25.05.2023, 10:15
Оқылды: 83

Түменнен түлеп ұшқан тарлан-2

Осынау шоң қазақпен жақын танысқаным осыдан екі жыл бұрын. Лавр Хайретдинов, Серік Сүлеймен деген жайсаңдар Қазақстан Тәуелсіздігіне  30 жыл толуына арнайы жинақ шығаратын болып, оның жұмысына мені тартты. Ол кітап отыз жыл ішінде Ақ Жайық өңірінде облыс, аудан басқарған азаматтардың қызмет дерегі, өзі еңбек еткен өңірде не тындырып, оған қандай еңбегі сіңгені жайлы еді. Отыз жылда облысымызда жүзден астам азамат өңірдің, аудандардың тізгінін ұстапты. Олардың бірқатары мынау фәниде жоқ, бірқатары басқа мемлекеттерге қоныс аударған. Тірісін түгендеген, өмірде жоғының дерегін іздеген ұшан-теңіз жұмыс жыл бойы жүрді. Тірнектеп жинаған материалдар терліктей, көлемді дүниеге айналды. Сол кейіпкерлердің жуан ортасынан осы азамат та табылды. Кітап жазылып бітті, шықты. Бірақ бұл жайсаңмен қарым-қатынасым үзілген жоқ. Тағдырдың айдауымен Ресейдің сонау Түмен облысында дүние есігін ашқан Қайнолла Зейноллаұлы Қасеновтің ғұмыр жолы мені өзіне тарта берді. Сөйтіп, осы мақала жазылды. Түменнен түлеп ұшқан қазақ баласының көрген-білгені,  бастан кешкені, шыққан биігі туралы сен де біліп жүр, оқырман!

1 сурет

«Тұлпар Мұнай сервис» ЖШС-ны алғаш құрушы, тұңғыш вице-президенті, атқарушы директоры Қ. Қасенов және «Қаражамбас» АҚ-ның басшысы Майкл Лолнг (АҚШ), 2002 жылы

Өткен жолғы әңгімемізде («Орал өңірі» №34, 27 сәуір) Қайнолла Қасенов 1993 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының арнайы шақыруымен атажұртқа атының басын бұрды деп едік қой. Қазақ елінің топырағына табаны тиген бойда, қызмет қайдан бұйырды дейсіз бе?.. Атажұртын аңсап жеткен ұлының алдынан аңқылдап шыққан – біздің Ақ Жайық өңірі, осы Орал қаласы. Ал кейін атқарған қызметтеріне келетін болсақ, Қазақ елі оны әр жылдарда ең бір қиын жерлерге алмас қылыштай қайрап салып отырған ба дерсің. Оны ретімен баяндайық. Алғашқы жұмысы 1993 жылдың 12 қарашасында Орал қаласындағы «Қазақгаз» ұлттық мемлекеттік холдинг компаниясында вице-президенттіктен басталған. Холдинг соның алдында ғана ҚР Министрлер кабинетінің арнайы қаулысымен құрылған екен. Мұнда Қайнолла Зейноллаұлы тек КСРО бойынша ғана емес, сонау қияндағы Ливия жеріндегі мұнай-газ  саласының да майын ішкен, өзі сияқты тағы бір мықты қазақ, болмысы бөлек Есет Рабатұлы Әзербаевпен қоян-қолтық жұмыс істеді. Бірден байқағаны, Есет Рабатұлы – мұнай-газ саласының асқан білгірі, үлкен ғалым, ірі ұйымдастырушысы болғаны өз алдына, тамаша азамат екен. Екеуінің арасында нағыз адами, ағалы-інілі сыйластық, іскерлік қарым-қатынас орнады. Осы жерде ерекше бір жағдайды атап өткен жөн, «Қазақгазда» вице-президент болып істеп жүргеніне бес ай болғанда (1994 жылғы 1 сәуір) Қайнолла Қасеновке тағы бір салмағы мен жауапкершілігі атан түйенің белін үзердей қызмет қоса тапсырылды. Ол – Қарашығанақ бұрғылау жұмыстары басқармасы мен Ақсай бұрғылау жұмыстары басқармасы аталған екі үлкен ұйымды қосқан «Қазақбургаз» АҚ-ның бас директоры қызметі еді.

2 сурет

Қ. Қасенов Бөрлі ауданының әкімі (1996-997 ж.ж.). Оң жағында Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі, сол жағында КПО-ның бас директоры

Жұмыс істегеніне бір жылдай уақыт болған күндердің бірінде Есағаң бұған «Қайнолла, іссапарға жинал, Ресейдің «ГазПромына» барамыз. Қазақстанның газын шетке тасымалдау үшін келісімшартқа отыруымыз керек. Сол үшін толып жатқан келіссөз жүргіземіз», – деді. Сөйтсе, бұл дегеніңіз – шетімен шеті көрінбейтін небір дөкейлердің қабылдауына барып, алтын тұтқалы талай емен есіктерді ашатын көп шаруа екен. Оның үстіне Ресей жағы келе ғой деп, емешесі құрып отырса кәне?.. Келіссөз жүргізу деген  атынан көрініп тұрғандай, оңай емес, мұнда келісуші жақтардың екі жеп биге шығуды ойлайтыны белгілі. Оның үстіне Қайнекең үшін бұл тың нәрсе, өйткені ол бұған дейін газ тасымалдау мәселесімен, әсіресе тап осындай үлкен ауқымда айналысып көрмеген еді.

5 сурет

Рединг қаласы (Лондон, Бритиш-Газ-дың штаб-квартирасы)

Бұл кезең Қазақстанның енді-енді егемендігін алып жатқан алғашқы жылдары болғандықтан, бұған дейін еліміздің тап мұндай келісімшарты болмаған. Соның кесірінен алыс-жақын шетелдерге Қазақстан өзінің өндірген мұнайы мен газын тасымалдауды Ресеймен («ГазПроммен») жекелеген контракт-шартпен, біржолғы рұқсатпен жүзеге асырып келіпті. Мұның елімізге өте тиімсіз болғаны өзінен-өзі түсінікті. Сондықтан бұл мәселені Қазақстанға, соның ішінде «Қазақгаз» ұлттық компаниясына дау-дамайсыз, мәдениетті, тиімді жолмен шешу қажет еді. Бірақ ол оңайға соқпады. Екі жаққа да ұтылмайтын шешімге келу өте қиынға түсті, ұзаққа созылды, күрделі жүрді.

*  *  *

Қайнолла Зейноллаұлы былай деп еске алады: «Әрі кетсе бір апта, тіпті он күнге созылар деп барғанбыз. Сөйтсек, қателесіппіз, іссапарымыз тура бір айға созылды. Ресейдің «Газ-Промына» жұмысқа барғандай күнде таңертең барамыз, оның барлық деңгейдегі басшыларымен кездестік. Вяхирев Рем Ивановичтің кабинетінде келіссөз жүргізген талай күніміз өтті. Компьютердің қолданысқа ене қоймаған кезі, қағаздардың бәрін қолмен жазамын. Талай қағаз толтырылды. Оны толтыруды Есағаң маған тапсырады, өзі мені бағыттап отырады. Кейін Есағаң «Қайнолла, сенің «шимайың» Байқоңырды жалға алудан да қымбатқа түсті ғой» деп әзілдейтін. Сонымен, келісімшартқа қол қойылды-ау! Әрине, оған біздің сол кездегі Премьер-министріміз Ә. Қажыгелдин мен Мұнай-газ саласының министрі Н. Балғымбаев ұшып келіп, арнайы қатысты. Осы жерде мен мынаны айта кетуге тиіспін. Қарашығанақ — қазақтың маңдайына бұйырған Тәңірдің сыйы. Оны игеруге қатысқан алыс-жақын шетелдердің бәрі де өздерінің пайдасын молынан қарпуға ұмтылғанын жасыруға болмайды. 1995 жылдың 3 наурызында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен «Britsһ Gas»-«Agip»-РАО «ГазПром» шетелдік фирмалар альянсы арасында және «Қазақгаз» Қарашығанақта бірігіп жұмыс істеу жөніндегі Аралық келісімшартқа қол қойылды. Шындығын айтса, ондай келісімге келу үшін оған әзірлік бақандай үш жылға созылып еді... Өте күрделі жағдайда өткен бұл келісімнің былайғы көзге көрініп, байқала бермейтін мыңдаған жасырын кедір-бұдыры жетіп-артылды. Келісімшартқа қатысушы әр жақтың қандай күйде болғанын айтып жеткізу қиын. Бұл келісімнің маңызы кеніштен кімнің қандай және қанша пайда көретіндігінде болып қана қойған жоқ. Ұзақ күткен келісімшарт-контракттың негізгі, басты мақсаты – Қарашығанақ бойынша жобаны инвестициялау арқылы кеніштегі жағдайды тұрақтандыру, оны сақтау, соның ішінде қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету. Ұңғымаларға күрделі жөндеу жүргізу және ГП-2, ГП-3 учаскелерін жөндеу, қалпына келтіріп, кеніш орнын техникалық жағынан толық қамту, өндірістік жұмыстарға жергілікті кадрларды барынша молынан тарту болды.

*  *  *

Тап осы кезде біздің кейіпкеріміз – Қайнолла Қасенов қандай қызметте еді дейсіз бе? Қараңыз, Қазақ елі оны тағы да алмас қылыштай суырып, тағы да бір қосымша, қиын қыз-метке сілтепті. «Қазақгаздағы» вице-президенттігі өз алдына, Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішін кешенді игеру жөніндегі бас басқарманың бас директоры қызметін қоса атқарып жүріпті. Ал анау төртжақты Аралық келісімшарқа қол қойылатын тарихи күндердің үш жылға созылған «қан майданын» Қайнекең екі жыл болса да, өз көзімен көре қалды, қақ ортасында жүрді. Ол туралы сұрай қалсаңыз, өзінің еңбегінен бұрын Есет ағасының қосқан үлесін сағаттап әңгімелеуге бар. «Ондай контрактілерге бірден отыра қалып қол қоюға мүлдем болмайды. Сондықтан аралық кезең өте қажет. Біз сондай аралық келісімшартқа қол жеткіздік. Мұнда сол кездегі «Қазақгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясының президенті Есет Рабатұлы Әзербаевтың атқарған рөлі, сіңірген еңбегі өте зор! Асырып айтқандығым емес, егер ол болмағанда, келісімшартқа қол қою өте күрделі мәселеге айналатын еді», — дейді ол.

Келісімшартқа қол қойылуына байланысты кеніш орнында басқару құрылымы – Бірлескен Оператор компаниясы құрылды. Жұмыс барысындағы ортақ шешім  оның тең дәрежелі екі директорының тек қана өзара келісімі арқылы қабылданатын болды. Қос директордың үстінен Бірлескен Басқару Комитеті және құрылды. Бұл комитетке стратегиялық мәселелерді шешу үшін мердігерлер жағынан («Britsһ Gas»-«Agip»-РАО «ГазПром») төрт адам, Қазақ-станнан төрт адам мүше болды. 1995 жылы 23-29 наурызда Бірлескен Басқару Комитетінің алғашқы мәжілісі өтіп, онда Қайнолла Қасенов бірауыздан «Britsһ Gas»-«Agip»-РАО «Газ-Пром» және «Қазақгаз» ҰМХК-ден Бірлескен Оператор компаниясының тұңғыш төрағасы және басқарушы директоры болып тағайындалды. Ал бас менеджер қызметіне «Britsһ Gas»-«Agip» альянсынан итальялық Умберто Батталья кірісті. Олар кенішті басқару бойынша барлық шешімді бірлесе отырып қабылдайтын болды. Қазақ-станның тәжірибесінде мұндай жағдай бұрын кездеспеген еді. Ал жылдар өте бұл шешімнің өте дұрыс болғанын тәжірибе молынан дәлелдеп берді.

Қ. Қасенов Қарашығанақ кен орнын игерудің барлық өндірістік кешеніне басшылық жасай отырып, халықаралық компаниялардың жергілікті жердің жағдайына бейімделіп кетуін, бұрғылау, мұнай мен газды өндіру, тасымалдаудың  халықаралық стандарттарын енгізуді шебер ұйымдастырды. Бір кездегі тау-кен инженері Ақ Жайық өңірінде шетелдік инвесторлармен және халықаралық компаниялармен («Agip», «Britsһ Gas», «Schlumberger», «Halliburton», РАО «Газпром» т.б.)  қоян-қолтық жұмыс істеп, бай тәжірибе жинады, үлкен мектептен өтіп, жан-жақты шыңдалды. Осы жылдарда Қарашығанақ кен орны қай жағынан алып қарағанда да өзгерді, дамыды, көркейді. Ал оның іргесіндегі Ақсай қаласының  ажары да айшықтала түсті. Мұнда өз ісінің маманы, өндірістің тәжірибелі ұйымдастырушысы, қазіргі заман тілімен айтқанда, топ-менеджер Қайнолла Қасеновтің зор еңбегі бар екенін сол жылдарда Қайнекеңмен бірге істегендермен қатар, қараша халық та  бүгінде аузынан тастамайды.

*  *  *

Осынау ұшан-теңіз жұмыстардың сынағынан мүдірмей өткен Қ. Қасеновті алда жаңа қызметтер күтіп тұрыпты. Көп ұзамай, дәлірек айтсақ, 1996 жылы 10 қаңтарда ол Бөрлі ауданының бірінші әкімі болып тағайындалды. Бірінші деп отырған себебіміз, бұл жыл – әкімдік лауазымның өмірге енді еніп жатқан кезі еді. Ол осы қызметті екі жылға жетер-жетпес уақыт атқарса да, талай шаруаны тындыруға ұйытқы болды. Нарықтық қарым-қатынастың дендеп еніп, ел экономикасының есеңгіреп қалған шағы еді ол кезеңдер. Халыққа еңбек-ақы, зейнетақы, жәрдемақы дегендер жылдап төленбей, тұрмыс тауқыметі ел еңсесін езіп жіберген. Қарыз деген белшеден. Әкім болып қызметіне кіріскен алғашқы күндерден-ақ Қ. Қасенов осы қиындықтарды жоюмен айналысты. Ең алдымен, өзі қызмет істеп келген Қарашығанақ кенішінің мүмкіндігін аудан мүддесіне пайдалануға барынша күш салды. Бөрлі ауданының сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайын бір шешсе, осынау қазыналы орын шешетінін ол жақсы білді. Ал Қарашығанақтың қайырымын, ең алдымен, ол орналасқан жердің халқы көріп жатса, көрім емес пе?.. Оның үстіне өзі кеніштің бір кездегі «өз адамы» ғой, елге деген тауын шақпас... Осы мақсатты алға қойып, ауданның ахуалын оңалтатын арнайы әлеуметтік-экономикалық бағдарлама жасақтады. Сөйтіп, іске тас-түйін кірісті. Санаулы айларда бюджеттік мекемелер тұрақты жұмыс істеп кетті. Ақшаның бедерін ұмыта бастаған халық еңбекақысын, зейнетақысын, жәрдемақысын алып, ой, бір қуанды-ау! Электр қуатына, жанар-жағармайға, жылуға, көмірге қордаланған қарыздар бір тиынына дейін қайтарылып, аудан еңсесін тіктеп шыға келді. Іргесінде бұрқырап мұнай шығып, лаулап газ жанып жатса да, «Ұста пышаққа жарымайды» дегендей, Ақсайдағы жеке үйлер әлі күнге көгілдір отынға қосылмапты. Ауданның ауылдары да баяғысынша көңірсітіп, көмір, бықсытып тезек жағып отыр. Халық үшін көгілдір отынның қызығын көру арман болғалы қашан? Әкім Қасенов бөрліліктердің бұл арманының біразын орындады. Ақсай қаласының ішінде автобус қатынасын қалпына келтірді. Халықтың әлжуаз топтарына, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге атаулы әлеуметтік көмек ақшалай, азық-түлікпен, отынмен, малына жеммен көрсетіле бастады. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен Бөрлі ауданы әкімдігі Қарашығанақ Бірлескен компания операторымен үш жылға келісімшарт жасаған еді. Ол бойынша кен орнының операторы ауданға жалпы көлемі 12 миллион доллар қаржы аударуға тиіс болды. Қасеновтің күш-жігерінің арқасында бұл қаржы өзінің мерзімімен аударылып, ауданның әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайын, материалдық базасын, жоғарыда айтқанымыздай, оңалтып, әрі қарай дамытуға кереметтей көмек болды. Осындай жоталы істерімен Қасенов бөрліліктердің есінде қалды. Оны бұл өңірдің жұртшылығы әлі күнге құрмет тұтады. Соның айғағындай, Қайнолла Зейноллаұлы қызмет бабымен басқа өңірге қоныс аударып кетсе де, бөрліліктер кейін оған ауданның құрметті азаматы атағын бірауыздан байлапты.

Бөрліден кейін біздің ке-йіпкеріміз Қазақстан Үкіме-тінің арнайы тапсыруымен «Казахнефтепровод» ұлттық мұнай тасымалдау құбыры ЖАҚ-ын  құрып, өзі оның тұңғыш президенті болды (Алматы қ.). Одан соң «Орталық отын компаниясы-Қазақстан» ЖАҚ-ның бас директоры (Алматы қ.) лауазымын атқарды. Маңғыстаудағы Қаражамбас кенішін игеруге де ел Үкіметі тағы да Қайнолла Қасеновті жұмсады. Ол мұнда «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС-ны бастан-аяқ құрып, бірінші вице-президенті, атқарушы директоры болды (Ақтау қ.). Соңынан «Барлау» АҚ-ның «Технологиялық көмек және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС директорының кеңесшісі (Ақтау қ.), «Карповский Северный» ЖШС-ның бас директоры (Орал қ.) қызметін атқарды. Беріректе ҚР Энергетика министрлігінің өкілетті құрылымы «РSA» ЖШС жобалау тобының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазір осы серіктестіктің бас директорының орынбасары.

*  *  *

Қайнекеңнен бір әңгімемізде «Атажұрқа келгенде есіңізде қалған, бәлки тосындау, бәлки қызық жағдайлар болды ма?», – деп сұрадым.

– Бір күні ұлым мектептен ренжіп, көңілсіз келді. Себебін сұрасам, мұғалім сынып оқушыларына жеті аталарын таратып, жазып келуді тапсырады. Біздің бала оны жақсы білетін. Тап-тұйнақтай етіп орындайды. Мұғалім таңғалып сенбей, сұрақтың астына алады. Сенбегені, сыныптағы оқушылардың ішінде біздің ұл ғана жеті атасын таратып жазып берген... Шетте туып, өзге ортада өскен бізді ұлттық рухта тәрбиелей білген ата-әжемізге, әке-анамызға рақмет! Біз соны ұрпағымызға бере алдық деп қуандым сонда.

Атамекеннен алыста туып, шетте түлеген қазақ баласының өмір жолы, қызмет баспалдақтары осындай. Егемендігіміздің елең-алаңында елге келіп, қандай қызмет болмасын, қамытын қаймықпай киіп, абыроймен атқарған  Қайнолла Қасеновке қазақтың елсүйер азаматы десе, әбден жарасып тұрған жоқ па?!

 

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале