«Түрікшілдік» дегеніміз ХІХ ғасырдың соңына қарай пайда болған түркі халықтарын бірлікке, өзара ынтымақтастыққа үндейтін қоғамдық-саяси ұйымның атауы.
Сол түрікшілдік идеясының басында тұрған қайраткерлердің бірі, ресейлік қырым татары ұлтының өкілі И. Гаспаралы болса, Түркияда түрікшілдікті насихаттауда Ю. Акчурин белсенділік танытады.
Әсіресе ХХ ғасырдың басында Ресей империясының қол астында отарлық езгінің тауқыметін тартқан түркі халықтарының азаттық қозғалысының өрбуіне түрікшілдік елеулі дәрежеде ықпал етеді.
1905 жылғы бірінші орыс төңкерісі кезінде негізінен түркі халықтарының өкілдері қатысқан бүкілресейлік мұсылман сиезі үш рет өткізіліп, түркі халықтарының мүддесін қорғау мақсатында «Ресей мұсылмандары одағы» атты партия құрылады.
Алайда Кеңестік билік тұсында түрікшілдік «жат ағым» ретінде бағаланып, оған қатысы бар деген азаматтар ашық қуғындала бастайды. Солардың қатарында белгілі түркістандық қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай шетелге қоныс аударса, белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов «түрікшіл», «пантюркист» деп айыпталып, тұтқындалғаны белгілі.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz