19.09.2025, 17:30
Оқылды: 90

Туған өлке туралы танымдық ойын

Қала күні мерекесі қарсаңында Орал қалалық кітапханалар жүйесінің бастамасымен мәдениет  қызметкерлері  арасында ерекше  сипаттағы іс-шара өтті. «Өз өлкеңді танып біл!» деп аталған зияткерлік-танымдық  ойын  Жастар  мәдениет  үйіндегі «OzgeEpic Oral» хабында ұйымдастырылды.

DSC04975

Шараның негізгі мақсаты – жергілікті тарихи-мәдени мұраны насихаттап, туған өлкенің тарихы мен табиғатын, мәдениеті мен әдебиетін тереңірек таныту, сондай-ақ мәдениет қызметкерлері арасындағы өзара әріптестік пен шығармашылық ынтымақтастықты  нығайту.

Байқауға қалалық мәдени-ағарту бірлестігінен «Көкжиек» тобы, Жастар мәдениет сарайынан «Жүйрік» және «Инсайт» топтары, сондай-ақ белсенді көрермендерден құралған «Саябақ» тобы қатысты. Олар туған өлкенің өткені мен бүгініне қатысты білімдерін ортаға салып, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған тартысты додада  бақ  сынасты.

Ойын төрт кезеңнен тұрды. «Туған жер – тұнған шежіре» кезеңінде өлке тарихына, мәдени-тарихи нысандарға және өңірдегі мұражайларға қатысты сұрақтар қойылды. «Мәдениет мәйегі» кезеңінде өнер қайраткерлері, олардың шығармалары, өлкеге байланысты әндер, өңір туралы сирек мәліметтерден сұрақтар қойылды. «Әдеби Ақжайық» кезеңінде Жайықтан шыққан әдебиет алыптары, жыр шумақтарының ауторын табу сияқты тапсырмалар болды. «Туған жердің тарландары» кезеңі өңірден шыққан қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалар, жергілікті спортшылар туралы сұрақтарды қамтыды. Жауаптарымен ерекшеленген топтар көрермен ықыласына бөленіп, залда ерекше атмосфера орнады.

DSC04974

Тартысты өткен ойында бәсекеден гөрі достық пен бірлік алға шықты. Әрбір қатысушы белсенділік танытып, туған жерге деген сүйіспеншілікті паш етті. Ойын соңында барлық топ түрлі аталыммен марапатталып, қатысушыларға алғысхаттар мен «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы тарту етілді.

Осындай танымдық іс-шаралар мәдениет қызметкерлерінің білімін толықтырып қана қоймай, туған өлкенің тарихы мен құндылықтарын кеңінен дәріптеуге, жас ұрпаққа өнеге көрсетуге жол ашады.

Жан Аят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале