Жақында Алматы қаласында БАҚ өкілдеріне арналған «Қазақстан Республикасындағы туберкулез ауыртпалығын төмендетудің өзекті мәселелерін жариялау» тақырыбында тренинг өтті. Тренинг жаһандық қор (ЖҚ) грантының 2020-2022 жылдарға арналған «Қазақстандағы дәріге төзімді туберкулезге қарсы әрекет етудің тиімді іс-шаралары» жобасы аясында ұйымдастырылды. Спикерлер – ҚР ДСМ ҰФҒО директоры Мәлік Әденов пен ЖҚ ГЖАТ менеджері Шахимұрат Исмайылов және өзге де мамандар туберкулездің алдын алу, ауруға диагностика жасаудың жаңа тәсілдері, емдеудегі түрлі әдістер туралы біраз мәлімет берді.
Түймедақтың туберкулезге қандай қатысы бар?
Осыдан жүздеген жылдар бұрын қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырушылар ақ түймедақ гүлін сатып, жиналған қаржыны туберкулезбен ауыратын адамдарды емдеуге жұмсаған. Ең алғаш 1908 жылы Швецияда табиғи антибиотиктің символы болған целулойдты ақ түймедақ гүлі сатылды. Кейіннен барлық Европа елдерінде, Ресейде «Ақ түймедақ» күні атап өтілетін болды. Осылайша, ақ түймедақ гүлі туберкулезге қарсы күрестің эмблемасына айналған. Ғаламтордан алынған мәліметтерге сүйенсек, «Ақ түймедақ» күнінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте 150 000 рубльден астам ақша жиналған. Санкт-Петербургте бұл қаражатқа Крестовский аралында туберкулезге қарсы балалар санаторийі қайта салынса, қаланың өзінде ересектерге арналған туберкулезге қарсы алғашқы санаторий ашылған. Қоғамның назарын аудару үшін жасалған шарада біраз игі іс жасалып, нәтиже бере бастаған.
Медицина ғылымының, санитарияның, эпидемиологияның заманауи жетістіктеріне және жер шары тұрғындарының әл-ауқатының өсуіне қарамастан, туберкулездің таралу проблемасы өзекті күйінде қалып отыр. Бұл аурудан әлемде жыл сайын екі миллионға жуық адам қайтыс болады. Осыны ескере отырып, мемлекеттердің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі туберкулезге қарсы ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де күресу болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен алғаш рет Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні 1993 жылы 24 наурызда аталып өтті. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені дәл осы күні 1882 жылы неміс микробиологы Роберт Кох туберкулездің қоздырғышын ашқанын хабарлады. Осы жаңалықтан соң бұл ауруды емдеу мен алдын алудың тиімді тактикасы жасалды.
Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні науқастарға, олардың отбасыларына, үкіметтік емес ұйымдарға, туберкулезбен ауыратын науқастарды күтумен айналысатын медицина қызметкерлеріне туберкулезді анықтау мен емдеуді ұйымдастырудағы ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша 2018 жылы дүние жүзінде 10 миллионға жуық адам туберкулезбен ауырған. Қазақстанда соңғы жылдары туберкулездің эпидемиологиялық жағдайының оң динамикасы байқалады. Бұған соңғы 10 жылда республика бойынша туберкулезбен сырқаттанушылықтың орташа есеппен 2,3 есеге (100 мың адамға 105,3-тен 35,7-ге дейін), өлім-жітім көрсеткішінің 6 есеге (100-ге шаққанда 12,9-дан 1,9-ға дейін) төмендеуі дәлел бола алады. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) стандарттары бойынша 100 000 халыққа 50 науқастың тіркелуі эпидемия болып саналады. Туберкулезден өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Елімізде туберкулезге қарсы күрес қызметін, оның ішінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан туберкулезді анықтау мен емдеуді қаржыландырудың 95 пайызын мемлекет қамтамасыз етеді. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мәліметінше, ДДҰ ұсынған инновациялық диагностикалық әдістер мен емдеудің жаңа схемаларын қолданудың арқасында Қазақстанда туберкулезді және көп дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің қатарында. Жаңадан анықталған туберкулезбен ауыратын науқастарда емдеудің тиімділігі 87,8%-ды (ДДҰ стандарты – 85%), ал туберкулез микобактериясының көп дәрілік тұрақтылығы бар науқастарда ДДҰ стандарты 75% болғанда 82,5%-ды құрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі нұсқаулықтары мен ДДҰ-ның 2030 жылға қарай туберкулезді тоқтату стратегиясы 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда туберкулезден болатын өлімді 90%-ға төмендетуге және туберкулезбен сырқаттануды 80%-ға төмендетуге бағытталған. Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге бағытталған жұмыстар жалғасуда. Аурудың алдын алу, туберкулездің таралуына қарсы күрес – негізгі нысандардың бірі болып қала береді. Медициналық профилактикалық шаралардың мақсаты – сау контингентте туберкулез инфекциясын жұқтыру қаупін азайту.
Туберкулез жұқпалы ауру ма?
Туберкулез – туберкулез микобактерияларынан болатын жұқпалы ауру. Инфекцияның негізгі жұғатын көзі – туберкулездің белсенді түрімен сырқаттанатын науқас адам. Туберкулезге кез келген адам шалдығуы ықтимал. Әдетте науқастан сау адамға туберкулез микобактерияларының ауа арқылы түсуі салдарынан жұғады. Науқас жөтелгенде және сөйлескенде туберкулез таяқшалары бар өте ұсақ тамшылар бөліп шығарады. Бұл таяқшалар науқас адамнан 1-1,5 метрге дейін таралып, 1-1,5 сағат ауада болады, содан кейін еденге түседі. Кеуіп, еденге немесе жерге түскен қақырық тамшылары шаңға айналады. Инфекция туберкулез микобактериясы бар шаңды (шаң жолы) тікелей жұту арқылы таралуы мүмкін. Туберкулезбен ауыратын науқас жатқан бөлмеден алынған шаңда микобактериялар 30% жағдайда, кейде тіпті 1,5 айдан кейін де кездеседі. Адам ауадағы туберкулез микобактерияларын жұтқанда ол өкпеге қонып, сол жерде көбейе бастайды. Сосын қан ағымымен басқа мүшелерді (сүйек және буындар, бас миы, лимфотүйіндер) жаулап, өкпеден тыс туберкулез қалыптасады. Өкпе туберкулезіне шалдыққан науқас сау адамдарға инфекция таратуы мүмкін туберкулезді жұқтырушы болып саналады.
Белгілері қандай?
Екі аптадан артық уақытқа созылған жөтел немесе қақырып тастап, қан түкіріп, үнемі жөтелу, тез шаршау және әлсірей беру. Тәбеттің нашарлауы немесе жоғалуы, салмақтың түсуі. Қатты терлеу, әсіресе түнгі тершеңдік. Қызудың 37-37,5 градусқа дейін көтерілуі. Осы белгілердің біреуі екі апта бойы байқалған жағдайда, дереу дәрігерге қаралған жөн. Туберкулезге күдік туған жағдайда пациентке қақырық сараптамасын тапсыруға және кеуде клеткалары рентгенінен тексеруден өтуге кеңес беріледі. Қосымша диагностикадан өту үшін туберкулезге қарсы диспансерге жолдама беріледі.
– Уақтылы, дұрыс ем жүргізілсе, туберкулез емделеді. Басталған емді өзді-гінен үзуге немесе тоқтатуға болмайды. Өйткені туберкулез таяқшалары өміршең келеді. Ағзада ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Яғни туберкулез таяқшалары қақырық сынамасында анықталмай, науқас өзін жақсы сезінген жағдайдың өзінде дерт тоқтады немесе жойылды деуге болмайды. Емді уақытынан бұрын тоқтату немесе ем барысындағы үзілістер дәрілерге көнбейтін туберкулездің пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ондай жағдайда дертті емдеу қиын болады, – дейді ҚР ДСМ ҰФҒО директоры Мәлік Әденов.
БҚО-да 535 науқас есепте тұр
«Облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖК МКК медициналық статистика кабинетінің меңгерушісі Анар Баекешованың айтуынша, соңғы үш жылда облыста туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсару тенденциясы байқалады. Ол негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштердің төмендеуінен көрінеді. Осылайша, туберкулезбен аурушаңдық 6,4%-ға, туберкулезден болатын өлімжітім көрсеткіші 4,2%-ға, туберкулездің таралуы 11,8%-ға төмендеді. Дегенмен 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыста туберкулезбен аурушаңдық 15,2%-ға өсіп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 24,2%-ды құрап, облыста туберкулезден өлім көрсеткіші өткен жылдың деңгейінде сақталды. 100 мың халыққа шаққанда 1,8%-ды құрады. Айта кету керек, COVID-19 бойынша карантиндік шараларға және 2020-2021 жылдардағы скринингтік тексерулердің төмендеуіне байланысты бүкіл елде туберкулез ауруының өсуі болжамды.
Ересек тұрғындар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында облыстық фтизопульмонология орталығының бактериологиялық зертханасында жеделдетілген бактериологиялық диагностикаға арналған жабдық орнатылды. Оның ішінде генетикалық және молекулалық әдістер: G-Xpert, Hein-test, Bioneya, Baktek, екіншілік флораны анықтауға арналған анализатор. Сондай-ақ G-Xpert құрылғылары облыстың шалғайдағы жеті ауданында орнатылып, бұл диагностикалық әдісті қолжетімді әрі жылдам етті. Қазіргі уақытта туберкулездің болуы және туберкулезге қарсы препараттарға төзімділігі (сезімталдық) 2 сағатта анықталса (көп дәріге төзімді туберкулез), 2 тәулікке дейін (кеңінен дәріге төзімді туберкулез) анализ қорытындысы шығады. Биыл алты айда G-Xpert әдісі бойынша 3281 тексеру жүргізіліп, 226 науқаста туберкулез анықталды.
– Балалардағы туберкулезді және жасырын туберкулез инфекциясын уақтылы анықтау үшін 23 722 балада манту сынамасы тексерілді. Сыналушылардың 96%-да манту сынамасы оң болған. 3056 бала – анықталғандардың 95%-ы диаскин сынамасымен қамтылды. Нәтижесінде 53 бала химиопрофилактикалық бағытта емделді. Жаңа туған 6014 нәрестенің 5568-і БЦЖ вакцинасымен егілді. Соған қарамастан, 416 нәресте перзентханадан екпесіз шығарылды. Оның 189-ы ата-анасының бас тартуына байланысты болса, 216 сәби медициналық тексерулердің нәтижесінде босатылған. Медициналық босату мерзімінен кейін олар аумақтық медициналық ұйымдарда егіледі, – дейді «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖК МКК медициналық статистика кабинетінің меңгерушісі Анар Баекешова.
Жаһандық қор жобасы аясындағы шағын гранттың аясында облысымызда 2020 жылдың маусым айынан бастап «Үміт нұры Орал» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. 2021 жылдың соңында үкіметтік емес ұйым қызметкерлері 4843 адамды (тұрғындары жоқ адамдар, маскүнемдер, нашақорлар, АИТВ) туберкулез мәселелері бойынша ақпаратпен қамтыған. Оның ішінде 1258 адам туберкулезге күдікпен медициналық тексеруге жіберілді. G-Xpert әдісімен 286-сы тексеріліп, 52-сінде белсенді туберкулез (18%) анықталды. 15 құқықбұзушы емделуге қайтарылды. ҮЕҰ-ның әлеуметтік қызметкері туберкулезбен ауыратын 15 науқастың құжаттарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Нысаналы топтағы туберкулезбен ауыратын 171 науқасқа ҮЕҰ қаражатынан көлік шығындарын өтеуге қаржы бөлінді. Нысаналы топтағы туберкулезбен ауыратын амбулаториялық науқастардың 83-і (93%) ҮЕҰ қызметтерімен қамтылып, емделуді ұстанады.
Белсенді туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу, тағайындалған дәрідәрмектерді бақылау, білікті медицина қызметкерінің тікелей бақылауымен, сондай-ақ бейнебақылаумен емдеу арқылы жүзеге асырылады. Бейнебақылаумен емдеу туберкулезге қарсы препараттарды үйде отырып, онлайн қабылдауға мүмкіндік береді. Науқастар смартфон арқылы бейнежазбаны немесе туберкулезге қарсы препараттарды қабылдауды онлайн ре-жімінде медицина қызметкеріне жібереді.
Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша БҚО бойынша туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 535 науқас диспансерлік есепте тұрса, оның ішінде 428 науқас амбулаторлық, 224 науқас бейнебақылау арқылы емделуде.
Амбулаторлық емдеудің кеңеюіне байланысты туберкулезбен ауыратын науқастарды психоәлеуметтік қолдауға үлкен мән берілуде. Бүгінгі күні амбулаторлық емделіп жатқан туберкулезбен ауыратын науқастарға ай сайын 7 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Түйін
Қазіргі уақытта міндетті екпенің енгізілуіне және бірқатар тиімді туберкулезге қарсы химиотерапиялық препараттың болуына байланысты ауырған адамның тез қаралып, ем алуына мүмкіндіктер жетерлік. Ең бастысы, аурудың асқынуына жол бермеу керек. Сондықтан балалардың да, ересектердің де туберкулездің алдын алуға қатысты мамандардың барлық ұсыныстарын орындағаны абзал. Мамандардың айтуынша, соңғы бір-екі жылда бұл аурудың ковидтің тасасында қалғаны да аурудың күрт көбеюіне әкелуі мүмкін деген болжам бар. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз жұмыстардың нәтижесінде мыңдаған адам туберкулез дертінен сауығып, қалыпты өмірге оралған. Соған қарамастан, елімізде өткен жылы 358 адам аталмыш дертпен ауырып, өмірден өткен. «Туберкулез – сіздің өміріңізге шығарылған үкім емес. Қандай жағдайда да адам өзіне сену керек» дейді мамандар.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz