16.11.2023, 15:00
Оқылды: 46

«Tumobrainor» туралы аз-кем баян

Таяуда Орал қаласында орналасқан физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол  әңгіме барысында аталған мектептің 11-сынып оқушылары – Марат Құсайынов пен Әділ Сейдазымовтың мидағы қатерлі ісік түрлерін анықтайтын «Tumobrainor» бағдарламасын таныстырып, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасау және заманауи медицинаның басқа да өзекті бағыты бойынша байқауларда топ жарғанын тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, Астана қаласында өткен «Биомедицина, инженерия және технологиялар»  тақырыбындағы XII Наурыз кездесуінде 3-орынды, Алматы қаласында өткен «Science. Technology. Algorithmization. Programming» V халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда 2-орынды еншілеген. Төмендегі әңгіме зерек шәкірттер мен олардың жетекші ұстаздары жайлы.

Марат жетекшілерімен бірге (2)

Биыл математика пәні бойынша желілік олимпиадада жүлдегер атанған Марат Құсайыновтың ғылымға деген қызығушылығы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскеннен кейін оянған. 7-сыныпта оқып жүрген кезінде мектеп оқушыларының жобаларын жіті бақылап, ерекше әсерленген. Сол кезден бастап өз-өзін қамшылап, жан-жақты ізденуге бел байлаған. Алдына мақсат қойып, ғылыми жоба жасау заңдылықтарымен  танысуға  кіріскен.

– Бұл бағдарламаны жасау кезінде біз көптеген қиындыққа тап болдық. Олардың ең негізгісі – ғаламторда қатерлі ісік туралы ақпараттың аздығы. Мидың қатерлі ісігі бойынша статистика – біздің зерттеуіміздің ең қажетті бөлігі болатын. Қатерлі ісікті анықтайтын жасанды интеллектіні жасау оңайға соққан жоқ. Ол үшін, алдымен жасанды интеллект, машиналық оқыту (машинное обучение), нейрондық желі тақырыптарын тыңғылықты зерттеп, білімімізді тереңдеттік. Бағдарламаны жасағаннан кейін бірнеше рет өңдеп, дамыту үдерістерін жүргіздік. Соңында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Жоспарымыз көп. Басқа да қатерлі ісіктерді анықтап, функционалдылықты арттырғымыз келеді. Сонымен бірге оның смартфондарға арналған нұсқасын жасап, оны кез келген адамға қолжетімді етуді армандаймыз. Яғни біздің жұмысымыз осы қалпында бітпейді. Алдағы уақытта әлі де бағдарламаны жаңа қырынан көрсетпек ниеттеміз, – деді Марат Құсайынов.

2021 және 2023 жылдары информатика пәні бойынша желілік олимпиадада жүлде алған Әділ Сейдазымовтың (суретте) айтуынша, жасанды интеллект моделін құру және оқыту үшін TensorFlow және NumPy сияқты қуатты Python модульдеріне сүйенген. Оған қоса бағдарламаның интерфейсін құруға ыңғайлы Flat модулін пайдаланған. Бұл оларға жасанды интеллект моделін бағдарламаға енгізуге мүмкіндік берген.

– Бағдарлама жасанды интеллектіні қолдану арқылы ми ісіктерін жоғары дәлдікпен тез анықтайды. TensorFlow көмегімен жасалған модель мидың медициналық бейнелерін үлкен көлемде оқиды. Бұл оған ісік белгілерін тануға жол ашады. Нәтижесінде қолданатын адам бағдарламаға ми кескінін жүктей алады және ол ісіктің бар-жоғын аутоматты түрде анықтайды. Біздің бағдарлама дәрігерлерге және ем алушыларға пайдалы болмақ. Ол МРТ суретін оқып, жіктеп, диагнозды үш секундта анықтай алады. Ол үшін нейронды желі көмегімен медициналық деректерге жасанды интеллект үйреттік, – дейді Әділ Сейдазымов.

Әділ болашақта ақпараттық технологиялар бағытында білім алғысы келеді. IT саласының маманы атануды қалайды. Оның негізгі мақсаты – бағдарламалау, жасанды интеллект және бағдарламалық жасақтама жасау бойынша білімін тереңдетіп, тәжірибе арттыру, ғылыми идея-ойларын  жүзеге  асыру.

Марат Құсайынов пен Әділ Сейдазымовтың жетекшілері – информатика пәнінің мұғалімдері Айсұлу Сүлейменова (суретте) мен Динара Тілекқабылова (суретте). Олар да бағдарлама жайлы біраз мағлұмат айтты. Ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша техника және технология ғылымдарының магистрі Айсұлу Арыстанқызының сөзіне сүйенсек, бұл жоба – ми ісіктерін диагностикалау саласындағы маңызды қадам. «Tumobrainor» қосымшасы жасанды интеллекті мен машиналық оқыту технологияларының көмегімен әзірленген. МРТ суретін (МРТ снимок) фотоға түсіріп, компьютердегі бағдарламаға жүктеу жеткілікті. Бағдарлама тек ісік түрлерін анықтап қана қоймай, олар туралы қысқаша  ақпарат  береді.

– Пайдаланудың қарапайымдылығы мен статистиканы аутоматты түрде құру мүмкіндігін ескерсек, бұл қосымшаның практикалық маңызы зор. Бағдарламаны қолданысқа енгізу керек. Бұл мәселе байыпты талқылауды қажет етеді. Бағдарламаның тиімділігі мен қауіпсіздігін толық тексеру үшін қосымша медициналық зерттеулер жүргізген абзалырақ. Ол үшін деректер мен нәтижелерді тиісті медициналық ұйымдар растауы тиіс. Деректердің құпиялылығын қамтамасыз еткен жөн. Медицина маманын қосымшаны қолдануға және нәтижелерін нақты түсінуге үйреткен дұрыс. Қолданудың тиімділігі мен қарапайымдылығын бағалау үшін пилоттық жобаны бірнеше медициналық мекемеде пайдаланып көруге болады. Осы айтылғандар орындалғаннан кейін ғана «Tumobrainor» бағдарламасын дәрігерлер мен пациенттерге ми ісіктерін ерте диагностикалау және бақылау үшін жаңа, тиімді құрал ретінде ұсына аламыз. Қазір бұл технологияны ауыл шаруашылығында қолдану қарастырылып жатыр. Атап айтсақ, жасанды интеллект ірі қара малдың тері ауруларын анықтайды, – деді ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша техникалық ғылымдар магистрі Динара Жарқынқызы.

Жалпы Назарбаев зияткерлік мектебінде ғылыми жаңалық ашып, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген оқушылар баршылық. Мәселен, Мейірбек Шәміш, Расул Зейнолла есімді оқушылар компьютермен жұмыс істеу кезінде көру қабілетінің бұзылуының алдын алуға бағытталған «Ótkirkóz» роботын ойлап тапқан. Тағы бір шәкірт Санжар Сәлімжан мобильді құрылғыларды қуаттай  алатын «Қамшы – қалам салғыш» құрылғысын жасап шығарған. Айнамкөз Рафихова ұлттық мазмұндағы «Зерек» үстел ойынын ұсынып, авторлық құқық алған. Нұрсұлтан Зинуллин мен Нұрдәулет Базарғали ауыл шаруашылығы саласының жұмыстарын жеңілдететін, оның ішінде егістікке арналған көпфункционалды «DFAN-01» дронымен іргелі «Astana IT» университетінің грант иегері атанған. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу-білімге, ғылымға құштар оқушыларының әлі талай биік белесті бағындыратыны сөзсіз.

Ербол Есетов, облыстық көпбейінді аурухананың штаттан тыс нейрохирургі:

– Мидың қатерлі ісіктерін анықтауға арналған бағдарламаның жасалуы  жұртшылықты елең еткізері  анық. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық емханаларында «CEREBRO» атты жасанды интеллект пайдаланылады. Оны жасау барысында бағдарламашылар мен дәрігерлер бірге жұмыс істеді. «CEREBRO» – ишемиялық және геморрагиялық инсульт кезінде аутоматты түрде диагностика жасайтын нейрорадиология саласындағы жасанды интеллект. Бұл – инсультті уақтылы тануға, дәрігерлердің емделуші деректерімен алмасуына арналған экожүйе. Платформа қызметіне қашықтан да қол жеткізуге болады.  Бұл салада жоғары білікті мамандар жетіспейді. Патологияны танудағы басты мәселе – көз қуатының әлсіздігіне байланысты КТ (компьютерлік томография) суреттеріндегі цитотоксикалық ісінуді анықтай алмау. «CEREBRO» платформасына енгізілген инсультті 10 минут ішінде тануға қабілетті және емделу жолдарын жедел анықтайды.

«Tumobrainor» бағдарламасы әлі жасалу үстінде. Бірақ болашағы бар жо-ба. Оның жасалу жұмыстарына бағдарламашыларға қоса, тәжірибелі дәрігерлер де қатысуы керек. Өйткені ми онкологиясы – өте күрделі ғылыми нысан. Ми ісігі диагнозын МРТ арқылы да қоюға болады. Дейтұрғанмен, жасалып жатқан бағдарлама «CEREBRO» секілді ісіктің қандай екенін (қатерлі немесе қатерсіз), емдеудің нендей түрін (оперативті, сәулелік немесе химиялық терапия) қолдану керектігін анықтай алса, нұр үстіне нұр болар еді. Оқушыларға жетістік, сәттілік тілеймін!

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале