8.04.2025, 11:00
Оқылды: 116

Туризм – тиімді инвестиция

 

Дүниежүзілік экономикалық форумның саяхат пен туризмді дамыту индексінде Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 ел арасынан 52-орынды иеленді. Бұған дейінгі индексте біздің ел 66-орынға орналасқан. Бұл – туризм саласының дамығанының, елге келетін меймандардың көбейгенінің көрсеткіші. Оны ресми деректер де растап отыр. ҚР Туризм және спорт министрлігінің телеграм арнасында жарияланған  «Қазақстандағы туризм саласы: динамика, инвестиция және Neo Nomad Visa» атты жазбада  2024 жылы Қазақстанға 15,3 млн шетелдік турист келгені айтылды. Олардың 10,4 миллионы елімізде бір күннен көп уақыт өткізген. Сол жазбада шетелдік меймандардың елімізде жоқ дегенде 4 күн болғаны да сөз болды. Олардың еліміздегі орташа шығыны 1500 АҚШ долларын құраған. Ал былтыр шетелдік туристер Қазақстанда 1,2 трлн теңгеден астам қаражат жаратқан.

view of a mountain lake surrounded by forest. Kolsay Lakes National Park, Kazakhstan

Сурет: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде туризм экономиканың өсуіне серпін беретін сала болуға тиіс екенін мәлімдеді. Сол себепті әр өңірдегі көрікті жерлердің туристік тартымдылығын арттыру үшін жеке инвесторларды тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажеттігін тапсырды.

Қазірдің өзінде ол тапсырма біртіндеп орындалып келеді. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 947,5 млрд теңгені құрады. 2019-2024 жылдар аралығында 550 млрд теңгеге 605 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылы 87 инвестициялық жоба сәтті  аяқталды.

Туризм саласын дамыту мақсатында 2025-2029 жылдар аралығында

* Щучье-Бурабай курорттық  өңірі

* Маңғыстау курорттық  өңірі

* Алматы тау кластері сияқты үш негізгі туристік аймақты дамыту жоспарланған.

2024-2027 жылдары қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгеден асатын 181 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Туризм саласындағы жұмыс орны санын 800 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Кейінгі жылдары ішкі туризм ілгері басты. Құзыретті министрлік ішкі туристер санын 11 миллион адамға жеткізуге құлықты. Сондай-ақ барлық қонақүйді «eQonaq» ақпараттық жүйесіне енгізбек. Ал негізгі мақсат – дүниежүзілік экономикалық форумның саяхат пен туризмді дамыту индексінде Қазақстанды 50-орынға дейін көтеру.

Жоспар, әрине, тамаша. Бірақ оның орындалуы қалай болады? Туризмді негізгі қаржы көзіне айналдыра алған немесе осы бағыттағы жұмысты бір ізге түсіре білген елдер бізден қай жағынан алда? Келген қонаққа ұмытылмастай әсер сыйлау және қызмет көрсету сапасы туралы саяхатшы, әлемнің біраз елінде болған Елдар Аюповтан (суретте) сұрап білдік. Соңғы бір-екі жыл ішінде 8-9 елді аралап шыққан Елдар турист көп баратын елдер қонақ күту жағынан әлдеқайда алда екенін  жасырмады.

елдар2

– Көп адам үшін жабық ел саналатын Иранның өзі турист қарсылау, оның бабын табу жағынан бізден әлдеқайда ілгері. Мен Иранға Әзірбайжан арқылы бардым. Екі ел арасындағы арнайы шекара бекетінен жаяу өткен кезде мені ирандық шекарашылар сұрақ астына алды. Олар ағылшынша, мен олардың тілін түсінбегендіктен аздаған қ­ыншылық болды. Бірақ мен олардың емес, олар менің ыңғайыма жығылып, арнайы аудармашы тапты. Стандартты сұрақтарын қойды да, кедергісіз кіргізді, – дейді  Елдар.

Өз саяхатын бейнетаспаға түсіріп, оны арнайы хостингке жариялайтын Елдар мешіт ішінде бейнетүсірілім жасау, азаматтардан сұхбат алу үшін арнайы рұқсат керектігін білмеген.

– Мешітті «таспалап» жүргенімде полиция қызметкері келіп, материалды жойғызды да, мұндай түсірілімдер жасау үшін арнайы рұқсат қағазы керек болатынын ескертті. Полицей ешқандай дөрекілік  танытқан жоқ  немесе құқымды бұзатындай әрекет жасамады, – деді саяхатшы.

Елдар біздің елдің жолдары сын көтермейтінін атап өтті.

– Иранның қалааралық жолдары қатты таңғалдырды. Табриз деген қаладан Әбердил деген қалаға барған кезде жол ортасына арнайы кедергі қойылған. Қарсы келетін көліктер бір-бірімен беттеспейтіндей етіп жасалған. Ол қауіпсіз. Ал біздегі жолдардың көбі екі жолақты әрі жыл сайын көліктер көп соқтығысады. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуі туристердің келуіне кедергі болады. Өйткені саяхаттап келген адам өзін көшеде де, жолда да қауіпсіз сезінуі керек, – деген ойын да Елдар жасырмады.

Саяхатшы полиция қызметкерлері де елге келген қонақтардың тілін тауып, меймандардың елден жақсы әсер алып кетуіне мүдделі болуы керек деген ойда. Сол жағынан тәртіп сақшылары, әсіресе жол полиция қызмет-керлері арасында нақты түсінік жұмыстары жүргізілуі керек екенін  де  жасырмайды.

– Грузияда болған кезде екі қала арасында барар жолды таппай, шатысып қалдық. Сол кезде полиция қызметкерлерінен көмек сұрағанымызда олар бізді өз көліктеріне отырғызып, біраз жерге дейін өздері жеткізіп тастады. Инвестиция құйғаны өз алдына, ақшасының желге ұшпауына, үмітінің ақталуы үшін қарапайым тұрғындар да, құқық қорғаушылар да өз септігін тигізуі керек. Елге келген қонақ бізге қайта келетіндей, өзге таныстарына «Қазақ еліне барыңыздар» деп айтатындай әсерде ке­туіне ықпал еткеніміз жөн, – дейді Елдар Аюпов.

Саяхатшының мұндай ой  түюіне солтүстік көршіміз Санкт-Петербург қаласына барғандағы саяхаты түрткі болған. Қала керемет, көрікті жерлері көп, әсіресе біраздың арманы болған «Тур по крышам» атты ерекше саяхат түрі болғанымен, ол жақтың тұрғындары туристерге жылы қабақ таныта  қоймапты. Сондықтан ол енді Санкт-Петербургке бармаймын деген  шешімге  келген.

Ерекшелік пен жеңілдік қажет-ақ

Эйфель мұнарасын көру үшін Парижге, Стоунхенджді көру үшін Ұлыбританияның Солсбери қаласына, пирамидаларды көру үшін Мысыр астанасы Каирға, Ұлы Қытай қорғанын көргісі келгендер көрші елге барады. Түрлі деректерге сенсек, Стоунхенджді көру үшін Солсбериге жылына 1,5 миллион турист келеді екен, Эйфель мұнарасын тамашалау үшін Парижге 7 миллион адам барады. Мысырдағы пирамиданы көру үшін 8-10 миллион турист Каир қаласына сапарлайды. Ал Қытайдағы қорғанға  10 миллиондай адам барады.

Саяхатшы Елдар Грузияға оның табиғаты үшін қайта барғысы келетінін айтады. Оны Кахети аймағындағы Степанцминд атты шағын ауыл таңғалдырған.

– Теңіз деңгейінен 5033 метр биіктіктегі таза ауа, сан түрлі пейзаж мені ол жаққа тартады да тұрады. Аймақтағы ең танымал жерлердің бірі – Қазбек тауы мен қасиетті Троицк шіркеуі. Бұл шіркеу – Грузиядағы ең көп суретке түсірілген орындардың бірі және аймақтың символы екен. Мені сонымен баурап алды. Шағын ауыл болса да, келген қонағын құшақ жая қарсы алады. «Қай жерге тоқтаймын? Ол жердегі қонақүйлер менің талабыма сәйкес келе ме?» деген қорқыныш та болмайды.

Өйткені барлығы әлемдік деңгейде жасалған. Ең бастысы – адамдардың қонаққа деген көзқарасы түзу, – дейді саяхатшы.

Сонымен қатар Боржоми қаласына барып, әлемге әйгілі қайнардан бір жұтым су ішу де көпке арман.

Елдар елге келген кезде «Тағы қай жерге барар едің?» деп сұраған достары мен таныстарына «Грузиядағы Степанцминд қаласына жол тартыңдар» деген кеңес береді. Өзі де тағы баруды жоспарлап отыр.

Міне, турист тартудың, оған жағдай жасаудың қандай әсер беретінін осыдан-ақ көруге болады. Оның үстіне  Степанцминд  қаласына бару да ешқандай қиындық туғызбайды екен. Қаласаң таксимен, қаламасаң аутобоспен жетіп алуыңа болады. Ешқандай кідіріс, аутобос жүрмей қалады деген жоқ.

елдар3

Осы күні көршілес өзбек елі турист тарту жағынан бізден әлдеқайда алға шығып кеткенін де атап өтті. Айтуынша, олай болуының бір себебі туристерге виза жеңілдетілген жолмен береді. Ал қазақ елінен барған азаматтар визасыз кіре алады.

Ал Түркия мен Мысырдың артықшылығы – «inclusive», сондай-ақ визасыз режим.

Саяхатшы кейінгі жылдары елімізде туризм саласы біртіндеп дамып жатқанын да айтты. Әсіресе Түркістан мен Аматы қалалары қыдырып барған азматтарға көп дүние ұсына алады. Осыдан 9-10 жыл бұрынғы Түркістан мен қазіргі Түркістанның айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады ол. Десе де кей өңірлердегі қонақүй тапшылығы, қалааралық аутобостардың жоқтығы, такси қызметінің қымбатшылығы мен жолдардың қауіптілігі саяхаттаушыларға  онша  жақсы  әсер  қалдыра  қоймайтынына  налиды.

Елге келгендер қай бағытты таңдайды?

Қазақстанға келген меймандар негізінен Алматы қаласын таңдайды. Осы күні оңтүстік астана еліміздің негізгі туристік орталығына айналды. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 9 айында қалаға келген туристер саны 14%-ға артып, 1,7 миллион адамға жеткен. Оның ішінде шетелдік туристер саны – 507,5 мың, ал ішкі ту-ристер саны 1,2 миллион адамды құрады.

Туристер легінің өсуі негізгі капиталға салынған инвестицияның артуымен де қатар жүреді. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 110,9 млрд теңгені құрады. Ал шетелдік туристердің шығындары ел ішінде саяхаттайтындардың шығынынан 8,7 есе көп. Бұл шетелдік меймандардың қала экономикасына едәуір өсім әкелетінін көрсетеді. Министрлік есебінде Алматыға негізінен Ресей, Үндістан, Қытай, Түркия және АҚШ елдерінен турист көп келетіні жазылған.

Осы күні оңтүстік астананың туристік әлеуеті халықаралық аренада табысты насихатталып келеді. «CNN Travel» Алматыны әлемдегі ең үздік туристік бағыттардың бірі ретінде атаса, «New York Times» қаланы «баруға тұрарлық 52 орынның» қатарына енгізді. Сондай-ақ «Conde Nast Traveller Italia» Шымбұлақты қысқы  спортпен айналысуға мүмкіндік беретін үздік орындар қатарына қосты.

Шымбұлақ демекші, Алматыға келген туристер арасында  аталған тау-шаңғы курортына деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Шымбұлаққа Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс елдерінің азаматтары қаптайды. Былтыр «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына 1,5 миллион адам келген. Бұл Қазақстандағы курорттық және тау-шаңғы туризміне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

елдар — копия

Түркістан облысы мен көне шаһардың туристік әлеуеті де жаман емес. Былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында Түркістан облысына 235 мың турист келген. Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 5,3 млрд теңгені құрады. Саяхатшы Елдар да соңғы жылдардағы Түркістан қаласы бұрынғыдай емес, қыдырып барған жандар үшін тартымды бола түскенін атап өтті. Олай болуының да орны бар. Өйткені өткен жылы облыстағы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 81,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 45,6%-ға көп. 2025 жылы өңірде 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, бұл шамамен 1130 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы – ішкі туризмнің маңызды бағыттарының бірі. Өңір тарихи-мәдени мұрасы, табиғи ландшафттарымен туристердің қызығушылығын арттыруда.

Одан бөлек Бурабай мен шығыстағы Қатонқарағай, Маңғыстау жағындағы Бозжыра сияқты орындардың танымал бола түскенін көз көріп жүр.

Ел Президенті де туризм саласын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар беріп, туризмнің экономиканың қозғаушы күші болғанын қалайтынын әрдайым айтып отырады. Жуырда өткен Ұлттық құрылтай кеңесінде Президент: «Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп  келуіне септігін тигізеді», – деді.

Жасыратыны жоқ, туризм – ел қазынасын толтырудың тиімді жолдарының бірі. Жоғарыда өзге елдердің тәжірибесін көрген саяхатшының пікірінен елдің оң имиджін қалыптастыруға туризмнің үлкен ықпалы тиетінін білдім. Сондықтан бұл саланың дамуына тек жауапты тұлғалар емес, барша ел-жұрттың мүдделі болғаны абзал.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале