27.04.2023, 9:45
Оқылды: 72

Түменнен үлеп ұшқан тарлан

Осынау шоң қазақпен жақын танысқаным осыдан екі жыл бұрын. Лавр Хайретдинов, Серік Сүлеймен деген жайсаңдар Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына арнайы  жинақ  шығаратын  болып, оның  жұмысына мені  тартты. Ол  кітап отыз жыл  ішінде Ақ  Жайық  өңірінде облыс, аудан басқарған азаматтардың қызмет дерегі, өзі еңбек еткен өңірде не тындырып, оған қандай еңбегі сіңгені жайлы еді. Отыз жылда облысымызда жүзден астам азамат өңірдің, аудандардың тізгінін ұстапты. Олардың бірқатары мынау фәниде жоқ, бірқатары басқа мемлекеттерге қоныс аударған. Тірісін түгендеген, өмірде жоғының дерегін іздеген ұшан-теңіз жұмыс жыл бойы жүрді. Тірнектеп жинаған материалдарттерліктей, көлемді дүниеге айналды. Сол кейіпкерлердің жуан ортасынан  осы  азамат та табылды. Кітап жазылып бітті, шықты. Бірақ бұл жайсаңмен қарым-қатынасым үзілген жоқ. Тағдырдың айдауымен Ресейдің сонау Түмен облысында дүние есігін ашқан Қайнолла Зейноллаұлы Қасеновтің ғұмыр жолы мені өзіне тарта берді. Сөйтіп, осы мақала жазылды. Түменнен түлеп ұшқан қазақ баласының көрген-білгені, бастан кешкені, шыққан биігі туралы сен де біліп жүр, оқырман! 

IMG-20230427-WA0011

Қайнекеңмен кездесіп, әжің-гүжің әңгіме соққанда мен ол азаматтан «Ресейде туып, сонда оқып, өсіпөніп, ат жалын тартып жүрген шағыңызда елге, Қазақстанға келіп-кетіп жүрдіңіз бе?» деп сұрағаным есімде. «Қандай сезімде болдыңыз?» деймін. «Иә, арасында Солтүстік Қазақстан облысына келіп тұрдым... Бірақ, өкінішке орай, өте сирек келіппін. Алайда сол кезде мектепте оқып  жүрсем де, бір байқағаным, ол жылдарда Солтүстік Қазақстанда орыс халқы тіпті көп болды. Соған қарамастан, қазақтар мұнда Ресейге қарағанда еркін жүреді екен, еркін сөйлейді. Әрине, ресейлік қазақтар, біз де ол жақта (Ресейде) тап бір бүгежектеп қалған жоқпыз. Керек жерінде ұпайымызды жібермейтінбіз. Сосын тағы бір бала көңіліммен бағамдағаным, ресейліктермен салыстырғанда, Солтүстік Қазақстандағы орыстар маған сәл де болса, сыпайы көрінгендей болды».

Сәл шегініс: бұлардың ағайындары сонау ақ қашып, қызыл қуып, одан соң күштеп ұжымдастыру басталған аласапыран жылдарда Солтүстік Қазақстанның Қызылжар маңайынан ат құйрығын түйіп, үздік-создық ірге көтерген екен. Сол үдере көшумен келіп, тізгін тартқан жерлері Түмен облысы. Оны неліктен таңдады десе, Қайноллаға үлкендер айтып отыратын әңгіме әлі күнге санасында жаңғырып тұр. Марқұм атасы, кейін Қайнолланың әкесі Түмен қазақтың жері екен деп отыратын. Және оны кейінгі ұрпақ біліп жүрсін дей ме, жиі айтыпты. Әйгілі Тұғырыл ханның немересі Тайбұға осы Түмен аймағының иесі, соның кезінде қала салынған деп, есте жоқ ескі заманнан сыр тарқататын. Солтүстік қазақтары, оның ішінде Керей мен Уақтар бұл өлкені кең жайлап, мидай араласыпты деп, қарттар желпі-ніп қоятыны есінде. Бүгінде сол үлкендердің бірі де бұл дүниеде жоқ. Мәңгілік мекен сол өздері «біздің жер» деп меншіктеп жүретін Түменнің топырағынан бұйырды. Талай ағайындар да сол жерде мәңгілікке тыншыды. Аңсатқан Қазақстанға біржола оралу Қайнолланың анасына ғана бұйырған.

Қайнекең бүй деп әңгімелейді: – Біз тұрған жерде қазақтар өте аз болды. Мен мектепте, класта жалғыз қазақ баласы болдым. Институтта да жалғыз болып оқуға тура келді. Қызметте де қазақ жігіттерін кездестіре алмадым. – Апырмай, Қайнеке, соған қарамастан қазақша мүдірмейсіз... Ормандай орыстың ортасында туып, орысша оқып, жұмыс істесеңіз де ана тіліңізді ұмытпапсыз, – деймін таңданысымды  жасырмай.

– Оның бәрі тәрбиеден ғой. Орысша сөйлеп кеткен балалардың кінәсі жоқ. Көзін ашқаннан ата-анасы орысша сөйлесе, ол баланы орысшаға берсе, бала орысша сөйлемегенде қайтеді. Ол енді қазақ баласының үлкен трагедиясы ғой, ата-ананың қолымен жасалған. Ал біздің ана тілімізде сөйлеуіміз – ата-анамыздың мықтылығы. Солардың ұлтымыз дегендегі намысқойлығы, жігері дер едім. Қазақи қасиеттерді тілімізден бастап бойымызға сіңірмесе, салт-дәстүріміз бен обал-сауапты санамызға асқан кемеңгерлікпен дарытып отырмағанда біз осы күйімізге жетер ме едік, жетпес пе едік. Әй, білмеймін, туған тілімізде сөйлей алмайтын  бір жарылған жұмыртқа болып қалар едік. Орыстанып кетер едік. Ол айдан анық еді. Үлкендеріміз үйде түгелдей қазақша сөйлейтін. Және біздің де солай сөйлеуімізді, таза сөйлеуімізді қатты қадағалады. Адамның бала, жас күніндегі үйренгені,  көрген-білгені, естіген-түйгені, үлкендерден дегенім ғой, ол баланың санасында мөрдей басылып мәңгілік қалады. Біз де солай үлкендерден үйреніп, оларды тыңдап өстік. Ана тілімізді ұмытпағанымызға атамызға, әкемізге, анамызға мәңгілік қарыздармыз. Солардың арқасы!

Сәл шегініс: Қайнолла Зейноллаұлы Қасенов 1958 жылы 30 тамызда Ресейдің Түмен облысы Казан ауданы Копотилов селосында дүниеге келген. 1965 жылы Сладковский ауданындағы Степновская орта мектебіне барып, оны 1975 жылы бітірді. Араға бір жыл салып, Түменнің ауыл шаруашылығы институтының студенті атанды. Алайда бір жыл оқығаннан кейін болашақ мамандығына өзінің онша ынтызар емес екенін сезінеді. Көп ұзамай, 1978 жылы құжаттарын қайтарып алып, Ленин комсомолы атындағы Түмен индустриалды институтының мұнай-газ кәсіпшілігі факультетіне тапсырады. Мектепте жақсы оқыған бозбала емтихандарды шемішкіше шағып, бұл оқуға еркін түседі. Айтпақшы, бұған дейін, яғни орта мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы Қазан төңкерісі атындағы транспорттық машина жасау зауытында төрт айдай жұмысшы болғаны бар. Қызықты қараңыз, одан соң Сладковский ауданының «Степной» кеңшарында бір табын қара мал бағып, малшы болып кете жаздағанын қайда қоясыз... Бірақ жас жігіттің көкейінде жоғары оқу орнында оқысам деген арман бұғып жатты. Сол шопандықтың екпінімен ғой, жоғарыдағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп жүргені. Индустриалды институтты мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау саласына үздік оқып, 1983 жылы тау-кен инженері мамандығын алып шыққан. Осыдан соң 1983-85 жылдар аралығында еңбек жолын сонау қияндағы, қаһарлы қысымен аты мәлім Ямал-Ненецк округінің Ноябрьск қаласы төңірегінде бастайды. Осындағы «Ноябрьскнефтегаз» өндірістік бірлестігіне қарайтын №1 Суторминск бұрғылау басқармасында қатардағы жұмысшы болып істеді. Бұрғылаушының төртінші разрядты көмекшісі, бір жылдың ішінде көлбете бұрғылаудың алтыншы разрядты бұрғылаушы-операторы болды. Көп ұзамай оны аға инженер-технолог етіп тағайындайды. Ал 1985-91 жылдарда осы басқармада бұрғылау шебері (мастер) болып, әбден шыңдалады.

Мен Қайнолла Зейноллаұлының әңгімесіне әрі қарай құлақ түремін.

– Жұмысым жақсы. Ол жақта табыс та мықты. Тапсырманы сол бойда, жоспарды уақытында орындап жүріп жаттық. Бір күні мені қояр да қоймай басқа жұмысқа қолқалады. Барғым келмеді. Бірақ шет жерде, ормандай орыстың арасында таңдау маған, қазақтың баласына, түскен соң ойлана келе келістім. Сөйтіп, қазақтың қара баласы ту-у сонау, Ямал-Ненецкідегі Ноябрьск қалалық атқару комитетінің жастар бөлімінің меңгерушісі болып шыға келді. Бұл жұмысты 1991 жылдың маусымынан 1992 жылғы қаңтарға дейін атқардым. Шыны керек, алты кісі айдап, жеті кісі жетектеп жүргендей күй кешкенім рас. Менің стихиям – бұрғылау-барлау, экспедиция ғой. Бірақ жастардың «көсемі» қызметін  адал атқардым, талай айтулы шаралар ұйымдастыруға ұйтқы болғаным рас. Сөйтіп, кеңседегі қызметтен зорға дегенде құтылып, өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеуге кірістім.

Сәл шегініс: бұдан әрі қарай Қайнекеңнің абырой баспалдағына өзінің жанкешті еңбегімен дараланып, көтерілген жылдары басталады десек, еш қателігі жоқ. Ойбой, тоқтаңыз! Ұмытып бара жатыр екенбіз ғой, маңдайы жарқырап, даралануы ту сонау студент кезінде басталыпты ғой... Студент шағында  қазақ баласы оқуда, институттың қоғамдық жұмысында жарқылдап алда жүрді. Әуелі топ старостасы, арада бірер жыл өткенде барлығы 1100 студент білім алып жатқан факультеттің комсомол комитетінің хатшылығына сайланды (ол кезде тек осы міндетпен  айналысатын комсомолдар хатшысының айлығы 140 рубль. Қайнолла оқып жүрген студент болғандықтан, анау айлықтың тең жартысын алатын. Шәкіртақысы өз алдына). Соның екпіні шығар, төртінші курста, 1982 жылы 20-22 қазан аралығында  Баку қаласында өткен КСРО Мұнай және газ саласы қызметкерлерінің ғылыми-техникалық қоғамының VIII сьезіне делегат болып қатысты. Сол кездегі Кеңестер одағының бүкіл студентері арасынан аталмыш  сьезге делегат ретінде сайланған жалғыз студент те осы Қайнолла Қасенов  болып   шыққан.

Құрметті оқырман, осы жолдарды қағазға түсіріп отырғанда, осыдан 41 жыл бұрын делегат болған Қасеновтің қандай күйде болғанын білмейміз. Ал бірақ өзіміз шетте жүрген қазақ баласының осынау абыройына қазір кеш болса да «Өй, азамат!» – деп мақтанғаннан бөркіміз қазандай болып отырғаны рас! Бұл Қасеновтің қияға өрлеуінің басы  екен.

Институттан соң жеті жыл (1985-1991 жылдар) Суторминск бұрғылау жұмыстары басқармасында шебер (мастер), бірер жылдай Ноябрьск қаласының жастар ісі бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарғаннан кейін өз мамандығына шындап кіріседі. Сөйтіп, көп ұзамай, баяғы Ямал-Ненецкідегі «Ноябрьскнефтегаз» өндірістік бірлестігінің терең бұрғылау экспедициясының (кейін «СибНефть» АҚ болып құрылған) бас инженері қызметіне тағайындалды. Ал бұрғылау шебері болып жүргенде мұның бригадасы рекорд жасап, Батыс Сібірде ғана емес, бүкіл КСРО-дағы мұнай-газ іздеушілер ортасын дүр сілкіндірді. Бүгінде Қасеновтің жеке жанұялық мұрағатында оның көзіне ерекше ыстық  көрінетін бір құжат бар. Ол – КОКП Орталық Комитеті, Кәсіподақтар қоғамының бүкілодақтық орталық кеңесі, КСРО Министрлер кеңесі және БЛКЖО-ның Құрмет грамотасы мен Суторминск бұрғылау жұмыстары басқармасының 1989 жылғы 19 желтоқсандағы алғысхаты. Бұл марапаттар Қасеновтің бригадасына бір жылда, бір қондырғымен 80 000 метр бұрғылау жұмыстарын жүргізгені үшін берілген еді. Осы жылы оның бригадасы КСРО-дағы бұрғылау бригадаларының арасындағы ең үздігі деп танылды. Расында да, Батыс Сібірдегі Суторминск кенішіндегі бұрғылау жұмыстары геологиялық-климаттық күрделі жағдайларға байланысты скважиналардың орташа тереңдігі шауып шыққанда шамамен 2750-3000 метр. 80 000 метр қайда, 3000 метр қайда, рекорд десе, рекорд қой! (бір бұрғылау бригадасы сол кезде, 12 айда шамамен 30 000-40 000 метрдің айналасында бұрғылау жұмыстарын жүргізетін). Сөйтіп, Қайнолла Қасеновтің бригадасы бес жылдық жоспарды мерзімінен әлдеқайда бұрын орындап, 1990 жылы 20 қыркүйекте КСРО Мұнай және газ министрлігінің Құрмет грамотасына тағы ие болады. Тап осы жылы №1 Суторминск бұрғылау басқармасы мен Ноябрьск қалалық комсомол комитеті Қасеновті баламалы негізде Түмен облыстық халық депутаттары кеңесіне депутаттыққа ұсынады. 278 округ бойынша депутаттыққа түскен бес үміткердің ішінен ең көп дауыс жинап, екінші айналымда депутаттыққа  сайланады.

Енді Қасеновтің Қазақстанға, Атажұртқа  басыбайлы қалай оралғанына келейік. Тарихтан белгілі 1992 жылы Алматы қаласында  І Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайы өткені белгілі. Оған Түменде Атажұртты аңсап жүрген Қайнолла Зейноллаұлы да делегат болып қатысты. Қатысып қана қойған жоқ, оның мінберінен төгілтіп тұрып сөйледі. Сол кезде мұның сөзін бөліп,  «Өзің мұнайшы, басшы екенсің, елге қайтпайсың ба?» деген дауыстар естіліп жатты. Жер жүзінде тарыдай шашылып жүрген қазақтар жиналған жиында не деуі керек еді? Әрине, мінберден қасқайып тұрып, «Қайтамын!» дейді ғой, азамат. Сол салтанаттан соң Түменнен келген делегат қазақтар болып, бір шетте, Қазақстан үкіметінің сол кездегі вицепремьері болған азаматпен әңгімелесіп тұрғандарында сол тұстағы ел президенті бұлардың тұсынан өте берді де тұра қалды. Бәрімен амандасқаннан кейін (президент күзеті кедергі келтірген жоқ) бір-бірлеп қай елден келгендерін, қандай мәселені талқылап тұрғандарын сұрады.

Сосын бұларға қарата «Елге қайту керек қой, азаматтар» деді. Сол жерде түмендік делегаттар бәрі келісіп қойғандай, «Мына Қайнолла, сондай шешімге келіп тұр,  жаңа Құрылтайдың мінберінен айтты» деп мұны көрсетті. Президент сол арада бұған тілектестігін білдірді. Сөйтіп, Қасеновтің Қазақстанға қайтуы түпкілікті шешіліп қалған еді. Осы Құрылтай Қайноллаға үлкен серпіліс берді. Одан оралған бойда ол Түмен облысында қазақтардың «Достық» қоғамын құрды. Ол қандастарымыздың Түмен облысында құрылған тұңғыш қоғамы еді.

Көп ұзамай Қазақстаннан Қасеновті жұмысқа шақырған ресми хабар келді. Ата-баба арманын арқалаған қазақтың  баласы одан әрі аялдамады. Лауазымды жұмысы, өте қомақты айлығы, барлық жағынан қолайлы баспанасы, қоғамдағы орны (депутат), Батыс Сібірдің жағдайында ерте шығатын зейнеткерлік жасы (зейнетке шығуына 2,5 жылдай қалған), тағысын тағылардың бірде бірі кедергі бола алмады. Осынау баянымызды оқып отырған оқырманның көкейінде бір сұрақтың көлбеңдеп тұрғанын ішіміз сезеді. Ол кәміл: «Азаматтың алғаны қай ұлттан екен?» деген сауал ғой. Тап осы сұрақты біз де бүгіп қала алмадық. Ол да қазақтың қызы. Қайнекеңнің өзін сөйлетейік, «Елге оралу атамның, әкемнің арманы еді, дедім ғой бір әңгімемде. Ол арман біздің, ұрпақтарының көкейіне бала күнімізден ұя салды. Үлкендердің әңгімелері, ойлары, тіпті әріден қозғайтын қазақи философиясы, үй ішіндегі, дастарқан басындағы «саясаты» атамекенге, Отанға, ана тіліне тірелмей тұрмайтын. Сондықтан мен болашақ жарыма: «Мен үйдің үлкенімін, інім мен қарындастарым университеттерін бітіргесін, оларды үйлендіріп, ұзатқасын Қазақстанға тартамын» дедім. Сөйтсем, ол да «Менің де арманым – Қазақстан!» деді. «Ендеше, үйленейік, кеттік Қазақстанға!» дедім. Әрине, мұның бәрі оп-оңай, сол бойда орындала қалған жоқ. Түрлі қиындықтар мен кедергілер кездесті. Ол кезде маған АҚШ-қа, Еуропаға жұмысқа шақырған ұсыныстар да болды. Бірақ олардың біріне де қарайламадық,

тек қана Қазақстанға, – деп шештік!» Бұл жоғарыда айтқан Құрылтайға дейін көп бұрын болған әңгіме ғой. Түменнен ірге ажыратқан Қасеновтің жанұясы үлкен көштің алды екен. Көп ұзамай, олардың ағайын-тумасы, достары, таныстары  Атажұртқа маңдай түзеді. Олар жүздің үстіндегі қазақтар еді.

Міне, құрметті оқырман Түменнен түлеп ұшқан тарланның шет жерде бастан кешкені, шыққан биігі қысқаша қайырғанда осындай. Ал оның Қазақстанға келіп атқарған қызметі, мұнай-газ саласына сіңірген еңбегі өз алдына бір дүние. Ол туралы  келесіде баяндайық деп, осы арадан  тізгінді  тартайық.

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале