2.03.2017, 10:49
Оқылды: 46

Тұрғын үй шаруашылығының жағдайы көңіл көншітпейді

Бұл мәселелер Қазақстан Коммунистік Халық партиясының облыстық бөлімшесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту: Проблемасы мен оны шешу жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде талқыланды.


Қазақстан Коммунистік Халық партиясы облыстық бөлімшесінің бірінші хатшысы Сүйінғали Жарылғасымовтың айтуынша, еліміздегі тұрғын үй шаруашылығының жағдайы адам аяғандай. Жылу мен су құбырлары және жарық желілері әбден тозған, бұлар әлсін-әлсін жөндеу жұмысын жүргізудің арқасында ғана жұмыс істеп тұр. Тарифтер жыл сайын өсуде, бірақ, коммуналдық қызмет ақысын есептеудің нақты тетіктері әлі күнге дейін жасақталмаған. Сондай-ақ жұмыс істейтін ресурстық үнемдеуді ынталандыратын механизм әлі құрылған жоқ.

Оның сөзін жалғастырған ҚКХП облыстық филиалының үшінші хатшысы Ниязбек Есеналиев бұл тығырықтан шығудың амалдарын айтты.

- Тұрғын үй шаруашылығының жағдайын жақсарту үшін біз, ҚКХП облыстық филиалы мына төмендегідей ұсыныстар жасаймыз. Біріншіден, ауыз су және жылумен жабдықтау сапасының стандарттарын қайта қарау және тұрғын үй қызметінің сапасын бақылау үшін қоғамдық кеңес құру керек. Екіншіден, тарифтерді өзгертер алдында көпшілікті осы үдеріспен таныстырып, ақпараттандыру үшін қалалық интернет-портал мен әлеуметтік желілерді пайдалану қажет. Үшіншіден, тұрғын үй шаруашылығын сапалы басқара алатын кәсіби мамандар, мысалы, «Тұрғын үй бақылау менеджері» секілді мамандарды даярлау қажет. Бұған өңіріміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерді тарту керек. Төртіншіден, подъезд бойынша жауапты болуға келіскен азаматтарды ынталандыру үшін оларды ай сайын пәтерлеріне төленетін төлемақының 50 пайызынан босату керек. Біздің бұл ұсыныстарымыз тұрғын үй шаруашылығының жағдайын жақсартып, осы саланың түйінді мәселелерін шешеді деп сенеміз, -деді Ниязбек Есеналиев.

Бұдан кейін сөз алған облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Рүстем Алдоңғаров тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

-2016-2017 жылдардағы жылыту мусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге барлығы 6,9 млрд. теңге бағытталды. 2016-2017 жылғы жылыту маусымына дайындық кезінде республикалық бюджеттен және коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 12,5 км жылу, 18,9 км сумен жабдықтау, 18,9 км кәріз, 666 км электр (0,4кВ) желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Оның сөзінше, 2017 жылға республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 717,5 млн. теңге бөлінген. Бөлінген қаражат есебінен 78 ауылдық елді-мекеннің 129 мың адамды қамту арқылы 5 топтық және 47 оқшау су құбырларын субсидиялау көзделуде.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале