23.12.2024, 10:00
Оқылды: 170

Түркияда халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық ережелердің жаңа нұсқасын жариялады

14-15 желтоқсан аралығында Түркияның Стамбул қаласында дзюдо ережелеріне өзгеріс енгізу бойынша техникалық семинар өтті. Толығырақ Olympic.kz материалында.

IMG_5878

Суреттер: Olympic.kz

Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) жаңа олимпиадалық маусымға арналған ережелердің жаңартылған нұсқасын жариялады. Бұл өзгерістер спортшылардың әлеуетін ашып, дзюдоның негізгі құндылықтарын сақтай отырып, оның даму деңгейін жаңа биікке көтеруге арналған.

Техникалық семинардың қорытындысы бойынша «юко» ұпайы, белден төмен ұстау және «аюша» ұстау әдісі қайтарылды.

Дзюдоның жаңа ережелерінің қауіпсіздігі, «юко» ұпайының қайта енгізілуі және басқа да сұрақтарға Қазақстан дзюдо федерациясының төрешілік мәселелер жөніндегі директоры Мұқсым Нұртазин жауап берді.

– Меніңше бұл өте орынды шешім. Өйткені техниканы орындау барысында спортшылар әр қырымен құлауы мүмкін: біреуі жанына қарай құлайды, біреуі арқасына, енді біреуі ішіне қарай құлайды. Осындай жайтта дұрыс есептеу үшін «юко» ұпайын қайта енгізу дұрыс деп санаймын.

Айта кетейік, бұған дейін тек үш негізгі ұпай түрі қолданылып келген еді. Олар: иппон, вазари және шидо.

– Баспен лақтыру және қорғану әдістерінің қайтарылуы балуандардың қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

– Аталмыш ережені қайта қарау қиындық тудырғаны сөзсіз, ұзақ ойланған болар. Алайда бұл техниканы орындауға рұқсат етілгені жөн. Себебі еркін күрес пен грек-рим күресінде мұндай жағдайлар көп кездеседі. Ал дзюдо да керісінше ондай жайттар аздау болады. Дей тұрғанмен, осы сынды ережелерді алып тастай берсе, күрес атаулының мәні кетеді.

– Бұл әдіс не себептен жасөспірімдер арасында тыйым салынған?

– Бұл шешім жасөспірімдердің дене бітімінің толық қалыптаспағанын және үлкен жарақат алу қаупінің барын ескере отырып қабылданды деп ойлаймын. Бұл ереже олардың денсаулығын қорғау мақсатында жасалған болуы керек.

– Белден төмен ұстау шабуылда қандай басымдық береді?

– Бұл шешім орынды. Мысалы, ко учи гари немесе о учи гари сияқты техникаларды орындау кезінде белден жоғары ұстап әдіс жасау қиындау. Сондықтан белден төмен ұстауға тек шабуыл жасау мақсатында ғана рұқсат етілді. Ал қорғаныста белден төмен ұстаған жағдайда шидо беріледі.

– «Аюша» ұстау әдісінің рұқсат етілуі қандай мүмкіндіктер береді?

– Бұл әдісті дұрыс жағынан қолданса, өте тиімді. Дей тұрғанмен, егер спортшы қарсыласын толық арқаға жатқызбай, бір аяқ үстінде, бір аяғы астында болса, бұл есепке алынбайды. Барлығы ережеге сай болуы керек. Кеуде мен кеуде түйісіп, толық арқаға жатқызуы қажет.

– Кері сэой-нагэ әдісінің рұқсат етілуі күрес барысына қалай әсер етеді?

– Бұрын бұл тәсілді алып тастаған еді. Себебі орындау барысында балуандар көбінесе желкесіне құлайтын. Ал қазір тек жасөпірімдерге шектеу қойылды. Техниканың ауырлығына байланысты жас буын жарақат алуы ықтимал. Ересек спортшылар бұл әдісті байыппын, қауіпсіздікті сақтай отырып, орындай алады.

Дегенмен, ережелер қолданысқа енгенде спортшылардың жаңа қағидаларға бейімделуі біраз уақытты алары сөзсіз. Бұл туралы дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов өз пікірін білдірді.

«Ережелер жақсы жаққа өзгерген. Барлық әдіс-тәсілдердің қайта енгізілуін дұрыс деп есептеймін. Дегенмен, юко ұпайы керек емес секілді. Вазари мен иппонның өзі жеткілікті болар деп ойлаймын. Әрине, бастыпқы уақытта жаңа қағидалар спортшыларға қиындық туғызары анық. Дегенмен бапкерлер штабы осы ережелерге сай жаттығу жиындарын өткізеді. Балуандардың бейімделуіне бар күш жігерімізді саламыз», - дейді бас бапкер.

Екі күндік семинар қорытындысы бойынша жоғарыда аталған ережелер 2025 жылдан бастап қолданысқа енеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале