Батыс Қазақстан облысы жедел штабының шешімімен қала тұрғындарына карантин кезінде орындалуы тиіс тәртіп пен нұқсаулықтардан толық ақпарат беретін www.stopcovid.kz веб-сайты іске қосылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте қала әкімі Абат Шыныбеков айтты.
- Бұл бірыңғай электронды база арқылы қызмет аясы шектелген кәсіпорындардың өтініштері тіркеліп, жұмыс істеуге рұқсат ала алады және қажетті мәліметтер базасы блокбекеттерге беріледі. Бұл сайтты іске қосу арқылы біз көптеген кәсіпорындардың өз таныстары мен туыстарына анықтама алып беру сияқты заңсыздықтарына тосқауыл қоя алдық.
Stopcovid.kz сайтына 8 сәуірден бүгінгі күнге дейін 7 338 ұйым мен кәсіпорыннан сұраныс келіп түсті. Солардың ішінде 1 732 өтініш мақұлданды, 3 647 өтініш қарастырылып жатыр. 1 959 өтініштен бас тартылды. Бұл өтініштер салалық басқармалар арқылы жіті зерделеніп, қорытындылар берілуде, - деді Абат Абайұлы.
Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №5-ПГВр қаулысына сәйкес, қала аумағындағы кіреберістерінде 9 блокпост орнатылды. Олардан өту ережесі, тәртібі, мерзімі жасақталып, жұмысы соған сәйкес жүргізілуде.
"КВИ алдын алу шаралары бойынша блокбекеттерде ауысым бойынша жұмыс істеп жатқан полиция, СЭС қызметкерлерінің жұмысы оңай емес, сондықтан лайықты бағалай білейік", - деп атап өтті қала әкімі.
Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан блокпостардан өтуге рұқсат берілген 2114 тізім алынып, қала аумағындағы 9 блокпостқа берілді. Қала маңында тұратын тұрғындар жұмыс орнынан берілген анықтамаға сәйкес блокпосттардан өтеді.
Орал қаласы аумағынан транзиттік-жүк көліктерінің өтуі БҚО полиция департаментінің жол полициясы патрулінің бақылауымен жүргізіледі.
Қала аумағындағы 9 блокпосттан 300 метр қашықтықта барлық транзиттік жүк көліктерін колоннаға жинақтап, жол полициясы патрулінің 2 автокөлігі бір блокпосттан екінші блокпостқа тоқтаусыз өткізеді.
Ағымдағы жылдың 8 сәуірінен бастап, қаладағы күшейтілген карантин режимінің тәртібін сақтау мақсатында жеке тұрғындар көліктерінің қала ішіндегі (сағат 21:00-ден 6:00-ге дейін) қозғалысына шектеу қойылды.
zhaikpress.kz