Түркияда жер сілкінісінен 384 сағат өткен соң 90 жастағы кейуана мен оның 70 жастағы ұлы құтқарылды. Бұл туралы Media.Az хабарлады.
Фото: media.az
Түркияның Малатия қаласында табиғи апаттан 384 сағат өткен соң жергілікті құтқарушылар 14 қабатты үйдің 11-қабатында тұратын 70 жастағы Ханифи Акгюн мен оның 90 жастағы анасы Гүллу Акгюнді тірідей тапты.
Олар денсаулығына байланысты пәтерлерінен шыға алмаған. Шешесі мен баласын аудан адамдары жергілікті сенім телефонына хабарласқаннан кейін анықтады. Тиісті құтқару шараларынан кейін олар ауруханаға жатқызылды.
Мамандығы мұғалім болған Х.Акгюннің айтуынша, қиын жағдайға қарамастан, ол осы екі апта ішінде анасының денсаулығын бақылауға тырысқан.
Түркияда 6 ақпанда болған жер сілкінісінен 300 мыңнан астам ғимарат қираған болатын. Нәтижесінде көптеген тұрғын үйінді астында қалып қойды. Құрбандар саны 42 мыңнан асты.
Айта кетейік, осыған дейін 10 күннен соң үйінді астынан тірі шыққан қыздың, қалай аман қалғанын дәрігерлер түсіндіріп берген еді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда адамның өмір сүруіне көптеген фактор әсер етеді. Бірақ ең бастысы, аз да болса қозғалу мүмкіндігі.
"Сусыз адам 8-10 күн өмір сүре алады деген пікір бар. Бұл жерде көп нәрсе шын мәнінде, май тінінің көптігіне байланысты. Майларды бөлу процесі - көп су мен энергияны қамтамасыз етеді. Яғни, адамның майлы тіндері неғұрлым көп болса, соғұрлым оның өмір сүру мүмкіндігі артады", - деген еді дәрігер.