9.03.2021, 9:28
Оқылды: 17

Тұрғындар сауалына жарытып жауап бермегені несі?

Орал қаласындағы «Жаңа орда» шағынауданында бой түзеген бойжеткендей көз тартатын әсем зәулім үйлер салынуда. Алайда осы шағынауданның кейбір тұрғындары әттеген-ай дегізер мәселе бар екенін алға тартып отыр.

 үй

Облыстық «Орал өңірі» газетіне «Жаңа орда» шағынауданы тұрғындарының атынан хат келіп түскен еді. Хаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Біздің шағынаудандағы 2, 3-үйлердің аралығындағы ұзын көшенің жолына бір ғана көлік сыяды. Ені тар болғандықтан, екі көлік қатар жүре алмайды. Көліктің жолы осындай болса, жаяу жүргіншілерге арналған жол мүлдем жоқ. Себебі жаяу жүргіншілерге күртік қарда, жер лайcаңда осы көлік жолымен жүруден басқа амал жоқ. Балаларды балабақшаға апарғанда, мектепке баратын оқушыларға, жалпы тұрғындарға қиын. Бұл жол әрі көлікке, әрі жаяу жүргіншіге арналған ба?» делінген. Сондай-ақ хатта  көлік жолының сапасына көңілдері толмайтынын да атап өткен. Біз айтылған көшеге барғанымызда, тұрғындардың жол жиегін жағалап жүргеніне куә болдық. Кейін Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиевке тұрғындардың сауалын жолдадық. Біздің хатымызға бөлім басшысының орынбасары А.Даубевтан төмендегіше жауап келді: «2005  жылдан бастап 2020 жылға дейін «Жаңа орда» шағынауданының  ауданаралық және ауданында орналасқан көше жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Алайда 2020 жылы қаламыздың көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарынан үнемделген қаражат есебінен «Жаңа орда» шағынауданының кіреберіс және ауданішілік жолдары жөнделген болатын. 2021 жылы Орал қаласының көше жолдарын жөндеу жұмыстары аясында «Жаңа орда» 12, 13, 14-үйлердің және №5 қалалық емхананың кіреберіс жолдарын жөндеу жоспарланған болатын». Байқағанымыздай, тұрғындардың сауалына дөп келетін жауап жоқ. Тротуар туралы сөз қозғалмаған.

Қаланың бұл бөлігі өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленеді. Жаңа үйлер, әдемі ғимараттар көп. Десе де, тұрғындар айтқандай, адам баласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, жаяу жүргінші жолдары керек емес пе?!

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале