiзiнде алдын ала анықталады. Не­ғұрлым бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстыру мына жағдайларда болады: егiстiк үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдаланылуына сәйкес келмеуi, улы заттармен ластанудың жоғары деңгейi; көпжылдық екпелер үшiн – екпелердiң шектi жасы, олардың сиреуi, жердiң кен құрамының жұтаңдығы, қолайсыз топырақ-мелиорациялық сипаттамасы; шабын­дықтар үшiн – жердiң шөлейттенуi, шалғындық өсiмдiктердiң сиреуi, жердiң мелиорациялық күйiнiң нашарлауы; жайылымдар үшiн - тапталып бүлiнуi.

Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде жоғарыда санамаланған факторлардан басқа суару көзiмен байланыстың үзiлуi, сумен қамтылмауы, шаруашылық iшiндегi суару жүйелерiнiң техникалық жай-күйi, ал жайылма суармалы жер үшiн - су ағынын қайта бөлу салдарынан су басудың тоқтауы немесе су ресурстарының болмауы, құрылыстардың техникалық жай-күйi ескерiледi. Қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы құрылымдар бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстырудың басқа да көрсеткiштерiн: ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiнiң тым төмен болуы, топырақтың тұздану, сортаңдану, ластану деңгейiн және алқаптардың сапалық сипаттамасына әсер ететiн басқа да өлшемдердi  белгiлейдi.

6-7

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi­сiне ауыстыру жөнiндегi материалдарда: қорытындылар мен ұсыныстары бар түсiндiрме жазба; бiр түрден екiншiсiне ауыстыру көзделген жерлердiң экспликациясы; трансформацияға жататын анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары көрсетiлген далалық зерттеу актiсi мен сызбасы; жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасы; суару жүйесiнiң, жайылма суару жүйесiнiң, суландыру құрылыстарының техникалық жай-күйi, сондай-ақ негізгі қорлардың құны туралы мәлiметтер болуы тиіс. Алқаптарды бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдар ауданның уәкілетті құрылымына аудан бойынша жинақтап қорыту, ауыл және су шаруашылығының аудандық құрылымдарымен келiсу үшiн жiберiледi. Ауданның уәкілетті құрылымы жоғарыда санамаланған құрылымдардың ұсыныстарын ескерiп, жасаған қорытындысымен бiрге: неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдарды – түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы құрылымға;

– Суармалы жердi – суарылмайтын жерге, суарылмайтын егiстiктi ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа неғұрлым бағасы төменiне ауыстыру жөнiндегi материалдар облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау құрылымдарымен келiсу үшiн облыстағы уәкілетті құрылымға жiберіледi. Содан кейін келiсу нәтижелерi бойынша облыстың уәкілетті құрылымы материалдарды тұтастай қарап, қорытынды жасайды. Әрі қарай өз қорытындысымен бiрге оларды: суарылмайтын егiстiктi неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарының түрiне ауыстыру бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдауға аудандық атқарушы құрылымға; суарылатын егiстiктi алқаптардың суарылмайтын түрiне ауыстыру бойынша келiсу үшiн орталық уәкiлеттi құрылымға жiбередi.

Орталық уәкiлеттi құрылым суармалы егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөнiндегi ұсынылған материалдарды ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық уәкiлеттi құрылымдармен келiседi және өзiнiң жинақталған қорытындысымен қоса, осы мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыстық атқарушы құрылымға жiбередi. Неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын неғұрлым бағасы жоғары алқаптарға ауыстыру туралы шешiмдi осы жоғарыда санамаланған құрылымдардың ұсыныстарын ескере отырып, аудандық (қалалық) атқарушы  құрылым  қабылдайды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша аудандық жергілікті атқарушы құрылымдар 2019 жылы жер пайдаланушылардың өтінімдері негізінде жалпы көлемі 13 269 га құрайтын суарылмайтын егістік алқапты жер учаскелері бойынша трансформация жасады. Шабындыққа 4 349 га құрайтын жер учаскесі, жайылымдық алқапқа 8 920 га құрайтын  жер учаскесі ауыстырылды. 2020 жылы жалпы көлемі 14 513 га құрайтын  суарылмайтын егістік алқапқа жер учаскелері бойынша трансформация жасалып, шабындыққа 3731 га құрайтын  жер учаскесі, ал жайылымдық алқапқа 10 782 га құрайтын жер учаскесі ауыстырылды. Ал былтыр жалпы көлемі 8 353 га құрайтын тыңайған жерлерге трансформация жасалып, шабындыққа 1822 га, жайылымдық алқапқа  6531 га ауыстырылды.

Суарылмайтын егістік жер учаскелерінің құны жайылымдық жерлермен салыстырғанда орташа есеппен үш есе, шабындық жерлермен екі есеге жоғары болғандықтан, егістікке жарамды алқаптардың азаюы экономикалық тиімсіз болып есептеледі. Болашақта Жер кодексінің 98-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыруға өтінім түскен жағдайда, аудан бойынша материалдар жинақтап, қорытынды дайындау кезінде:

– ауданның, оның ішінде ауылдық округтің ауыл шар­уашылығына мамандануы (специализация);

– ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыруға ұсынылған жер учаскесінің пайдаланылуына талдау жасау (жер учаскесінің табысталған мерзімі, игеру бойынша атқарылған шаралар, егілген дақылдар түрі, берген өнімділігі, сумен қамтамасыз етілуі);

– ауданның босалқы жер қорындағы жайылымдық немесе шабындық алқаптарының көлемі, беру мүмкіндігі;

– аудан бойынша егістік алқаптарға сұраныстың саны мәселелері  ескерілуі  қажет.

Гүлнәр  Шәңгерей,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале