14.09.2021, 10:37
Оқылды: 60

Туған жеріне жанашыр

Казталов ауданы орталығынан шалғай орналасқан Талдыапан ауылдық округінің экономикалық-әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын ілгерілей түсуде. Сонау тоқырау кезінде ауылдардың ажары қашып, сүреңсіз кейіпке енгенде біраз ауыл азаматтары қалаға үдере көшкен еді. Дегенмен туған топырақтан ажырамай, «Көппен көрген ұлы той» деп қолда бар малдың басын құрап, ертеңгі күннен үмітін үзбей, жеке шаруасын өрістеткендер де жоқ емес. Ауылда қалған азаматтар сол үміттің сәулесі жарық бергенде, шаруасын шалқытып туған ауылының көркеюі жолында ерінбей еңбек етті. Бүгінде Талдыапан ауылдық округінің барлық елді мекеніне дерлік ауыз су мен көгілдір отын тартылып, тұрғындар игілігін көріп отыр. 

5

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген керемет қанатты сөз бар. Шағын ауылдың шырайын кіргізіп жүрген азаматтар туралы қалай айтсақ та жарасады ғой. Жүрегі «ауылым, туған өлкем» деп соғатын, өзінің перзенттік парызын терең түсінетін азаматтар Талдыапан ауылында да баршылық. Сондай азаматтардың бірі – «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиев.

Еңбекқор Дархан туралы баяндамас бұрын оның әкесі Қадірәлі Аябалиев туралы айтып өткен дұрыс. Отбасының бәйтерегі болған Қадекең біраз жыл Талдыапан қой кеңшарының директоры қызметін атқарған, ауылдастары алдында беделді азаматтардың бірі болған. Зайыбы  Рабиға екеуі 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі Дархан басқарған шаруашылыққа дем берген де әкесі Қадірәлі екен.

6

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Дархан әкесі Қадірәлі өмірден озған кезде қолдағы аз малдың басын құрап, шаруашылық ашуды жөн көреді. Бұл әлі де болса, тұрақтылық орнай қоймаған, ауылдардың бүгінгідей
сиқы жоқ 2009 жыл болатын. Ағайындылардың басын біріктіріп, шаруасын жаңадан бастаған жас жігіттің әуелкіде 50 ірі қарасы мен 50 шақты қой-ешкісі ғана болған екен. Мал туралы сөз қозғағанымызда, кейіпкеріміз есінде қалған қызықты жәйттерді айтып берді.

– Ертеректе анам Рабиғаның ағасы мал айдап бара жатып, «Мынау еншіңе» деп бір бұзау тастап кеткен деседі. Сол бұзаудан малдың басы құралып жүре берген көрінеді. Сонымен  бірге әлі есімде, мен мектеп бітірген жылы үйімізде 9 қой бар болатын. Сол кезде әзілдеп: «Тоғыз қой тұқым болмас» деуші едім. Бірақ сол тоғыз қойдан бастап қойымыз көбейді ғой. Бәрі еңбектің арқасы. Әрине, басында қиын болды. Мал бағу, оның қысқы азығын дайындау сияқты жұмыстарды өзіміз атқардық. Тезек, қи сатқан күндеріміз де болды, - деп еске алады Дархан.

Бүгінде шаруасы шалқыған шаруашылықта 700 ірі қара, 600 қой мен 70-тей жылқы бар. Үш  қыстақта мал өсіріп отырған шаруашылықта 10 адам жұмыс жасайды. Сонымен бірге шаруашылық жетекшісі асыл тұқымды мал өсіруді де қолға алып жатыр. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының 90 аналығы мен 4 бұқасын сатып алған. Жақында қыстаққа алдыратынын да жеткізді. Шаруашылық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қолдау қаражаттарды алудағы мүмкіндіктерді толық пайдаланып отыр.

Ал ендігі кезекте Дарханның туған ауылы үшін атқарған игі істеріне тоқталып көрелік. «Жолдың бойында жомарт отырады» дегендей, республикалық маңызы бар күрежолдың бойында орналасқан Талдыапан ауылдық округін «Жомарттар елі» десек, артық болмас. Бұл жерде еңбекпен көзін ашқан, туған елін шексіз сүйетін Нұрлыбай, Дархан сынды жомарт та жайсаң азаматтар тұрады.

Иә, республика, облыс деңгейінде Нұрлыбай Жолдыбаевтың есімі жақсы таныс болса, сол азаматтың қатарында Дархан Аябалиевтің де аты аталуы тиіс. Бірақ талдыапандық азаматтар жақсылық жасаудан ешқашан сайысқа түскен емес. Дархан Аябалиев бүгінде округ орталығы Талдыапанға көрік беріп тұрған «Тәуелсіздік монументіне» - 500 мың, «Алтыбақан» алаңына - 1 млн, мұзайдынға - 1 млн, Қособа ауылындағы мектеп құрылысына - 500 мың, ауыл ортасынан орын тепкен сырғанақ алаңының құрылысына 500 мың теңге қаражат бөлген. Ал осы керемет жобалардың қолдаушысы Дархан болса, авторы ауылдың ардақты азаматы Сейіткереев Самат екенін біреу білсе, біреу білмес. Мұнымен қоса Дархан бауырымыз ауылдағы барлық іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларына қаржылай демеушілік жасап жүретіні  тағы бар. Кейіпкеріміздің туған ауыл-аймағына жасап жүрген осындай жақсылықтарын тізе беруге болады. Бірақ мақтануды қаламайтын азаматтың ел-жұрт алдындағы еңбектері де ескерусіз қалмас деген ойдамыз.

Сапар барысында Дарханның шаңырағына да бас сұғып, дәм де таттық. Былтыр Дархан анасы Рабиғаны Меккеге Ұмыра (кіші қажылыққа) апарған екен. Анасының батасын алған азамат зайыбы Әсемгүл екеуі төрт перзент тәрбиелеп отырған, бірлігі жарасқан, бақытты отбасы екеніне де көзіміз жетті. Кейіпкеріміз сөз арасында: «Менің бар арманым – туған елім үшін қызмет жасау. Аудан, туған ауылым көркейсін. Елімізде тыныштық болсын!» дейді.

Еңбегің жемісті болып, берекең еселеніп, төңірегің түгел болып, өзің де аман жүр, ауылын асқақтатқан, азамат!

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале