14.02.2023, 11:16
Оқылды: 175

«Тұман ішіндегі көш», бұл қазақтың көші

Мұқадес Есламғалиұлы туралы бұрын ұстаздарымнан еститінмін. «Тұман ішіндегі көш» романын оқыған соң, авторды басқа қырынан таныдым. Шығармаларынан қаламгердің көзқарасы, ой-танымы, тұлғалық ерекшелігі көрініс табатынына тұшындым.

InShot_20230214_082225709
Жазушы аталған романда тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы ел ішіндегі қиындықты және Кеңес өкіметінен кейінгі сан алуан өзгерісті бейнелеген.
«Дүние, өмір дегенің,
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен» деген Абай өлеңімен романды бастаған қаламгер өз заманында Абайды оқыған, білген, түсінген және өзі де жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратқан. Ұлттық мүддені жоғары қойған, ұлт тағдырын таптауға қарсылық танытқан, тарихты ұлықтаған. Шығармада «Төлегенді өлтірген қарақшы Бекежан ба?» деген сұраққа «Төлегенді өлтірген Бекежан емес, оны өлтірген қарақшы, қожа Кескентерек екені – тарихтың тайтұяқ шындығы. Бекежан мен Жібек алты атадан, яғни Қабақтан қосылатын қандас жандар. Ал қазақта жеті атаға дейін қыз алып, қыз берісу жайында сөз болмағанын өзің білесің» деген жауап айтылады. Осы жауап арқылы қазақтың тектілігіне кір шалдырмау керектігін меңзейді. Сондай-ақ «Меніңше, құлпытасы жоғы – Бекежандікі. Қазақта жерлегенде әкесі мен баласының қабірін қатарластырмайды. Баласын сәл кейінірек не аяқ жағына жерлейді» деп қазақ салтының бір көрінісін жеткізген. Жазушының осылайша тағылымды тарих пен қазақтың салт-дәстүрін жетік меңгерген жан екендігін аңғарғандаймыз. Ал «Ертеректе осы маңның көнекөздерінің бір тобы: «Бұл біздің Шеркештің батырлары» десе, екінші біреулері еңсесін көтере: «Жоқ, бұл біздің Байбақтының тектілері» десіп, кеу-кеулеседі екен» деген жолдардан жазушы ойының түпкі шыңырауында қазақ жұртының руға бөлінбей, біртұтас Алаш елі болуы көзделгендей. Көшпелі өмір сүрген қазақ халқы көрші елдердің қыспағына ұшыраған сәтте, ендігі кезде оқшау өмір сүре алмайтынын түсінген Әбілқайыр хан орыс халқымен бірлесуге үлкен мән бергені тарихтан мәлім. «Әбілқайыр – кесек, қиын, күрделі тұлға. Тағдыры да шым-шытырық, ғұмырының көлеңкесі де, күнгейі де шаш етектен» деген жазушы Әбілқайырды кінәлаушыларды қолдамайтынын аңғартады. Кім білсін, өз заманындағы тілі шұбарланған, мінезі орыс тектес бірбеткей қаракөздерді көргенде жазушы көзқарасы бір сәтке өзгерген де шығар. Дегенмен тарихты қастерлеген аутордың өзі көзге көрінбесе де демі, тынысы, нені қалайтыны, нені қаламайтыны сезіліп тұр. «Біреудің барын жоқ қып, атағына, абыройына ор қазсақ, мадақтамақшымызға мәңгілік алтын тұғыр орнататындаймыз. Тарихтың да, бүгінгі жазушылардың да соры осы. Тарихи тұлғаларды үнемі саф алтын күйде іздеуіміз де аса көрегендікке жатпайды» деген Тастемір сөзі барымызды қастерлейік, енді бізге ешкім тарих жасап бермейді деп ой тастағандай.

Мерует Ешниязова,
Егіндібұлақ мектеп-бөбекжай-балабақша
кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымының магистрі,
Бәйтерек ауданы

Материалдың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің 14 ақпандағы №13 санынан оқи аласыз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале