7.10.2021, 16:50
Оқылды: 64

«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы жобалары байқауы қорытындыланды

Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2021 жылғы «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында шығармашылық жұмыстар мен жобалардың желілік байқауы қорытындыланды. Биыл екінші рет қашықтан өткен дәстүрлі экспедицияда оралдық 26 оқушы 15 зерттеуін таныстырды.

EBDDCF87-4FD1-4383-9FFE-3C01F1ED0712

Төрт күн бойы  мектепішілік кезеңнен іріктеліп шыққан жұмыстар – «Туған өлкем – жұмақ мекен»,  «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Ұлы Дала өркениеті – тарихи мұра», «Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует», «Жасыл планета», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Біздің күшіміз бірлікте!», «Селт еткізер, ерен ой», «Туған жер – тұғырым» номинациялары бойынша тоғыз бағытта қорғалды.

Жобаның «Ұлы дала өркениеті» бағыты бойынша экспедиция жасаған 9, 10 және 11-сынып оқушыларынан құралған шығармашылық топ қазақ даласындағы еуропалық үлгідегі алғашқы ұлттық білім ордасы – Жәңгір мектебінің пайда болуы мен қалыптасу кезеңдерін зерделепті. Оқушылар ондағы білім беру жүйесінің ерекшелігі, мектеп түлектерінің қазақ қоғамына қосқан үлесін насихаттау мақсатында білім беру платформасы, мектептің сыртқы және ішкі көрінісі сипатталған minecraft интерактивті ойынын жасақтаған. Жас зерттеушілердің бұл жұмысы 35 жұмыстың арасында 2-орынға лайық деп танылды.

– Өзі еуропалық білім алған Жәңгір ханның ағартушылық еңбегі қайран қалдырады. Тұңғыш мектептен қазақтан шыққан тұңғыш генерал Ғұбайдолла Жәңгіров, тұңғыш прокурор Сәлімгерей Нұралыханов,  шетелде білім алған алғашқы қазақ  Ғабдолғазиз Мұсағалиев, тұңғыш ғылым кандидаты Бақтыгерей Құлманов сияқты тұлғалардың шығуы назарымды аударды, –  дейді 10-сынып оқушысы Ақбота Салауатқызы.

4D7A47D3-4EE1-4A28-A1F0-11F241CA45D8

Айта кетейік, жүлдегер жобаға тарих пәнінің мұғалімдері Дина Ашимова, Лариса Бердіғалиева және Арайлым Магзумова жетекшілік етті.

«Туған елге тағзым» жобасы жаңа мүмкіндіктер мен тиімді шешімдер табатын алаңға айналды. Байқау жағымды әсер қалдырды: оқушылар өздерінің жеке жобасын ұсынып қана қоймай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін көрді.

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале