Түркияның бірнеше провинциясын толассыз жауған жаңбыр суы басып қалды. Әзірге белгілі болып отырғаны, салдарынан төрт адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, тағы бірнешеуі із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Фото: pixabay.com
Ақжауын Түркияның ондаған провинциясында жалғасып жат ыр. Анкара мен Ыстанбұлда ескерту жарияланды.
Невшехир, Ақсарай және Кайсери провинцияларында су тасқыны салдарынан үш адам қаза тапты, олардың арасында үш айлық сәби де бар. Қозғалыс жабылған жолдарда көлік ішінде қалып қойған 13 адам құтқарылып, ауруханаға жеткізілді.
Бұдан басқа, Қара теңіз жағалауында орналасқан Ақсарай, Кыркларели және Игнеада қалаларында 5 адам із-түзсіз жоғалып кетті, жергілікті екі тұрғын құтқарылды.
AFAD (ТР Төтенше жағдайлар министрлігі) басшылығының мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде адамдарды құтқару және жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сарапшылардың бағалауынша, нөсер жауын үзіліспен бірнеше күнге созылады.
Су тасқыны салдарынан тұрғын үйлерді су басып, егін алқаптары, көліктер бүлініп, талай жол қирады.