12.07.2021, 23:39
Оқылды: 38

«Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болсын!»

Бүгін Орал қаласындағы Достық үйінде оффлайн-онлайн режімінде «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбындағы Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІІ сессиясы өтті.  

Копия Изображение 475

Сессияда облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Ғали Есқалиев ел Тәуелсіздігінің 30 жылы қарсаңында Қазақстан халқы ассамблеясының мұрат-мақсатына зер сала отырып, құрылғалы бергі 26 жыл ішінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту жолында жұмыстанғанын, қоғамдағы ауқымды өзгерістердің іргетасына айналып, қазығын қадағанына тоқталды.

– Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІХ сессиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық патриотизм мен азаматтық теңқұқықтық қағидаттарын берік қалыптастыру, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін, ортақ Отанымыз – Қазақстанда ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністік-сыйластықты нығайту, ұлтты тұрақты жаңғырту жөніндегі бес қағидат бойынша шараларды жүзеге асыруға шақырды.  Осы орайда Елбасы ассамблеяның қоғам  өміріндегі достық, бірлік және тыныштық, сенімді нығайтуға қосқан маңызды үлесін атап көрсетіп, этносаралық және конфессияаралық келісімді бірінші орынға қойды. Қазіргі кезде Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдағы келісім мен татулықты нығайтудың ықпалды институты ретінде кең ауқымды мәселелерге жетекшілік етіп, үйлестіріп келеді. Заман талабына сай алдымызда этностардың мәдениетін, тілдерін, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтаудан бөлек, жалпы азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға және бүкіл қазақстандық қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған жаңа міндеттер қалыптасты. БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы дамудың стратегиялық мақсаттарына жету үшін мемлекет пен қоғамды біріктіріп, тұрақтылықты, азаматтық татулықты, қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтып, достық пен келісімді сақтауда тындырымды жұмыстар атқаруда, – деді Ғали Есқалиев сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде.    

Копия Изображение 461

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, Ақ Жайық өңірінде этносаралық жағдай тұрақты, әлеуметтік зерттеушілердің зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің көпшілігі, яғни 96%-дан астамы этносаралық саладағы ахуалды оң бағалайды, 95%-дан астамы өздерін қазақстандықтармыз деп санайды. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың  96%-ы этностық белгілеріне қарай құқықбұзушылықтардың куәгері болмағандарын айтқан. Біздің өңірде 80-нен астам этнос өкілі тұрады.  Ассамблеяның ынтымағы жарасқан «командасының» жұмыс нәтижелерінің бір көрінісі ретінде пандемия кезінде халыққа қолдау-көмек көрсеткендерін айтуға болады. Мемлекеттік құрылымдармен бірге тазаматтық белсенділік таныта отырып, этно-мәдени бірлестіктер мен облыстық ҚХА-ның жастары және еріктілері айтарлықтай өз үлестерін қосты. Сондай игі істері үшін оларға облыс әкімі алғыс айтты. Сонымен қатар облыс басшысы алдағы атқарылатын шаруаларға тоқталды. Халықтар достығын насихаттау және қала тұрғындарының тынығып, демалуы үшін жағдай жасау мақсатында әр этностың «Достық тынымбақтарын» ашу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. «Бірліктің бесігіне айналған Қазақстан халқы ассамблеясының, яғни сіз бен біздің алдағы уақытта тындырымды істер атқаратынымызға сенімдімін. Түрлі халықтың тағдырын тоғыстырып, тұтастығын қалыптастырған еліміз өркендей берсін! Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз татулық болсын!», – деді облыс басшысы.  

Копия Изображение 539

Сессия жұмысының бірінші панельдік секциясының жұмысы облыс әкімінің орынбасары, БҚО халық ассамблеясы төрағасының орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың басшылығымен  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ауыл тұрғындарының өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсарту» тақырыбында өтті. Онда Бәйтерек ауданындағы Сулыкөл ауылдық округіндегі «АгроСервисБатыс» ЖШС-ның бас директоры Армат Бисенов «Агросекторда инновациялық технологияларды және шетелдік әріптестердің озық тәжірибесін қолдану туралы» әңгімеледі. «Бұдан 8 жыл бұрын шаруашылыққа өзгеріс енгізуге тырыстық. Алдымен тұқым қорын жаңарттық. Қазіргі кезде 7 қадам жобасын іске асыруға тырысудамыз. Оның біріншісі пилоттық жоба – қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысы.  Мұндай жоба бізден басқа «Гурсаев» шаруа қожалығында жүзеге асырылуда. Үй құрылысының 50 пайызы мемлекеттен субсидияланады, биыл 2-3 үй салынады, келесі жылы 8-10 үй салмақ ойдамыз. 2023 жылдан бастап үй салуды күрт көбейтпек ниеттеміз. Ерекше жобаны әрбір фермер байқап көруі керек. Екінші жоба – ақсақалдар алқасын құрып, (оны бізден, округ әкімдігінен, белсенді ауыл тұрғындарынан құрамыз) ішкі бюджетке 10 млн. теңге бөліп, алқа соны қайда және қандай мақсатқа жұмсайтындарын шешеді. Биыл жоба іске қосылады. Үшінші жоба – ауылға жол салу. Өз қаражатымызға көшелердің жолдарын және ауылға кіреберіс жолды жөндеуге жоба жасақтаудамыз. Төртінші жобамыз – шағын көлді сенімгерлік басқаруға алып, онда қоғамдық жағажай дайындаудамыз. Әзірге өз қызметкерлерімізге, олардың отбасыларына, тума-туыстарына арналған. Алдағы уақытта оны жайландырып, тұрғындардың барлығы үшін тамаша демалыс орнына айналдырмақпыз.  Бесінші жоба –  дүкен, дәріхана ғимараты құрылысы. Алдағы жылы үлкен коммерциялық ғимарат салып, заңдық негізде, санэпидемиологиялық талаптарды сақтап,  болмашы жалдау ақысын белгілеп, округтегі кәсіпкерлерді бір орынға жинақтау. Алтыншы жоба – таза ауыл. Биылдан бастап ауылдың ішін қатты тұрмыстық қалдықтардан тазаладық. Енді ауыл ақсақалдары алқасымен бірге тұрғындарға ауылды таза ұстау, қалдықтарды іріктеу жөнінде түсінік жұмыстары жүргізіледі. Жетінші жоба – ауылдағы спортты дамыту.  Ауылда бапкерлік миссияны атқаратын мамандар жобасын жасақтадық. Мұнда барлық жастағы тұрғындар үшін спорт секциялары жұмыс істейтін болады.  Жаттықтырушылар 1-2 айға ауылға барып, жаттықтырады, біз оларды тұрғын үймен, тамақпен, жалақымен қамтамасыз етеміз. Осының барлығы ауылды дамытуға бағытталған жобаларымыз, – деді  Армат Ғимранұлы.

Копия Изображение 553

Одан кейін сөз алған «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистралды құбырлар жөніндегі инженері Бейбіт Иманғалиев «Тасқала елді мекенін көркейтудегі жасыл желектің маңызы» тақырыбында баяндады. Бейбіт Шежін ауылындағы ескі бақтың орнына 2 гектар жерге 500-ге жуық төрт түрлі алма сұрыптарының көшеттерін отырғызған. Болашақта осы алманы өңдейтін кешен салу ойында бар. Келесі спикер «Менің аулам – менің бағым» жобасының және халықаралық эксперименттік коллекциялық бау-бақша тәлімбағының жетекшісі Қайрат Кәрімов өңірдегі бағбандықты дамыту, бау-бақша егуді жандандыру жайын әңгімеледі.  Залдан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар қайтарылды. Сонымен қатар облыс әкімі бағбандықты насихаттау және тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кейбір түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуі үшін арнайы сайттар ашуды облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетовке тапсырды. «Аялаған алақан» халықаралық қайырымдылық қорының жетекшісі Рада Хайрушева ерекше балалармен, ата-анасы жоқ балаларды сурет салуға тарту жобасы бойынша жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті. Қазіргі кезде оралдық жас суретшілердің суреттері халықаралық «Әлем – балалар көзімен» атты  қайырымдылық көрмесі аясында  бірқатар әлем елдерін аралады. Жұмыс орнының  тарлығын айтқан Р. Хайрушеваға облыс әкімі алдағы уақытта «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң жобасы қаралып жатқанын, заң қабылданса, заң аясында алдағы уақытта орын мәселесі шешілетінін жеткізді.  Жас суретші балалардың халықаралық көрмесін ұйымдастыру, «Ақжайық – адалдық алаңы» орталығының қызметкері, белсенді ерікті Серік Мұқашев қайырымдылық шараларының мән-маңызы, БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Дулат Мақатов «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен еріктілердің «30 игі іс» республикалық акциясы аясындағы қайырымдылық шаралар,  «Бірлік» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, Англиядағы саясат және халықаралық қатынастар бағытындағы Эссекс университетінің ІІ курс студенті Рашад Мамедов «Жастардың біліктілігін  арттыру мақсатында шетел тәжірибесінің рөлі», «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы төрайымы, «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Оралдағы №26 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Ирина Суетина мемлекеттік тілді дамыту туралы ой-пікірлерімен бөлісті.  

Копия Изображение 481

Жиын соңында БҚА ҚХА XXIII сессиясының Үндеуі қабылданды. ҚХА төрағасының орынбасары  М.Әзілхановтың алғысхаты БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Дулат Макатовқа табыс етілді. Сессияның жұмысын облыс әкімі қорытындылады.

Копия Изображение 546

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Ирина  Суетина,

«Тіл  мұра» қоғамдық  қозғалысының төрайымы,  «Ламед»еврей этномәдени  бірлестігінің мүшесі, Оралдағы  №26  мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Жұрттың көбі мені «Қазақ тілін қайдан және қалай үйрендің?» деген сұрақтың астына алады. Қазақстанда мұндай сұрақтар қойылмауы керек. Өйткені Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі! Қазақ тілін құрметтеу, оның қолданылу аясын кеңейту – біздің азаматтық борышымыз. Соны дұрыстап ұғып алғанымыз жөн.

Менің ата-әжем Қазақстанға тың игеруге келген кісілер. Атам мен әжемнің сол кездегі тұрмыс туралы, қазақ халқының бір тілім нанды бөлісіп, қиындықта қол ұшын бергені жайындағы әңгімелері менің санамда жатталып қалды. Қазақ халқына, оның тіліне деген құрметім қаршадайымнан санамда қалыптасты. «Отан отбасынан басталады» деген даналықтың дәлелі де осы! Мемлекеттік тілді меңгеру өзің азаматы болып табылатын елді, мемлекетті сыйлаудың, құрметтеудің нақты мысалы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале