Түркістанда бір жасар сәбиін сатпақ болған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен жас келіншек 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айыпталушы өткен жылы баласын сату кезінде ұсталған болатын.
Қарағанды облысының 27 жастағы тұрғыны өзінің материалдық жағдайын жақсарту үшін бір жасар ұлын сатпақ болған еді.
Ол өзінің бұл ойын Түркістан қаласында нотариус болып жұмыс істейтін таныс әйелге айтқан.
Алайда бұл хабарды нотариустан естіген құзырлы орган өкілдері «сатып алушыны» тауып, күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірген болатын.
Жас келіншек ұлын 7 млн теңгеге бағалаған.
Осы қылмыстық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа байланысты Түркістан қаласы прокуратурасының бастамасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігінің 12-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізілді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында баланың анасының қылмыстық әрекеттері дәлелін тауып, іс сотқа жолданған болатын.
Бүгінде сот үкімі заңды күшіне енді. Ал, бала бөбектер үйіне жіберілген.