Бүгін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде әскери қайраткер, генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Тұңғыш қазақ кеңес генералы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Шараны облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева кіріспе сөзбен ашты. Бұдан соң ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев, Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылындағы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанарбек Қауыс, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың әскери кафедра оқытушысы Қанат Нәсіпқали, Ш.Жексенбаевтің немересі Ермек Айталиев сөз сөйледі.
Олар өз Отанын жан-тәнімен сүйген, адамшылықтың асқар шыңына жеткен, аутоматты қару мен моторлы соғыстың заманында фашист басқыншыларына қарсы күреске аттанып, есімі тарихта қалған тұңғыш қазақ кеңес генералы, ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтады.
Шарада, сондай-ақ Шәкір Жексенбаевтің шөбересі, энергетика мамандығының студенті Ислам Ермеков 1961 жылы «Балдырған» журналында жарық көрген Қадыр Мырзалиевтің «Шәкір Жексенбаев» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Одан әрі шараға қатысушыларды әскери қайраткер, генерал-майор Шәкір Жексенбаевтің туғанына 120 жыл толуына орай жасақталған "Тұңғыш қазақ кеңес генералы" атты көрмесімен облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Сәндібек Мадияр таныстырып, әскери-химик маман туралы бірқатар деректерді баян етті.
Жиын соңында №5517 әскери бөлімнің оркестрі тұңғыш қазақ кеңес генералының құрметіне арнап әскери марш орындады.
Нұрымбек Өтей,
zhaikpress.kz