Табыс-кірісі аз және тапқан-таянғанының біраз бөлігін коммуналдық төлемдерге жұмсайтын отбасылар тұрғын үй көмегін алуға құқылы.
Тұрғын үй көмегі – аз қамтылған отбасыларға тұрғын үйді ұстауға кеткен шығындар арасындағы айырмашылықты өтеу үшін берілетін төлем. Ең бастысы, төлем алушының Қазақстан аумағында бір ғана баспанасы болуы керек немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы болуы тиіс. Бұл төлем кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүлікті күтіп-ұстауға, күрделі жөндеуге кеткен коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған байланыс қызметін тұтынуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін беріледі. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған баспананы пайдаланғанда кеткен шығындар да өтеледі. Көмек есебінде қаражат тоқсан сайын төленеді. Оның шекті деңгейін жергілікті қалалық және аудандық мәслихаттар ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңында белгіленген тәртіппен белгілейді.
– Тұрғын үй көмегін есептеу үшін азаматтардың тұрып жатқан үй аумағының әлеуметтік нормасы есептеледі. Яғни бір адамға пайдалы алаңның аумағы 15-18 шаршы метр мөлшерінде бекітіледі. Бұл төлем тұрғынның өтініш берген айдың алдыңғы тоқсанындағы коммуналдық қызметтердің түбіртек-шоттары және отбасына кіретін табыстың 5 пайызының айырмасы ретінде белгіленеді. Мысалы, тұрғын аталған көмекті алуға қараша айында өтініш берді делік. Онда ол шілде, тамыз, қыркүйек айларындағы отбасылық кірісін және коммуналдық шығындарының түбіртек-шоттарын тапсырады. Ең алдымен отбасының кірісі есептеледі. Мәселен, отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 12 мың теңгені (табыстың 5%-дан астамын) құрайды делік. Мұндай жағдайда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар. 12 мың теңге – 5 мың теңге = 7 мың теңге. Бұл – бір айға берілетін тұрғын үй көмегінің мөлшері, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек бөлімінің бас маманы Ерлан Төлешев (суретте).
Бас маманның айтуынша, бүгінде бұл көмекті алатындардың саны азайып келеді. Мәселен, 2023 жылға дейін тұрғын үйдің пайдалы аумағы 64 шаршы метрден аспау керек болған. Мысалы, зейнеткерге аумағы 50 шаршы метр екі бөлмелі пәтеріне тұрғын үй көмегін төлеу үшін осы аумағы толықтай есептелген. Ал қазір баспананың пайдалы аумағы әр адамға 15-18 шаршы метр болып бекітілген. Бұл – аталған көмектің мөлшерін де төмендетті деген сөз. Сонымен бірге көмек алатындардың да азаюына ықпал еткен. Төлем жасаған түбіртектерін жинамай, жоғалтып алатындар да бұл көмектен жиі қол үзіп қалады.
Ерлан Төлешевтің айтуынша, табыс-кірісі аз отбасылар бұл көмекті көбінесе қыс мезгілінде алады. Былтыр облыста 701 отбасыға 18,3 млн теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілген. Ал 2023 жылы 982 отбасыға 25,9 млн теңге берілген.
Осы ретте айта кету керек, былтыр күзде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын батысқазақ-стандықтарға тауарлық газ жеңілдікпен проактивті түрде (1414-тен SMS-хабарлама арқылы) беріле бастады. Ваучер түріндегі жеңілдік пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Жалпы, коммуналдық қызметтердің тарифтері көтерілсе, тұрғын үй көмегінің мөлшері де ұлғаяды. Яғни табыс-кірісі аз азаматтардың шығындары артпайды.
Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимованың айтуынша, ауданда 2024 жылы 19 отбасыға тұрғын үй көмегі берілген. Оларға 616 мың теңге төленіпті. Ал 2023 жылы 25 отбасы (1 млн 20 мың теңге), 2022 жылы 18 отбасы (516 мың теңге) көмек алған. Одан бұрынғы жылдары бұл көмек 117, 172 отбасыға берілген. Алайда бүгінде тұрғын үй көмегін алатындардың саны азайып келеді.
– 2021 жылы тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына және ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына өзгеріс енгізілді. Онда «тұрғын үй көмегі табыс-кірісі аз отбасыларға беріледі» деп анық жазылған. ҚР Әлеуметтік кодексі 1-бабының 132-тармағына сәйкес, «табысы аз адамдар (отбасылар) – бір ай-да жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар». Биыл облыста бірінші тоқсан бойынша кедейлік шегі – 33 600 теңге. Орташа табысы осы шектен төмен отбасыларға ғана тұрғын үй көмегі төленеді. Сонымен қатар азаматтың иелігінде бір ғана баспана болуы керек. Мәселен, табыс-кірісі аз отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Алайда осы санатқа жататын азаматтардың көпшілігінің жеке үйі жоқ. Олар пәтер жалдайды әлде туыстарының үйінде тұрады. Баспананың болмауы мемлекеттің беріп отырған көмегін алуға негізгі кедергі болып отыр. Меніңше, бұл олардың құқығын шектейді деп ойлаймын. Яғни тұрғын үй көмегін қажет ететіндер бұл көмекті ала алмай отыр, – деді Ольга Махметқызы (суретте).
Орал қалалық мәслихатының 2024 жылғы 28 ақпандағы №9-11 шешімімен бекітілген «Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы» қағидасы бар. Соның негізінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тұрғын үй көмегі мемлекеттік қызметі көрсетіледі. Тұрғын үй көмегіне жалғыз тұрғынжайы бар, сонда тұрақты тұратын аз қамтылған отбасылар құжат тапсыра алады. «Алайда қазіргі таңда бұл көмекті алушылардың саны азайды. Себебі жаңа шешім күшіне енгенге дейін тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде өтініш иелері баспаналарының толық шаршы метрі есептеліп келді. 2024 жылы 28 ақпаннан бастап, заңнамаға сәйкес бір адамға пайдалы алаңның аумағы 18 шаршы метр мөлшерінде бекітілді. Осы кезде тұрғын үй көмегін алушылардың саны кеміп кетті. Былтыр Орал қаласы бойынша 373 отба-
сыға жалпы сомасы 7 млн 100 мың теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалды», – деді Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тұрғын үй көмегі секторының бас
маманы Индира Өтегенова (суретте).
Мемлекеттік қызметтер 8 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Тұрғын үй көмегі азаматтардың екінші деңгейлі банктерде ашқан шоттарына жіберіледі. Қосымша ақпарат алу үшін аудандық немесе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жолығуға болады.
Тұрғын үй көмегін белгілеу кезінде отбасының қандай табысы ескеріледі?
Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстанда және шетелде алынған барлық кірісі ескеріледі:
1) жалақы, әлеуметтік төлемдер түрінде алынған кірістер;
2) Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы кодексінде көрсетілген балаларға және адамдарға алимент түріндегі;
3) жеке, қосалқы шаруашылықтардан түсетін кірістер (үй шаруашылығы, оның ішінде мал мен құс ұстау, бау-бақша өсіру);
4) кәсіпкерлік қызметтен алынған;
5) жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын жалға беру мен сатудан түскен;
6) бағалы қағаздардан түсетін;
7) қайырымдылық түрінде алынған кірістер (жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын және басқа мүлікті мұраға алу);
8) тегін алынған ақша түріндегі табыс;
9) ақшалай салымдар мен салымдар бойынша сыйақы (процент) түріндегі кірістер;
10) түрлі жарыс-фестивальдардағы, лотереялардағы, ұтыс ойындардағы, оның ішінде депозиттер мен қарыздық бағалы қағаздардағы заттай ұтыстар және ақшалай кірістер. Отбасы мүшелерінің кірістері тоқсанның алдындағы тоқсанға жазылады.
Онлайн тұрғын үй көмегін https://egov.kz/ порталы арқылы алуға болады
1) Көрсетілетін қызметті алушы ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат түрінде сұрау салады.
2) Отбасы табысын растайтын құжаттардың;
3) Жұмыс орнынан алынған анықтаманың немесе жұмыссыз ретінде тіркеу туралы куәліктің;
4) Балалар мен асырауындағы басқа адамдарға алименттер туралы мәліметтердің;
5) Банк шотының;
6) Тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот-фактураның;
7) Коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттың;
8) Телекоммуникация қызметтері үшін шот-фактураның немесе телекоммуникация қызметтерін көрсетуге арналған шарттың;
9) Жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорында жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот-фактураның электронды көшірмесі қажет.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ филиалдарында (ХҚКО) тұрғын үй көмегі беріледі
Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама алу үшін ХҚКО-ға барып, құжаттар тапсырады.
1) Өтініш;
2) Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
3) Отбасы табысын растайтын құжаттар;
4) Жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;
5) Балалар мен асырауындағы басқа адамдарға алименттер туралы ақпарат;
6) Банк шоты;
7) Тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
8) Коммуналдық төлемдер;
9) Телекоммуникация қызметтері туралы түбіртек немесе телекоммуникация қызметтерін көрсетуге арналған келісім көшірмесі;
10) Жергілікті атқарушы орган ұсынған жеке тұрғын үй қорында жалдаған баспананы пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
Ясипа Рабаева
"Орал өңірі"