«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында 2017-2021 жылдары облыс бойынша 6642 іс-шара ұйымдастырылды. Бағдарламаның бір тармағы – «Туған жер» арнайы жобасы аясында демеушілер қаражатымен 5 млрд теңгеден аса қаражатқа 767 жоба жүзеге асты.
2017 жыл
БҚО «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің маманы Әйгерім Аршимованың мәліметі бойынша 2017 жылы «Туған жер» арнайы жобасы аясында аймақтың 58 меценаты жалпы сомасы 2 581 864 мың теңге қаражаттың 60 жобасын іске асырды. Жоба бойынша 1 балабақша, 1 денсаулық, 2 спорт нысаны салынып, 1 мәдениет, 1 спорт нысаны қайта жаңартылды.
Ақсай қаласында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясының демеушілігімен 320 орындық балабақша салынды. Балабақша құрылысына 645 млн теңге жұмсалды. Балабақшаның жалпы аумағы – 13 874 текше метр. Екі қабатты ғимарат толық жиһазбен, құрал-жабдықпен қамтылған. Ғимарат ішінде әкімшілік кабинеті мен асхана бөлмесі бар. Ауласында спорттық ойын алаңы орналасқан. Балабақшадағы бүлдіршіндер 16 топқа бөлінген. Компания демеуімен Ақсайда спорт кешені салынды. Жоба құны – 1 млрд теңге. Қала орталығында орналасқан үш қабатты спорттық-сауықтыру кешенінің жалпы аумағы – 4,6 га. 1200 адамға арналған кешенде футбол, баскетбол, волейбол, теннис алаңдары, жүгіру жолы және бокс залы орналасқан.
Казталов ауданының Сарықұдық ауылында шаруа қожалығының иесі Нұрлыбай Жолдыбаевтың 5 млн 200 мың теңге қаражатына салынған фельдшерлік пункт ашылды. Фельдшерлік пунктте егу бөлмесі және акушерлік кабинет бар. Кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықталды. Аудандағы игі жобалардың бірі – Ақпәтер ауылында орналасқан «Ашық аспан астындағы музей». Жоба құны – 12 млн теңге. Ақпәтер ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов – туған өлкесін көркейтуге тікелей үлес қосуда. 80 жастағы ақсақал 9 млн теңге қаражатқа ауыл ішінде музей жасақтады. Сонымен қатар еңбек ардагері 2017 жылдың сәуір айында 3 млн теңге қаражатқа «Ана мен бала» монументін жөндеп, ҰОС ардагерлері есімдері қашалып жазылған ескерткіш жасатты. Орал қаласында 2017 жылы меценаттардың демеушілігімен «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Музей еліміздің және Батыс Қазақстан облысының жетістіктерін бейнелейтін 500-ден астам экспонатпен жабдықталған. Ашылған сәттен қазіргі уақытқа дейін музейге келушілер саны 16 мыңнан асады.
2018 жыл
2018 жылы 204 меценаттың қолдауымен 539 636 мың теңге қаражатқа 252 жоба іске асты. Облыста жоба ауқымында 6 мәдениет, 1 денсаулық сақтау, 3 спорт нысаны салынып, 3 мәдениет нысаны қайта жаңартылды.
Маусым айында Теректі ауданының Долинный ауылында «Тақсай ханшайым» кесенесінің құрылысы басталды. Бұл нысанды салуға 12 меценат 8 млн теңге қаражат жинады. Тамыз айында пайдалануға берілген кесене табиғи ақ тастан салынған. Биіктігі – 7 метр, ені – 4 метр. Орал – Орынбор күрежолынан 400 метр қашықтықта орналасқан кешеннің жалпы аумағы 20 сотық жерді құрайды. Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген ескерткіш өңірдегі белгілі туристік нысанның біріне айналды. Казталов ауданының Жалпақтал ауылында 8 млн теңгеге әлемге әйгілі суретші Сәкен Ғұмаровқа арналған ескерткіш орнатылды. Жоба демеушілері – кәсіпкер Миргат Ахметов және техника ғылымдарының докторы, академик Талант Оразғалиев.
Осы жылдың 7 қыркүйегінде Орал қаласында «Денсаулық саябағы» ашылды. Жоба құны – 14 831 мың теңге. Саябаққа өрнектастар төселіп, жарық шамдары, шағын архитектуралық нысандар, орындықтар орнатылған. Сонымен қатар балалардың ойын алаңдары мен спортпен шұғылдануға арналған стрит-воркаут нысандары жасақталған. Саябақтың ортасында «Өмір ағашы» символы бар. Алкоголь, темекі және есірткі заттарының зияны жөніндегі ақпараттар орнатылды. Кеңес Одағының Батыры Темір Масин атындағы облыс орталығындағы ескі тынымбақты сол кездегі облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Жасұлан Жақыпов 40 млн теңгеге жаңғыртты.
«Автокомбинат» ЖШС-ның басшысы Валерий Голоухов Еуразия даңғылының бойынан «Гауһар» тынымбағын салды. Мердігер оның құрылысына 60 млн теңге жұмсады. Тынымбақта балалар алаңы, спорттық кешен орналасқан, демалыс аумағы шаммен көмкерілген. Тынымбақ ішіне 18 шырша, 16 жөке ағашы, 5 емен отырғызылып, 870 шаршы алаң көгалдандырылды. Сол жылы Ақсай қаласында «Наурыз» саябағы көпшілікке есігін айқара ашты. Саябақты абаттандыру үшін демеушілердің қаражаты құйылатын «Наурыз паркі» қоғамдық қоры құрылған. Қордың құрылтайшылары – аудандағы белгілі кәсіпкерлер. Демеушілер жинаған 28 млн теңге қаражатқа 75 шам, 30 бейнекамера, 65 орындық және төрт шахмат үстелі орнатылды.
Казталов ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымындағы игі дәстүр жалғасын тапты. Әжібай ауылында ағайынды Сыралиевтер 15 млн теңгеге салынған фельдшерлік-акушерлік пункті сыйға тартты. Ал «Қарашығанақ балалар қайырымдылық қоры» комитетінің жетекшісі Найджел Роберт Торн қорға түскен 10 300 мың теңге қаражатқа Ақсай қаласындағы мектеп-интернат жанынан балалар спорт алаңының салынуына себепші болды.
Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылдық мектебінің ғимаратында орналасқан жаңа музейдің жабдықталуына шаруа азамат Орынбасар Кушов 1 млн 200 мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік жасады. Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылындағы «Шежіре тұнған құт мекен» музейінің ашылуы да тұрғындар үшін айрықша жаңалық болды. Музейде ауыл тарихында ерекше із қалдырған 90-нан астам ауыл тұрғынының биографиялық ақпараттары мен фотоматериалдары көрмеге қойылған. Экспонаттар арасында ауыл тарихы мен ауылдан шыққан батырлар, билердің құнды заттары мен мәліметтері бар. Музейдің жасақталуы үшін жеке кәсіпкерлер Үміт Есболатова, қожалық иелері Арман Абдолов, Нұрболат Қадырғалиев 1 500 000 теңге қаражат көлемінде демеушілік жасады. Ол қаражатқа музейге қажетті жабдықтар мен жиһаздар алынды. Қаратөбе ауданы Бесоба ауылындағы мәдениет үйіне жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен 3 млн теңге қаражатқа ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді.
2019 жыл
2019 жылы «Туған жер» арнайы жобасы аясында 118 меценат 711 млн 448 мың теңге қаражатқа 195 жобаны іске асырды. Жоба бойынша 1 денсаулық сақтау нысаны, 2 спорт нысаны қайта жаңартылды. Меценаттар біраз игі істің жүзеге асуына серпін берді.
Казталов ауданының Ақпәтер ауылында жергілікті кәсіпкер Самат Хасанов ФАП ғимаратының құрылысына 16 млн теңге бөлді. Сол жылдың 5 қаңтарында аудандық аурухана директоры Алмас Жүнісбековке жаңа медициналық пункттің кілтін табыс етті. Пунктте күндізгі стационар, фельдшер, акушер, егу кабинеттері бар. Талдыапан ауылында 1 млн 200 мың теңгеге хоккей алаңы салынды. Жоба демеушісі – жеке кәсіпкер Дархан Аябалиев.
Ақжайық ауданының Жайық ауылында тұрғындар кітапхананың ескі ғимаратын жөндеп, еркін күреске арналған спортзал ашты. Залды мектеп түлектері мен кәсіпкерлер спортшыларға қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Күрес үйірмесіне 30 бала қатысуда.
2020 жыл
Былтыр коронавирус індетіне байланысты қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, 1 млрд 51 млн теңгенің 138 жобасы жүзеге асты. Өңірдегі 208 меценат игі іске бір кісідей үлес қосты. Қайырымды азаматтардың көмегімен Бәйтерек ауданының Погодаев ауылында мәдени-спорт кешені, Казталов ауданының Жаңажол ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Казталов ауданының Қособа ауылында бастауыш мектеп, Орал қаласының Зашаған кентінде көп балалы анаға тұрғын үй салынды.
«Рухани жаңғыру» бойынша төрт мәдени нысан салынды. Атап айтсақ, Қаратөбе ауданының орталығында «Алаш орда және Қайыржан Хасановтың» мемориалдық-музей кешені, Ақжайық ауданының орталығында «Жұбан орталығы» мәдениет үйі, Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылында «Ерсары батыр» кесенесі, Орал қаласында «Пять поколений» тынымбағы пайдалануға берілді.
Елдегі жарияланған екі айлық төтенше жағдай кезінде меценаттардың көмегімен 120 млн теңге қаражатқа медициналық құралдар мен дәрі-дәрімектер (160 дана оттегі концентраты, 400 пульсоксиметр) алынып, облыстағы медициналық мекемелерге табысталды.
2021 жыл
Биылғы жылдың 9 айы ішінде 98 меценаттың күшімен 141 млн 370 мың теңгеге салынған 120 жоба жүзеге асты.
Екі әлеуметтік нысан (Ақжайық ауданында еркін күреспен айналысуға арналған спорт – залы, Бөкей ордасы ауданында бокспен шұғылдануға арналған спортзалы), 1 денсаулық сақтау нысаны (Шыңғырлау ауданының Ардақ ауылында 11 млн 500 мың теңгеге фельдшерлік-амбулаториялық пункт), төрт мәдени нысан (Тасқала ауданының орталық алаңындағы Ауған соғысы, Семей, Чернобыль ардагерлеріне арналған «Ерлік ескерткіші», Бөкей ордасы ауданында 2 көркем экспозиция, Сырым ауданында жазғы сахна) пайдалануға берілді. Бөкей ордасы ауданында кәсіпкерлер көмегімен көп балалы аналарға арналған екі тұрғын үй салынды. Бәйтерек ауданында кәсіпкерлер дзюдо үйірмесіне 18 татами, жекпе-жекпен айналысатындарға спорттық кимонолар сыйға тартты.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz