13.07.2022, 15:45
Оқылды: 39

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар көбеймек

Облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы онлайн, офлайн сипатта өтті. Оны облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов жүргізіп отырды.  

690b6683-2a30-4d85-90e6-2a6ca4b30a4e

Күн тәртібіне облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 7 желтоқсандағы №21-8 шешімімен бекітілген «БҚО бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізу туралы» мәселе шығарылды. «Өткен жылы  Экологиялық кодекс қабылданды. Салық кодексіне 32 өзгеріс енгізілді. Соған байланысты аталмыш құжатқа өзгерістер енгізуді ұсынып отырмыз. Мысалға, Салық кодексінің бұрынғы редакциясында күкірт тотықтары деген сөз тіркесі күкірт оксидтері болып өзгертілген. Өзгерістер осындай бағытта болады. Бірақ эмиссиялар үшін төлемақы мөлшерлемелері бұрынғы қалпында қалады",  –  деп түсіндірді баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Б. Хайруллин. Кеңес мүшелері бұл мәселені мақұлдады.

58949e9c-94c3-4fdb-b58a-0ed75dc88731

Өңір аумағында жаппай демалуға, балық аулауға және шаруашылық қызметтер жүргізуге арналған 200 жуық өзен-көл, 40-қа жуық су қоймасы бар. Соңғы 10 жылда облысымызда 301 адам, соның ішінде  69 бала суға кеткен. Осы қайғылы оқиғаларды сараптау қорытындысы адамдардың суға кетуінің 16%-ының рұқсат етілмеген орындарда шомылудың кесірінен орын алғанын көрсетті. Су кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес облыстағы су айдындардарында тұрғындардың жаппай демалуына және туризм мен спортқа арналған орындарды анықтау мақсатында  облыс әкімдігінің «Батыс Қазақстан облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» 2018 жылғы 14 ақпандағы №22 қаулысы қабылданды.  Қоғамдық кеңес қарауына Орал қаласы және аудан әкімдіктерінің ұсыныстарына сәйкес аталған қаулыға өзгеріс енгізілу мәселесі ұсынылды.

– Жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындар аудан әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде анықталып, құзыретті  құрылымдармен келісіледі. Алдағы уақытта осы орындар кәсіпкерлерге бекітіліп,  туризмді дамытуға жол ашады. Ондай орындар саны облыста  73,  –  деді кеңес отырысында облыстық табиғи ресурастар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллин. Кеңес мүшелері баяндамашыға Оралда демалуға арналған орындар көптігін, кейбір ауданда ондай орын саны неге шектеулі деген сұрақ қойды. Б.Хайруллин ондай жерлерді аудандардың әкімдіктері анықтап, ұсынатынын айтты. Сондай-ақ, кеңес мүшелері Шалқар көлінің жағасының және су айдындарының жағалауларының тазалығы сын көтермейтінін тілге тиек етті. «Өзен-көлдердің жағалауының тазалығына жергілікті әкімдіктер жауапты», – деді басқарма өкілі.

Басқосуда облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы облыстық мәслихат шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе қаралды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиевтің баяндауынша, «Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы» Министрліктің жалпы ережесіне былтыр бірқатар өзгеріс енгізілді.

«Тұрғын үй сертификатының мөлшері мен оларды алушылар санатына келесідей өзгерістер енгізілді. Сертификат қаржысының мөлшері 1,5 миллион теңге мөлшерінен бастапқы жарна сомасының 90% мөлшерінде, бірақ 1,5 миллион теңгеден аспайтын мөлшерге өзгертілді. Алушының есепшотында  қаражаты болған жағдайда, тұрғын үй сертификаты сомасының мөлшері бастапқы жарна шамасы мен жинақталған қаражат арасындағы айырма ретінде айқындалды, бірақ 1,5 миллион теңгеден аспауы тиіс. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі жетім балалар, зейнеткерлер, І, ІІ топтардағы мүгедектер санаттарымен толықтырылды,  – деді М. Нұртазиев. Кеңес мүшелері нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбат екенін ескеріп, сертификат сомасын 1,5 млн теңге мөлшерінен көбейту мүмкіндігін сұрады. Баяндамашы сертификат шамасының еліміз бойынша шекті көлемі бірдей екенін айтты.

Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 18 наурыздағы шешімімен «Батыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумағын абаттандыру қағидалары» бекітілді.

Қоғамдық кеңесте аталмыш қағидаларға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ жиында облыс бойынша үй жануарларын ұстау мен серуендетудің, сондай-ақ жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары туралы екі мәселе талқыланды. «Былтырғы жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданып, биылғы наурызда күшіне енді. Геология, Экология және Табиғи ресурстар министрліктер ержелер, қағидалар жасақтады. Соның бірі – үй жануарларын ұстау, серуендету қағидалары. Сіздер орысша және қазақша мәтіндерде айырмашылықтар барын айттыңыздар.

Ескертулеріңізді ұсыныстарыңызбен хаттама жасап, министрлікке жолдай аламыз, біз оны өзгерте алмаймыз», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.

«Иттер де тіршілік етуге жаралған. Оларды кастрациялау, емдеу құтырудан сақтай алмайды. Баланы қауып алған төртаяқтыларды жоюға бола ма?» – деп сұрады кеңес мүшесі Әлия Сәлиева.

«Арнайы орынға әкелінген иттер 10 күн бағылады. Осы уақыт ішінде құтыру ауруы байқалмаса, онда төбеттің дені сау болғаны. Егер бұралқылар адамдарға қауіпті болса, онда оны жою керек»,  – деп түсіндірді баяндамашы.

Өңірде 2019 жылы иттерді кастрациялау, стерилизациялау, 2020 жылы чип орнату жобалары іске асырылды. «Жобалардың нәтижелеріне сараптама жүргіземіз. Жағдай түзелді деу қиын. Өйткені ит асырайтын тұрғындардың жауапкершілігі төмен. Жазда саяжайшылар саяжайларға бір-екі ит-күшіктен алып барады. Өнім жинап алған соң, иттерді тағдыр талқысына қалдырып кетеді. Сондықтан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды», - деді С. Нұрмағанбетов. Басқосуға қатысқан заңгер Дина Кеңес  үй жануарлары иелерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру жайындағы ой-пікірімен бөлісті.

Жиында «БҚО бойынша 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын іске асырудың» әлеуметтік жобасы қаралып, мақұлданды. Қоғамдық кеңес күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале