31.03.2024, 9:30
Оқылды: 93

Тұрғындар шығынның өтелгенін қалайды 

Кеше өңірге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нартай Сәрсенғалиев пен Сергей Пономарев жұмыс сапарымен келді.

Су Теректі 2024

Көктемгі ауа-райының күрт құбылуына байланысты өңірдің кейбір аудандарында үйлерді су басып қалды. Соған сәйкес Орал қаласы мен Қаратөбе, Теректі, Сырым және Бөрлі аудандарында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Облыс бойынша аталған 4 ауданмен қоса Жәнібек, Казталов, Шыңғырлау және Ақжайық аудандарындағы 17 автожолдың 8 учаскесінде су шаю және 37 учаскесінде су басу деректері тіркелген. Сонымен қатар жалпы өңірдегі аудандар бойынша 1065 адам эвакуацияланған болса, соның 301-і балалар екен. Бұл жөнінде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ғимаратында өткен облыстық жедел штабтың жиынында айтылды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нартай Аралбайұлы мен Сергей Михайлович, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алдымен аталған облыстық жедел штабтың жиынына қатысты.

IMG-20240330-WA0004

Әрі қарай депутаттар Теректі ауданындағы Аңқаты ауылдық округіне барып, ондағы жағдайға куә болып, тұрғындармен кездесіп қайтты. Олар су басқан үйлерге арнайы қайықпен барып, жағдайды көріп-білді. Ауыл адамдарының айтуынша, бірнеше үйді су басып кеткен. Үш күннен бері эвакуациялық орталықта жатқан тұрғындарды сөзге тарттық.

IMG-20240330-WA0010

– Айдың 27-сі күні таңғы уақытта ауыл етегіндегі шаңырақтың біршамасын су басты. Сол күні таңғы сағат 5-6-лар шамасында есіктен кірген су көзді ашып-жұмғанша төрден бір-ақ шықты. Содан не істерімізді білмей қалдық. Әрине, күтпеген әрі қиын жағдай. Үйде қолымызға іліккен құжаттарымыз бен киімдерімізді алып үлгердік. Мал-түлігіміз бен бар мүлігіміздің қалғаны суға кетті. Алдағы уақытта кеткен шығындарымыз толық өтелсе екен деп тілейміз, – деді ауыл тұрғыны Мәншүк Есқалиева.

IMG-20240331-WA0009

Эвакуациялық орталыққа орналастырылған үлкендер жағы көршілес ауылдың азаматтары мен өз ауылдарының жастарына, сондай-ақ жан-жақтан көмек көрсетуге келген еріктілерге де риза. Депутат Нартай Аралбайұлы аудан әкімі Әлия Мұханбетжановаға эвакуациялық пункттегі, яғни мектеп интернатындағы адамдардың жататын орындарын мүмкіндігінше қолайлы ету қажет деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ ол жағдайға байланысты арнайы құрылып жатқан комиссияның аралық жұмыс жүргізіп, шығынды қалыпқа келтіру мүмкіндігін осы кезден тиісті хаттама арқылы түртіп-бекітіп алуы керектігін атап өтті.

IMG-20240330-WA0002

– Расымен де жалпы облыстағы жағдай күрделі. Апат айтып келмейді, бірақ қайтып келуі мүмкін екенін ескерген жөн. Суға кеткен үйлерді барып көріп келдік және ондағы судың биіктігі 1 метрден жоғары болғанын аңғардық. Осы ретте бұл үйлердің іші толық кепкен күннің өзінде тұруға жарамды болады деп айту қиын. Өйткені ондағы гипсокартонның су тасқыны жағдайынан кейінгі қалпы адамның денсаулығына да зиян болуы мүмкін. Сонымен қатар суға кеткен қаншама тұрмыстық техникалардың да өтемақысы төленуі керек деп есептеймін, – деді Нартай Аралбайұлы.

Аманжол Исламғали, 

 zhaikpress.kz

Құрметті батысқазақстандықтар!

стикер фонд қаз

Өңіріміздің бірнеше ауданында су тасқыны болып, бірқатар ауылдағы ағайын баспанасыз қалды.

Табиғи апаттың салдарынан қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге ерікті түрде қолдау білдіремін деген өңір тұрғындары төменде көрсетілген «Ақжайық» жеке қоры арқылы қаражат жолдай алатынын еске саламыз!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале