4.12.2020, 17:14
Оқылды: 237

Тұңғыш білім ошағының тұғыры биік

Өзіңде бүршік жарған арман бұла,

Ұшырған талай қыран тарланды да.

Мектебім – қасиетті мекенімсің,

Мәңгілік Жәңгір ханнан қалған мұра.

Ғайсағали Сейтақ

Тұңғыш білім ошағының тұғыры биік1 (1)

Тұңғыштар мекені саналатын киелі Бөкей ордасы ауданы үшін келер жыл айтулы мерекелерге толы болғалы тұр. Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл, қазақ жерінде алғаш болып ашылған Жәңгір хан мектебіне 180 жыл толмақ.

Құт қонып, кие дарыған Бөкей ордасында білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің іргетасын қалаған Жәңгір мектебінің тарихы тереңде жатқаны сөзсіз. Ғаламторда келтірілген деректерге сүйеніп, өткенге көз жүгіртіп көрелік.

Жәңгір ханның туған топырағында еуропалық білім беретін бастауыш мектеп ашу ниеті 1826 жылдың өзінде басталған. Орынбор шенеуніктеріне, соның ішінде Орынбор әскери губернаторы  П.Эссенге Ордада қазақ балаларына арнап орыс тілінде білім беретін мектеп ашу қажеттігін дәлелдеп, әлденеше рет хат жазған. Жәңгірдің ойынша, ондай мектеп қазақ балаларына Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусына, Ресейдің басқа да оқу орындарына түсу үшін аса қажет болды. Алайда Жәңгірдің мектеп ашу жөніндегі арманы тек 15 жылдан кейін барып жүзеге асты. Иә, сонымен 1841 жылы  6 желтоқсанда қазақ даласында тұңғыш мектеп ашылды. Ол мұ-рағат құжаттарында училище деп жазылғанмен, халық арасында «Жәңгір мектебі» аталып кетті.

Қарағайдан қиып салынған мектеп Ордадағы еңселі ғимараттың бірі болған. Оқушылардың партасы, мұғалім үстелі мен орындығы, класс тақтасы, шығыс мәнеріндегі оймыш буылтық ағаш бағанасы мектеп ішінің жоғары эстетикалық талғаммен безендірілгенін көрсетеді. Жәңгір хан бұл мектепті 1841 жылдан өз қарамағына алып, барлық материалдық қажетін өзі қамтамасыз етіп отырған. 1905 жылы осы екі сыныптық мектеп төрт сыныптық (қазіргі жүйе бойынша 9-сыныптық білім беретін) қалалық мектепке айналып, жанынан мұғалімдер даярлайтын педагогикалық курс ашылады. Мектепте шекті аспаптар оркестрі, хор және бай кітапхана болған.

Жәңгір мектебі 1930-1935 жылдары колхозшы жастар мектебі болып өзгертілсе, 1936-1939 жылдары орталау мектеп болып, 1936 жылы бұл мектепке Максим Горький аты берілді. 1991 жылдан бастап Орда орта мектебі деп аталды. Тек 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектепке айналды.

– Бөкей хандығының құрылуы мен Жәңгір хан мектебінің мерейтойын тиісті деңгейде атап өту туралы нақты жоспар жасалып, бекітілді. Негізгі шараларды алдағы жылдың күзіне белгілеуді жөн көрдік. Оған дейін Жәңгір хан 1826 жылы отауын тіккен тарихи Хан ордасы ауылын жаңғырту жұмыста-ры жүргізіледі. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық мәдениет үйін, Жәңгір хан мектебі мен оның екі интернат ғимаратын күрделі жөндеу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамаға жолданды. Сондай-ақ аталған ауылдағы Жәңгір хан және Алма Оразбаева атындағы көшелерге күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Елдегі індет жағдайы көптеген жоспарлы жұмысқа өз кедергісін тигізіп тұрғаны да шындық. Кең байтақ далаға жүздеген ақшаңқан киіз үй тігіп, аламан бәйге ұйымдастырмасақ та, бұл айтулы мерекелерді тиісті деңгейде атап өтуіміз керек. Өткізілетін шаралардың ауқымына емес, мазмұнына аса мән берілгені жөн деп санаймын, - дейді Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиевтің мәлімдеуінше, іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты комиссия құрылып, дайындық жұмыстары басталып кеткен. Атқарылар жұмыстар қатарына Жәңгір хан мектебі ауласын абаттандыру, мектеп мұражайын жаңғыртып, қосымша жәдігерлермен толықтыру, мектеп тарихынан сыр шертетін кітаптар жинақтап, бейнефильмдер түсіру жұмыстары кіргізілген. Сондай-ақ аталған білім ұясында қызмет еткен ұстаздардың үйлеріне ескерткіш тақталар орнатып, аудан орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлер қабарғаларын муралдармен безендіру жоспарланған. Мерейтойларға орайластырып, облыстық би фестивалін, жазба ақындардың облыстық мүшәйрасын, облыстық күйшілер байқауын өткізу де келер жылдың жоспарына енген. Оның сыртында жастарға арналған облыстық туриада, Бөкей ордасы ауданына көршілес орналасқан аудан өкілдерінің қатысуымен этноауыл ұйымдастыру, ғылими конференциялар мен республикалық ақындар айтысын өткізу көзделген. Келер жылдың қыркүйегінде театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар өткізу, аталған ауылға «Домбыра және қобыз» композициясын орнату, мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастыру да жоспарланған.

Бүгінде 3500-дей тұрғыны бар Хан Ордасы ауылындағы мектепте 520 оқушы білім алуда. Негізінен 750-дей оқушыға есептелген мектептің жаңа ғимараты 1985 жылы пайдалануға берілген. Білім ордасында 80 мұғалім, 45 кіші қызметкер жұмыс істейді.

Тұңғыш білім ошағының тұғыры биік2

– Жәңгір хан мектебіне соңғы рет 2007 жылы күрделі жөндеу жасалды. «Білім ордасының  келер жылғы мерейтойына орай мектеп пен жатақханаға жөндеу жүргізу жоспарланып, қажетті жұмыстар жүргізілуде» деген ақжолтай хабарды естігенде ұжым болып қуандық. Аталған ортақ мерейтойды жоғары дәрежеде атап өтуден мектеп ұжымы да қалыс қалмайды. Осы кезден бастап арнайы қор ашып, бір күндік жалқыларымызды аудару туралы жоспар құрылды. Тұңғыштар мекені саналатын бірлігі жарасқан ауылдың әр азаматы туған елінің мерейтойын мықты тойлап, мерейін асқақтатарына сенімім мол, - дейді Жәңгір хан мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Медет Мусин.

Аудандық білім бөлімі де айтулы мерекеге орай іс-шаралар жоспарын жасақтаған. Өткізіледі деп жоспарланған шаралардың қатарында түрлі тақырыптағы тәрбие сағаттары мен байқаулар, көрмелер, конференциялар мен сайыстар енгізілген.

Ғасырда бір келетін қос мерейтойға ауданның дайындығы осындай.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Меңдігүл ЕСЕНОВА,

Орда  учаскелік  ауруханасының  меңгерушісі, жалпы  тәжірибелі  дәрігер:

– Бөкей хандығының тарихы бай, шежірелі өлке екендігі белгілі. Бөкей бабамыздың Ресей иелігіне кетіп қала жаздаған атақонысымызды қазақтардың еншісіне алып берген еңбегін ескере отырып, келесі жылы тарихи өңірдің 220 жылдық мейрейтойы ескерусіз қалмайды деп ойлаймын. Бұл жерде алғашқы аурухана мен мектеп, басқа да көптеген нысан ең бірінші болып ашылса, елдігімізді, жерімізді қорғаған Исатай, Махамбет батырларымыз, Кеңес Одағының төрт бірдей Батыры, атақты мәдениет, әдебиет, өнер, мемлекет, қоғам қайраткерлері дүниеге келіп, еліміздің өркендеуіне атсалысқан. Үлкен мәдени мұрамыз – аспан астындағы мұражай атауына татитын Хан ордасы ауылымыз бар. Қазақтағы соңғы хан болған Жәңгір бабамыздың салдырған Хан сарайы – Қазақстандағы сақталған бірден бір ханның ордасы. Жәңгір ханның өз қаражатына ашқан тұңғыш мектептің де келесі жылы 180 жылдығы. Бұл мектептен талай дарын түлеп ұшты. Олардың ішінде академиктеріміз, халық әртістері де бар, білім беру, денсаулық сақтау саласының үздіктері де бар. Міне, осындай тұлғаларымен, республика көлемінде маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерімен құнды Бөкей хандығы мен Жәңгір хан мектебінің мерейтойы ескерусіз қалмай, кең көлемде атап өтіледі деген сеніміміз мол.

Сергей ВЯЛЫХ,

Хан  ордасы  ауылының  тұрғыны, жеке  кәсіпкер:

– Келесі жылы ауданымызда екі үлкен мерейтой,  бірі – Бөкей ордасының 220 жылдығы, ал екіншісі Жәңгір мектебінің 180 жылдығы. Әрине, Қазақстан тарихында Бөкей хандығының орны ерекше, ол баршаға мәлім. Соның ішінде Жәңгір мектебінің маңызын біз әлі де қазақстандықтарға жеткізе алмай келеміз бе, әлде «жоғарыдағылар» ескермей келе ме, кім білген? Мектеп оқулықтарында алғашқы мектепті Ы.Алтынсарин ашты деген ұғым әлі де айтылып, оқытылып келеді. Шындығына келгенде, Бөкей ордасында 1841 жылы тұңғыш орыс-қазақ мектебі ашылғанда, Ыбырай атамыз  өмірге енді келіп жатқан екен. Осыны біз республика көлемінде дәлелдеп, барлық қазақстандық болып тойласақ, нұр үстіне нұр болар еді. Және де осы екі мерейтой аясында бүкіл Қазақстанға аты танымал музейіміздің ауласына Бөкейдің, ал, тұңғыш мектебіміздің ауласына Жәңгір ханның ескерткіштері орнатылса деген көптің көңілінде жүрген тілегіміз бар.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале