10.04.2022, 12:40
Оқылды: 108

Түліктің төресін көбейту үшін жайылым  қажет

Халқымыз жылқыны ежелден-ақ түліктің төресіне теңеген. Өйткені ол жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, мінсе көлік, тіпті өндіріс құралы да болды. Ал бүгінде жылқы  шаруашылығы мал  шаруашылығының  бір іргелі саласына айналды. 3DD3FC34-4535-43B9-B41A-9CB037787236

Суреттің дереккөзі: egemen.kz

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста  250,6 мың жылқы тіркілген екен. Қамбар ата түлігі өзге ауыл шаруашылығы жануарларының  арасында  жоғары  өсімге ие екені байқалады.  Өйткені жылқы саны 2020 жылмен  салыстырғанда 12,3%-ға өскен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр 10,6 мың  асыл тұқымды жылқы болған. Биыл да он мыңнан асып жығылады. Өңірде көшім, қазақы жабы және мұғалжар  асыл тұқымды жылқылары өсірілетіні аян. Басым  бөлігі – етті-сүтті бағытындағы жер-гілікті көшім жылқысы. Қазір 8800-ден астам көшім жылқысы бар. Өңірдегі асыл тұқымды қылқұйрықтар жергілікті ауа райына бейімделген. Жыл-он екі ай тебінді-үйірлі жайылымда  ұстауға  үйренген.

– Облыстағы 163 шаруашылықтың әрқайсысында  200-ден астам жылқы бар. Ал асыл тұқымды жылқы өсірумен  34 шаруа  қожалығы айналысады. Бірақ қазіргі кезде өзге ауыл шаруашылығы малын асылдандыруға қарағанда жылқыны  асылдандыру ісі  артта қалып отырғаны рас. Бұған осы саладағы білікті ғалымдардың, мамандардың жетіспеушілігі себеп болып отыр. Алайда Алтай  Зинуллин, Мереке Нығметов, Нұржан Молдаханов сынды ғалым-мамандардың, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жылқыны асылдандыру, өнімділігін арттыру жолындағы еңбектерін атап өтпеуге болмайды. Мәселен, Алтай Зинуллиннің  бастамасымен жылқы жанашырлары – «Ернұр-Ж» ШҚ жетекшісі Жанқабыл Құбайдоллаұлының қолдауымен «Ақжайық» қазақы жылқысының тұқымын, «М. Буранбаев» ШҚ жетекшісі Базарбай Нұрлыбайұлының қолдауымен «Нарын» қазақы жылқы тұқымын шығару үшін жұмыстануда, – дейді аталмыш басқарманың бас маманы Мейрамбек Ерақаев.

Бас маман айтып өткендей, мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуде. Өнімді бағыттағы асыл тұқымды аталық айғырларды сатып алу шығынын ішінара арзандату үшін демеуқаржы беріледі. Яғни сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін әр басқа 100 мың теңгеден субсидия қарастырылған. Ал бие сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату мақсатында әр литріне 60 теңгеден субсидия беріледі.

Субсидия алу үшін бекітілген өлшемшарттар бар. Ол үшін өнімді бағыттағы асыл тұқымды айғырлар сатып алу үшін өтінім береді. Сол  сәтте сатып алынған малдың деректері САТЖАҚ және АЖБ-дағы мәліметпен сәйкес болуы керек. Бұл жердегі САТЖАҚ дегеніміз – селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қоры, ал АЖБ – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқор. Сондай-ақ сатып алынған малдың жасы 18 айдан 60 айға дейін болуы шарт. Өсімді молайту мақсатында сатып алынған асыл тұқымды айғырлардың пайдаланылу белгісі қойылуы шарт. Демеуқаржыдан бөлек, жылқы өсіру үшін жеңілдетілген несиелер де  қарастырылған.

Ауыл-аймақты айтпағанның өзінде, облыс орталығының шеткері аудандарында жылқы ұстап, бие сауып отырғандар баршылық. Олар қалалықтар мен шаһар қонақтарын бойға қуат, дертке шипа қымызбен, саумалмен  қамтамасыз етуде. Мейрамбек Ғарифоллаұлының айтуынша, облыста жылма-жыл 300 тоннадан астам бие сүті өндіріледі екен. «Горбачев», «Ибрагим», «М. Буранбаев», «Ернұр-Ж», «Ишанов» ШҚ-лар бие сүтін өңдеп, қымыз өндірумен айналысады. Ал былтырғы жыл қорытындысында тірілей салмақта 13,1 мың тонна жылқы еті өндірілген.  Бір айтатын жайт, өңір шаруалары өндірген жылқы еті мен  қымыз ішкі нарыққа өткізіледі. Өткен жылы  14,7 мың  жылқы  өзге аймақтарға  сатылған. Өңірдегі жылқы шаруашылығын дамыту үшін қолға алынған арнайы мақсат-міндеттер бар. Бірақ бұл жолда кездесетін мәселелер де жоқ емес.

– Жылқы шаруашылығын дамыту үшін қолда бар қыл-құйрықтының санын көбейтуіміз қажет. Әсіресе  асыл тұқымды жылқының үлесін арттырып, осы бағыттағы ғылыми жұмысты жетілдіргеніміз жөн. Алайда қазір білікті жас мамандардың, ғалымдардың тапшылығы байқалады. Шаруа қожалық басшыларының  асыл тұқымды жылқыларын республикалық палатаға тіркеуге немқұрайлы қарауы да назар аудартуда. Етті-сүтті жылқы тұқымдарының республикалық палатасына жылқыға  асыл тұқымды мал мәртебесін алу үшін тіркеледі. Асыл тұқымды мал мәртебесін алу үшін малдың барлық өнімділік көрсеткіштерін, үш ата-тегін көрсету қажет. Ал қазір тауар өндірушілер тек сататын жылқыларын ғана тіркетіп жүр. Алайда аталмыш  палата  жылқының өнімділік сапасын арттырып, санын көбейтуді, асыл тұқымдық қасиеттерін  сақтап қалуды мақсат ететінін естен шығармаған жөн, – дейді Мейрамбек Ғарифоллаұлы.

Бас маманның айтуынша, өңірде тиімділігі жоғары жылқы шаруашылығы үшін жайылымдық жерлер қажет. Жайылым жетіспеушілігі, әсіресе облыстың егінді аудандарында туындап отыр. Сондықтан  бұл мәселе  игерілмей жатқан жайылымдарды қайтару  және бос жайылымдарды игеру арқылы шешілуде. Қазір  жылқы өсірумен айналысатын тұрғындар арасында заманауи GPS-трекерлерді кеңінен насихаттау да күн тәртібінде тұр. Бұл құрылғы жануарлардың қай жерде жайылып жүргенін қашықтан анықтауға мүмкіндік береді.

 Асылдандыру

 Жоғарыда атап өткендей, жылқыны асылдандыруға Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің сынау орталығы да атсалысуда. Орталық директоры, биология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Индира Бейшованың айтуынша, орталықта халықаралық деңгейде тестілеуден өтіп,  аккредиттелген 3 зертхана жұмыс істейді. Мәселен, биотехнология және жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасында ірі қара мен жылқылардың ата тегін  ДНҚ бойынша анықтап, құжаттар береді. Екіншіден, жылқыларға «отандық тұқым» деген баға беру үшін  олардың генетикасы зерттеледі. Аталмыш зертхана асыл тұқымды ірі қара малдың
генотиптеу деректерін енгізу үшін ақпараттық-талдамалық базаны (ИАС) пайдаланады. Сонымен бірге бұл зертхана ірі қара малдың генотиптерін STR әдісімен анықтау бойынша халықаралық жануарлар генетикасы қоғамының (International Society for Animal Genetics (ISAG) ID numberis 5144509) институционалдық мүшесі екен.

Біз ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мереке Нығметовты сөзге тартқан едік. Ол – жылқының «Ласковый»,  «Байкал» және «Хитрец» аталық  іздерін  және  Жаңақала   зауыттық  тұқымын  өсіру бағытында жұмыстанып жүрген ғалым. Ғалым ет-сүт бағытындағы аталмыш жылқы тұқымы қысы-жазы тебінде жүретінін айтты. Бүгінде көшім жылқысының  үш зауыттық аталық ізі бар екен. Аталық із дегеніміз – бір тұқым ішінде атақты айғырдан тараған, өнімділік қасиеттері өзіне тән ерекше дамыған және осы қасиеттерін ұрпағына толық дарытқан мал. Ғалымның сөзінше, қолданыстағы нұсқаулық  бойынша элита класты айғырлардың салмағы 530 келі болса, биелердікі – 480 келі. Ал алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда, мәселен, Ақжайық ауданындағы «Жайық тұлпары», «Адай Бекет» және Жаңақаладағы «Серғазиев» ШҚ-ларда айғырлардың салмағы 680-700 келі, ал биелердің салмағы 550-600 келіге дейін тартады.

– Көшім жылқысы үш рет сұрыпталады (бонитировка). Бірінші рет  жылқы жас жарымда сұрыпталып, ата тегі, өлшемдері, сырт пішіні мен бейімділік қасиеті  бағаланады. Сосын  екі жас жарымда және  бес жас жарымда сұрыпталады. Соңғы сұрыптау барысында жылқының сүт өнімділігі мен  тұқымдық сапасы бағаланады. Осы бағалау нәтижесі бойынша жылқылар  элита, бірінші класты және екінші класты деген үш топқа бөлінеді. Бұл топқа жатпайтындар асыл тұқымды жылқы болып есептелмейді. Бүгінде біз жылқының бейімділігі мен өнімділігіне, әсіресе тірі салмағына көңіл бөлудеміз, – дейді Мереке Тілеуғалиұлы.

 Қазақтың қолтумасы

Ақжайық ауданындағы «Ернұр-Ж» шаруа қожалығының басшысы Жанқабыл Сәтпаев үш мыңға жуық  асыл тұқымды көшім, мұғалжар және қазақтың жабы жылқыларын өсіруде. Ата кәсіпті қолдап, әкенің ісін жалғап отырған шаруа жылқыны асылдандыруға ден қойған. Бүгінде ол қазақтың жабы жылқысын мұғалжар тұқымымен будандастыру арқылы жаңа «Ақжайық» тұқымын алуды мақсат етіп отыр. Аталған  «Ақжайық» тұқымын шығару бағытында  2010 жылдан бері жұмыстанып келеді. Бұл игі іске жергілікті селекционер ғалымдар да атсалысып, қолғабыс  білдіруде.

– Селекция жүргізілмеген жылқының тұқымы өзінің тұқымын қуалап кетеді. Яғни
қаны өз тұқымының қанымен араласып, жылқының иммунитетін төмендетеді. Жылқыда ауру пайда болып, күйі кетеді. Алайда жылқының жаңа тұқымын шығару да оңай іс емес. Ғылыми негізге сүйене отырып, жан-жақты іздену үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт керек. Қазіргі таңда мініске жарамды аттар да жоқтың қасы. Кезіндегі Ақан серінің  Құлагері, Қабанбайдың Қубасы, Алпамыстың Байшұбары, қазақтың қарабайыры мен қазанаты дегендер  жоқ. Өйткені ағылшындық аттарға бейімделіп кеттік. Олар қазақы жылқыға қарағанда біздің климатқа төзімділігі жағынан әлсіздеу болып келеді. Сондықтан шетелден әкелінген асыл тұқымды айғырларға жергілікті қазақы биелерді қосып, тұқым алу бағытында да жұмыстанудамыз. Бұдан алынатын түлік қазақтың қолтумасы, мініс аттары болып шығады, – дейді шаруа қожалық жетекшісі.

Жанқабыл Құбайдоллаұлы жылқы шаруашылығындағы шаруалардың көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі – мемлекеттің тарапынан субсидия арқылы қолдаудың жоқ екенін атап өтті. Шаруа жетекшісі демеуқаржыны биелерді асылдандыру арқылы сапасын көтеру үшін беру керек деп есептейді. Мәселен, көршілес Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен  жергілікті бюджет есебінен жем-шөбіне деп әр аналық биеге 20 мың теңге беріледі екен. Бұл қаражат асыл тұқымдыға да, қарапайым жылқыға да тиесілі.

– Қазір жылқыны әрбір шаруашылық өзінің шама-шарқынша  бағып жүр. Ел арасында «Қамбар ата түлігі далада жайылып, тамағын өзі тауып жейді» деген қате түсінік бар. Себебі бие далада жайылғанымен, жатырындағы  құлынға керек дәрумендерді тиісінше сіңіре алмайды. Сондықтан оған қосымша құнарлы азық қажет. Біздің қожалық асыл тұқымды жылқы өсіретіндіктен, республикалық палатаға мүше. Ал аталған палата өз кезегінде Үкімет пен шаруаның арасындағы алтын  көпір іспетті болуы керек. Палата шаруалардың игілігі үшін жұмыс істейді. Алайда қазір оның қызметін қолдаушылар аз. Өйткені жылқы шаруашылығымен айналысатындардың жанайқайы құзырлы құрылымдарға жетпей жатыр, – дейді Жанқабыл Құбайдоллаұлы.

Жанқабыл Сәтпаев жүз күнде 500 жылқы бордақылайтын алаңды да іске қосқан. Арнайы таңдалған жылқылар осы жерде үш ай бордақыланады. Сонымен бірге қожалықта бәйге аттары да бапталады. «Тәулігіне бір тонна қымыз өндіретін цех салып қойдық.  Алайда жылқы жайылатын жердің тарлығына байланысты цех жұмысы тоқтап тұр. Өйткені сауылатын биелерге еркін жайылатын жер керек. 2020-2021 жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану  құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатыстық. Алайда 120 бие сауатын орынға тиесілі қосымша жерді ала алмадық. Себебі айналамыздағы бау-бақша, шабындық жерлер кедергі келтіруде», – дейді ол.  

 Жауапкершілік керек

Жанқабыл Сәтпаев қарапайым жылқы шаруашылығымен айналысамын деген шаруаларға да үкіметтен субсидия бөлінгенін жөн санайды. Мемлекеттен мұндай қолдау көрген шаруалар асыл тұқымды айғыр сатып алады. Оны ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға тіркейді. Ал мал дерекқорда тұрса, иелері таңбаланып, чип салынған малына жауапкершілікпен қарай бастайды. Осылайша малдың сапасын  арттыруға, Қамбар ата түлігінің қараусыз жүруіне тосқауыл қоюға,  көліктердің «жүгенсіз жүрген» малға соқтығысуының алдын алуға сеп болады. Сондай-ақ мал дерекқорға тіркелсе, жол-көлік апатына себепші болған үй жануарының  иесін де анықтауға мүмкіндік береді.  

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мейрамбек Ерақаев та  жылқының бағымсыз, қараусыз  жүруі  өзекті мәселе екенін айтып отыр. Жылқылар, әсіресе республикалық маңызы бар  тасжолдардың бойында жиі кездеседі екен. БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, малдың қатысуымен 2019 жылы 144,  2020 жылы 135, ал былтыр 142  жол апаты тіркелген. Былтыр осындай жол-көлік оқиғасынан  5 адам қайтыс болып, 11-і дене жарақатын алыпты.  Оқиғаға қатысты  64 малдың иесі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Әсіресе Ақжайық және Сырым аудандарының аумағында малдың қатысуымен көлік апаттары жиі болады.  Атырау-Орал және Самара-Шымкент тас жолдарына жақын орналасқан елді мекендерде қараусыз жүрген мал көп ұшырасады. Егер иелері жылқы не ірі қара малын еркін жайылымға жібермесе, қайғылы оқиғалардың орын алуын болдырмауға болар еді. Осындай  қауіптің алдын алу үшін мал қамайтын арнайы орындар ұйымдастырылды. Мал айып тұрақтарында иелерінің кім екені анықталғанға дейін ұсталады, – дейді басқарма бастығы, полиция  полковнигі  Мирхат Аженов.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы мәлім еткендей, облыста «қаңғыбас» малға арналған барлығы 90 арнайы орын бар. Былтыр иесіз жануарларға арналған мұндай орындарға 1379 жануар қамалыпты. Олардың  1032-сі ірі қара мал болса, қалғаны жылқы екен. Малын қараусыз жіберетіндер заң алдында жауап береді.  Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу) жауапкершілік көзделген.  Осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ескерту жасау немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Егер мал жол-көлік оқиғасына себеп болып, адамның  денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірсе, мал иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті. Былтыр  осы бап бойынша 3843 мал иесі жауапкершілікке тартылған. Олардың 2887-сіне ескерту берілсе, 956 мал иесіне айыппұл салынған. Сондықтан полиция департаментінің  қызметкерлері  барлық мал иелеріне малды қараусыз жібермеуге кеңес береді.

Халқымызда «Құлын тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат
мұратқа жеткізер» деген нақыл бар. Қалай десек те, Қамбар ата түлігін түлетіп, түтініміз түзу ұшқанға не жетсін?!

Ясипа Рабаева,

 zhaikpress.kz

 Облыстағы жылқы шаруашылығының  даму статистикасы

2017 жыл

2018 жыл

2019 жыл

2020 жыл

2021 жыл

Облыстағы жылқы саны

166 901

179 906

192 892

223 151

250 574

С.і. асыл тұқымды

10 014

11 246

10 327

10 546

10 409

Жылқы еті, тірілей салмақта, тонна

10902,2

11143,7

11730,4

12465,5

13072,6

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале